Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?

Screenshot_5.jpg

Ұлықпан – бір үйдің үлкені. Бала күнінен әдебиетке құмартып өсті. Журналист болып, шығармашылық жұмыспен айналысу арманының алауы, жүрегінің қалауы еді.Мектеп қабырғасында жүргенде Созақ аудандық «Молшылық үшін» газеті бетінде мақалалары жиі жарық көріп тұрды. Бірақ әкесі тұңғыш ұлын алысқа жібергісі келмеді. Мектепті бітірген соң әкесі мұны облыс орталығы Шымкентте тұратын Жұмабек Тәшеновке ертіп келді. «Қай оқуды таңдадың?» деді Жұмекең. «Пединституттың қазақ тілі, әдебиеті факультетін...». Сосын әкесіне қарап «Абайды оқыған ба?» деп сұрайды. «Оқыған». «Абайды оқыған болса, онда оқуға түседі» деп бір-ақ кеседі. Шынында Ұлықпан емтиханнан өтіп, жоғарғы оқу орнына түсті. Студент кезінде Жұмекеңнің үйіне жиі барып тұрды. Жұмекең Абайдың өлеңдерін, кейбір дастандарды жатқа соғады екен. Екеуі жиі-жиі әдебиет жайында пікір таластыратын.

Қазақтың біртуар перзенті Жұмабек Тәшенов пен біз әңгіме етіп отырған Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар? Бәшен мен Тәшен ағайынды кісілер. Бұл жөнінде Ұлықпан Бәшенов былай дейді: «Ата-бабамыздың кіндік қаны тамған жері – Арқаның төсі. Ауыл шаруашылық саласында еселі еңбегімемен елдің ықыласына бөленген әкем Оңтүстікке қызмет барысымен келіп, осында қалып қойды. Ленин орденінің иегері. Жұмабек аға 1986 жылы 74 жасында Алматыда қайтыс болды. Жеңгеміз Бәтес о дүниелік болғанына биыл 4 жыл толады. Бізге қалдырған аманаттары бойынша Жұмабек аға мен Бәтес жеңгеміз Шымкент қаласында қатар жерленген».

Жалпы алғанда кез-келген тұлғаның артында іздеушісі, қолдаушысы болмаса халықтың санасынан ақырын өше беретіні ақиқат. Қазір Астана қаласында Жұмабек Тәшеновтің атында үлкен көше бар. Шымкент қаласындағы оның атымен аталатын  көше бойынан ескерткіші тұрғызылып, тұрған үйіне мемориалды тақта орнатылған. Арыс қаласының «Дермене» кеңшарындағы Пушкин орта мектебі бүгінде Жұмекеңнің есімімен аталады. Кеңшардың басшысы болған Бижан Әдіходжаев кезінде Жұмекеңе барып ауылдағы мектептің әбден тозғанын айтып, көмек сұрапты. «Дермене» дәрі-дәрмек шөптерді өңдеумен айналысатындықтан сол тұста Мәскеудегі Одақтың денсаулық сақтау министрлігіне бағынышты болыпты. Содан Жұмекең мәскеудегілерге сөзін өткізіп, қаржы бөлгізіп, нәтижесінде ауылдан 3 қабатты мектеп ғимараты салынады. «Жақсылыққа жақсылық» деген болуы керек, ауыл адамдары жоғарғы жаққа ұсыныс жіберіп, бүгінде бұл еңселі білім ошағы Ж. Тәшенов есімімен аталады.

Тәшеновті тек ізінен ерген інісі Ұлықпан Бәшенов қана емес, әрбір қазақ ұлықтауы, іздеуі тиіс. Мәскеудің айдап салуымен кезінде Тәшеновті қаралап сөйлеген Исмайыл Юсупов кейінірек «Қазақ халқы бір азаматқа қарыздар болса, ол осы Жұмабек Тәшенов болар. Ол ел алдындағы парызы мен қарызын адал атқарған адам. Ол ата-бабадан қалған кең байтақ қазақ жерін жанымен орғап, сол үшін барлық игілігінен айрылған адам» деуі бекер дейсіз бе? Тәшеновтің қазақ халқы үшін сіңірген еңбегін Юсуповтың өзі де осылайша  мойындаған. Басқа-басқа Жұмекеңнің Хрущевтің Қазақстанды бөлшектеу туралы саясатына қарсы шығып, табандап тұрып алғанының өз нағыз ерлік емей, немене? 

