«Рейтинг» газетінің 2009 жылғы 24 шілдедегі №26 санында облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалық етуімен өзіндік өзгешелігімен өткен кеңейтілген мәжілісте көтерілген мәселелер жазылған болатын. Сол мақалада текетіресі бітпей тұрған тендер жайы да сөз болып, екі жақтың да пікірін келтірген едік. Мәселенің мәнісі түсінікті болу үшін мән-жайға қайта қысқаша тоқталып өткен жөн. Әңгіме Мақтаарал ауданындағы Әбиболла елді мекені жайында болып отыр. Бұл ауылға ауыз су жүргізу осыдан екі жыл бұрын қолға алынды. Бірақ, ұңғымадан таза судың орнына тұзды су шыққан-ды. Бұған кінәлі кім? Тапсырыс беруші әкімдік пе, мердігер компания ма? Міне, осы мәселе алқалы жиында жан-жақты талқыланған болатын. Әкімдік мердігер «Комбистрой» ЖШС-ын кінәлайды. «Комбистрой» керісінше. Бірер күн бұрын сүйінші хабар келді. Үшінші рет 400 метр тереңдікте қазылған ұңғымадан ішуге жарамды тұщы су шығыпты. Оны мердігер компания «Комбистрой-1» ЖШС-ның директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Нұралы Әбішев өз қаражаты есебінен іске асырған.
Бұған дейін бұл нысан 30 жыл бұрынғы су қорларын анықтау қорытындысымен жоба жасаған «Водоканалпроект» ЖШС жобасына сәйкес жергілікті әкімдіктің берген тапсырысы бойынша аталған серіктестік 200-260 метр тереңдікте ұңғыма қазған болатын. Алайда, жобадағы межеден ішуге жарамсыз, тұзды су шыққан.
- Мердігердің бұрғылау жұмыстарын жобаға сәйкес жүргізгендігі бірнеше рет құқық қорғау органдары тарапынан тексеріліп, дұрыстығы дәлелденген, - дейді «Комбистрой-1» ЖШС өндірістік-техникалық бөлімінің бастығы Жанат Гилажева. – Тексеру қорытындыларына қарамастан кейбір басшылар серіктестігімізді «қара тізімге» іліктіріп, аяқтан шалып, конкурсқа қатысуға кедергі де болды. Дегенмен, «аққа құдай жақ» деген, бір жағынан сол аумақтан сайланған депутат ретінде халықтың өтінішін орындау, екіншіден өзіміздің іс-әрекетіміздің дұрыстығын дәлелдеу мақсатында қанша тереңдіктен болса да таза су шығаруға бел байладық. 3-4 ай тынымсыз бұрғылау нәтижесінде 400 метр тереңдіктен ішуге жарамды суға қол жетті.
Жоба жасаушылардың қателігі салдарынан екі жыл бойына зардап шегіп келген жергілікті тұрғындар мердігер компанияға, оның басшысы Нұралы Әбішевке істі соңына дейін жеткізген табандылығына ризалығын білдіруде.
Шадияр Мекенбайұлы,
«Заң», «Алаш айнасы» газеттерінің тілшісі