Асылдың сынығы Ұлықпан Бәшенов үш жыл комсомол комитетінде жұмыс істеді. Онда  да көптің бірі болмай Келес ауданында комсомол комитетінің бірінші хатшылығы, жастарға  жалынды жетекшілік жасау оған сеніп тапсырылды.  Одан кейін зейнеткерлікке шыққанға дейінгі өмірін білім саласына  арнаған азамат. Қарапайым мұғалімнен мектеп директоры, одан білім бөлімінің меңгерушісі болды. Тіпті қайсыбір жылдары  сол кездегі әкімшілік реформадағы өзгерістерге сәйкес Арыс қаласы әкімінің орынбасары, әрі қалалық білім, мәдениет және денсаулық басқармасының бастығы қызметін абыроймен атқарды. Іскерлігі бағаланған азамат облыстық білім беру департаментінің бастығына дейінгі баспалдақтардан өтті. 

Шымкентте күні кешеге дейін ел аузында «Суворов мектебі» деп аталып келген  республикалық  әскери мектеп-интернат бар. 2000 жылы Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен, Қорғаныс министрлігінің келісімімен мектепке директорлыққа тағайындалған Ұ. Бәшенов мұрағатты ақтарып, еш жерден «бұл мектепке Суворов есімі берілді» деген құжатты кездестіре алмайды. Осы жағдайды пайдаланып  мектепке Орта Азиядан шыққан тұңғыш генерал, Кеңес Одағының батыры Сабыр Рақымовтың есімін беруге бел шешіп кіріседі. Бұл кезде «Сабыр Рақымов өзбек, Өзбекстанның азаматы» деген сан  пікірлер ел ішінде  қайшыласып жатқан болатын. Осындай сын сәтте мектеп-интернатқа Рақымовтың есімін беріп, Қазығұрт топырағынан түлеп ұшқан қыранның қазақ болып тірілуіне үлкен үлес қосты. Қазір интернатта кез-келген жиын батырдың ескерткішінің алдында өтеді. Ескерткішті орнатуға осы мектептің түлегі Абай Садықов «Қаз Транс Газдың» бас директоры қызметін атқарып тұрған тұста қаржылай жағанынан қарасып, игілікті іс жүзеге асқан.  Жас ұландарға батырдың ескерткіші бойларына қайрат, күш беріп, намыстарын жанитыны ақиқат. Оңтүстік Қазақстан облысының орталығындағы «Жеңіс» саябағының жанынан батырдың еңселі ескерткіші бой көтеруіне де көп көмектесті. 

Ерлік – мәңгілік, ерлік жасау үшін қолыңа қару алып, от кешудің қажеті жоқ. Бейбіт күнде де адамның азаматтығы сыналар шақ толып жатыр. Ұлықпан Бәшенов тізгін ұстаған жылдары С. Рақымов атындағы мектеп-интернаттың үш оқушысы өмірлерін қатерге тігіп, өртке оранған үйден 5 жасар қызды аман алып қалғаны кезінде ақпарат құралдарында кеңінен жазылды. Ертең ел тыныштығын күзететін жас ұландар мектеп-интернатта қандай тәлім-тәрбие алып жатқанын осынау оқыс оқиғаға көшеден өтіп бара жатып кенеттен араласып,батыл шешім қабылдаған әрекет айқын аңғартпай ма? Тәшеновтай тұлғаның шыққан биігін аласартпай ұлылықты ұлықтай түсуге барынша ұмтылып жүрген Ұлықпан Бәшеновтің омырауындағы ордан-медалдарының, иығындағы полковник шенінің тарихын таратып айтып жатпай-ақ  міне, осындай мықты азамат екені елге оныз да белгілі. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: