(Мұрағаттан, 27.10.2011 ж)
Шалатай Мырзахметов, Мәжіліс депутаты:
«100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
-- Бұрындары халықпен кездесулерде әлеуметтік мәселелер көп айтылатын. Екі-үш жыл бұрын газ, жол, ауыз су, қаланың ішіндегі көлік қозғалысына жағдай жасау мәселелері алдымыздан жиі шығатын. Ал, енді биыл барғанымызда сот шешімдеріне наразылығын білдірушілер көп келді. Біз олардың шағым-өтініштерін Бас прокуратураға, Жоғарғы сотқа, кейбірін сол жердегі сот төрағасына жіберіп жатырмыз. Осы сот жүйесінде бір кемшілік бар. Мен енді таза заңгер емеспін. Бірақ осы заңнама комитетінде істеп жүрген соң хабардар болып отырамыз. Жақында сот жүйесіне өзгеріс енгізу туралы заң жобасы қаралатын болады. Бұл саладағы кемшіліктер түзеледі деген үміттемін.
«Ұлға да, қызға да бойдақ салық салынса»
--Сайлаушылармен кездескенде көп көтерілетін мәселенің бірі – баспана, тұрғын үй. Ашығын айту керек бұл мәселе жуық арада және бірден шешімін таппас. Өйткені, құдайға шүкір, елімізде демографиялық өсім бар. Солай бола берсін деп тілейік. Біз бір буынды тұрғын үймен қамтамасыз етеміз деп жүргенде екінші ұрпақ өсіп қалады. Осы арада айта кетейін, көптен бері менде бір ой жүр. Жастардың үйлену жасы өсіп барады, яғни кеш отау құрады. Бұл ертеңгі күні қоғамға үлкен әсер ететін мәселе болады. Мысалы, біздің заманымызда әрі кетсе жігіттер 20-25 жаста үйленетін. Қазір көпшілігі 25-30-дың ортасында үйленіп жатыр ғой. Айтайын дегенім, 23-25-ке дейін үйленбеген ер балаға, 20-21 жасқа дейін тұрмысқа шықпаған қыз балаға бойдақ салық салынса, ол көп әсер етпес, дегенмен жастарға ой салады емес пе. Содан кейін үйленген соң үш жылға дейін сәбилі болмағандарға да осындай шара көрілсе. 28-29-ында үйленгенімен, еркін өмір сүреміз деп 4-5 жыл балалы болмай жүретіндер де бар ғой. Демографиялық өсімге ол да әсерін тигізеді. Елбасы Н.Назарбаев көтерген халық санының 20 миллионға жетуі жөніндегі мәселенің астарында мемлекеттік үлкен мүдде жатыр ғой. Жоғарыда айтылған шаралар сол межеге жетуде алғышарттар болар еді. Өткенге ой жүгіртіп, шежірені қарап отырсаңыз, бұрынғы заманда кедейлердің ұрпағы он ата болған жерде, бай отбасылардың ұрпағы 18 атаға жеткен. Бақуатты үйдің баласы 16-17-інде үйленеді. Ол 34-ке келгенде екі буын болып қалды. Тарих болғанмен мұнда өнеге алар түйін бар. Біз неге мүмкіндігіміз болып тұрып, балалардың 28-30 жасқа дейін үйленбей жүруіне жол береміз. Мен, мысалы 20-ға жетпей үйленген адаммын. Тұңғышым, 45-ке келер еді, өкінішке қарай өмірден ерте өтті. Екіншім 42-де. Құдайдың бергені, 7 перзентім бар, 4 қыз 3 ұл. Ол мен үшін үлкен байлық. Мүмкін ауыртпалық та шығар. Әрине, бір-екі баланы тәрбиелегеннен жетеуді жетілдіру салмақ. Бірақ ол ауыртпалықтың рухани нәр беретін, қанаттандыратын, ләззатқа бөлейтін сәттері көп қой. Осы орайда көптен бері ойда жүрген тағы бір мәселені айта кетейін. Аналарға бала туғаны үшін еңбекақы төлеп, сәбиімен отырған жылдарын еңбек өтіліне есептеу қажет. Мысалы, жас босанған аналарға жәрдемақы береміз. Жылдап береміз, дұрыс. Ал енді осы жәрдемақы заңды түрде еңбекақы етіліп берілсе. Одан зейнетақы жинақтау қорына аударылып, бала күтіміндегі ананың еңбек өтілі жүргізілсе. Яғни, ана баламен 2 жыл немесе тағы да сәбилі болып 10 жыл отыра ма оның бәрі еңбек өтіліне есептелсе, зейнетке шыққанда ескеріледі ғой. Бұл саяси әлеуметтік астары бар үлкен мәселе. Қазақ халқын көтерудің бір жолы. Ауылдық жерде отырған аналарға үлкен көмек.
«Шағын аудандарда мәселелер шешілмеген»
--Сайлаушылармен кездесулерде жиі көтерелетін тағы бір мәселе - Шымкенттің айналасындағы шағын аудандарда инфрақұрылымның толық шешімін таппауы. Бұл арада атқарушы билікті де түсінуге болады. Халық өскен соң амалсыздан жер телімдері берілген. Бірақ ол жерлердің инженерлік-коммуникациялық мәселесі шешілмеген. Бір-екі жылдан соң жұрт наразылығын білдіре бастайды. Олардың жанайқайын түсінуге болатын шығар, бірақ үкіметті де түсіну керек. Инженерлік-коммуникация бір күнде шешіле салмайды. Бұл саланың маманы ретінде білемін, құрылыстың ішіндегі ең күрделісі де, қымбаты да осы инженерлік-коммуникация.
«Президент тапсырған сынақты басқалар неге тапсырмайды?»
-- Мен тілін жоғалтқан рухын жоғалтады дегенге қосылам. Тіл ділдің үлкен бір саласы. Ұлттық рух өшпесе екен деймін. Әрбір азамат өзінің ұлттық рухымен мықты. Бірнеше тіл білетін білімі мықты азаматтар бар. Дұрыс. Бірақ, неге ол қазақ тілін білмейді. Өзге тілді меңгерген оған қазақ тілін білу қиын ба? Мән бермейді, керек қылып тұрған жоқ. Осы арада бір мәселенің ұмыт қалып немесе орындалмай отырғанын айтқым келеді. Мемлекеттік тіл туралы заң бар. Сол заңның бір бабы бар, жаңылыспасам 21-ші бабында Үкімет мемлекеттік тілді білуге міндетті қызметтердің тізімін жасауы тиістігі айтылған. Заң қабылданғалы 20 жылдан асқанымен, сол бап іске аспай келе жатыр. Неге десеңіз, бұл үкіметтің басында қазақ тілінің қадір-қасиетін білмейтін, қазақ тіліне жетік емес азаматтар отырғанына байланысты болуы керек. Мысалы, Қазақстанның Президенті мемлекеттік тілді білуі тиіс, әр сайлауда президенттіктен үмітті кандидаттар мемлекеттік тілге қатысты сынақ тапсырады. Ал неге Премьер-министр мен оның орынбасарлары, министрлер солай етпейді? Неге облыс, қала, аудан әкімдері, орынбасарлары мемлекеттік тілді білуге міндетті емес? Қатаң талап қойылса мемлекеттік тілді білмейтін қазақ жастары да, басқа этнос өкілдері де тілді меңгерер еді. Және аз уақытта. Тілді білмейтіндердің көпшілігі озық ойлы, жоғары кәсіби деңгейдегі мамандар. Құрметтейсің, бірақ ішің ашиды. Айыптауға да болмайтын шығар, меніңше тіл білмеу олардың кінәсі емес, қасіреті. Сол қасірет екенін түсінбегендері мені ойландырады. Қатты айтып отырған шығармын, бірақ ол шындық. Сіз білесіз бе, қаншама жастарымыз жоғары білім алған соң, басқа елге кетті. Мықты-мықты мамандар. Неге? Ұлттық рухы жоқ болған соң кетті. Бір мысқал болса да мемлекеттік тіл жоғары тұруы тиіс деп есептеймін. Кейбір салада қазақ тілінде балама сөздер, яғни терминнің жоқтығын айтушылар табылып қалады. Онымен келіспеймін. Қазақ тілі өте бай тіл. Бір зерттеу еңбегінен оқығаным бар, мысалы Л. Толстойдың «Война и мир» атты 4 томдық кітабында 9,5 мың сөз бар екен. Ал, М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында, ол да 4 томдық 14 мың сөз бар. Сонда қазақ тілін кедей деуге бола ма? Қала берді біз қазақ тілін өз дәрежесінде білмейміз. Мысалы, мен қазақы ортада өстім. Қазақша білім алғанмын. Бірақ қазақ тілін 35 пайыз білем-ау деп ойлаймын. Кейде осы жерде бірге қызмет істеп жүрген жігіттердің көбісі менің білгенімнің жартысын да білмей ме деп қорқам. Әңгімелескенде байқап отырамын.
«Өмірдің қадірін әкемнен үйрендім»
-- Бақты қолдаумен алмастыруға келмейтін шығар. Меніңше ол басқаша ұғым. Дегенмен, мені әкемнің өнеге-өсиеті барлық жерде қолдап-қуаттағанын айта аламын. Иә, қайда және қандай қызмет атқарайын әке тәрбиесі, өнеге-өсиеті жадымнан шыққан емес. Мектепте жақсы оқыдым, 16 жасымда бітірдім. Бірақ әкем оқуға жібермеді. Біздің үйдің жанындағы МТС-ке де емес, басқа кеңшарға жіберіп, трактор айдатып қойды. Әкеме қатты ренжіп жүрдім. Егер нашар оқысам, жағдайымыз келмесе мейлі ғой, түсінуге болады. Мектепті жақсы бітірдім, жағдайымыз бар. «Неге қатарымнан қалып, оқуға бармауым керек? Неге трактор айдап елде жүруім керек?» деген сұрақтар күнде жанымды жеп жүрді. «Қарағым, ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің. Қазір маған өкпелеп тұрсың ғой, бірақ сол кезде жан-тәніңмен сезген кезде білерсің. Мен сені жек көргендіктен, сүймегендіктен осылай істеп тұрғаным жоқ. Сені таза азамат болып қалыптассын деген пиғылмен жұмысқа жіберіп тұрмын» - деді әкем. Қазір ойлап қарасам, әкем маған өмірдің қадірін, бір үзім нанның бағасын білсін деген екен. Келесі жылы оқуға жіберерде, әкем басқалар секілді менімен бірге бармай «өзің тырыс, өзің тауып жеген нан тәтті болады, балам» деп аттандырды. Шымкенттегі Қазақ химия-технология институтын инженер-құрылысшы мамандығы бойынша бітіріп келгенімде де әңгімені әріден бастады. «Қарағым, қазақта «Аяз би әліңді, құмырсқа жолыңды біл» деген сөз бар. Хан түгілі, атқа мінген адамның екі қолтығының астына жел бітеді. Алла Тағала жазып, басшы болып кетсең, сенің қарамағыңда жұмыс істейтін азаматтар болады. Олар сенің құлың емес. Олардың сәл ғана бағы сенен төмен болып тұр, сондықтан сенің қарамағыңда қызмет істеп жүр. Сонда өзіңнің баяғы трактор айдаған кездегі көрген қиыншылықтарың есіңе түсетін болады. Ол үшін сен қолыңа қарай сал! Қолыңдағы тыртықтар сол кезіңді есіңе түсіреді. Сосын сен өзіңді сол қызметкердің орнына қойып көр де, шешіміңді қабылдай бер» - деді әкем. Жалпы әкем туралы көп айтуға болады. Мен қандай қызметте қай жерде жүрмейін, суретін бірге алып жүремін. Көп адам сенбейді, бірақ, әсіресе аудан басшылығында жүргенде, кейін де қиын сәттерде әкеме жүгінген кездерім болды. Өзіңнің емес, халықтың тағдырына байланысты шешім қабылдауда кейде тығырыққа тірелесің. Ойлап отырсаң тарам-тарам 5-6 жол бар, қайсына түсеріңді білмейсің. Сондай жол таппаған сәттерде, «көке, сіз менің орнымда болсаңыз не істер едіңіз» деп суретіне қарап отырамын. Сіз сенбессіз, сондай бір сәттерде қоңыр дауысы маған естіледі. Ол көп сөйлемейтін, мінезі ауыр кісі еді. Бірақ сөйлесе сөзге өте шешен еді, сосын бір жақсы қоңыр дауысы болатын. Сол қоңыр дауыс «балам, мына жолың дұрыс қой» дегендей болады. Мүмкін бұл менің ойымдағы елес шығар, ақыл-парасатым сол ойға келгісі келіп тұрған шығар. Бірақ мен осы кісінің дауысын естігендей боламын. Бұл өте сирек кездесетін жағдай. Айтайын дегенім, бүгінгі жағдайға жеткенім, біріншіден әкенің берген тәрбиесінің арқасы дер едім. Әйтпесе, менде ағайын-туыс дейтін шектеулі, азырақ ауылдан шыққанбыз. Одан кейін жақсы азаматтармен көп кездестім, солардың кеңесінің, бойымдағы талпынысты біліп бағалуының арқасында осы дәрежеге дейін келдік. Және ешқашан біреудің сөзін сөйлеген емеспін. Парламентте кейде сезіліп тұрады, кейбіреулер біреудің сөзін жақтап, лоббировать ететіні. Мен соған қарсымын. Өз ойың болса айт, өзіңдікі болмаса қоя сал. Неге мен біреудің қолындағы көсеуі болуым керек, неге бір сәттік пенделікке бола оған сатылуым керек. Әр адамның өз принципі болуы тиіс. Ой-өрісі кең және оның дамуына өзі әрекет етіп отыруы қажет деп есептеймін.
«100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
--Төккен тердің бағалануы жөнінде де айтарым көп. Ең бастысы еңбегімнің бағаланып, жауапты қызметтерді мінсіз атқарып, бүгінгідей дәрежеге жеткенім сол төккен тердің жемісі дер едім. Қызмет те, материалдық жағдай да сол адал еңбектің арқасында келді. 24 жыл ауданда басшы қызмет істедім. Институт бітірген соң 4 айдан соң құрылыстың бастығы болып тағайындалғанмын. Содан кейін үлкен-кіші басшы қызметтерді атқардым. Соның 13 жылында құрылысты, 11 жыл аудандық атқару комитетін басқарыппын. Сонда 13 жылда өзіме үй салмаппын. 11 жылда машина алмаппын. Неге? Мен мелекеттің жұмысын, мемлекеттің талабын, қағидасын, ережесін мінсіз орындай жүріп атқардым. Сонау сексенінші жылдары бір досым айтып еді: «сен ауатком төрағасысың, 7-8 балаң өсіп келе жатыр. Ештеңең жоқ, я үйің, не болмаса машинаң, жинақтаған дүниең жоқ. Тым болмаса өзіңе жағдай жасасашы» деп. Мен сонда оған: «өкімет пен партия аман болғанда маған машина да, үй де бар. Не қылам оны» деп жауап бердім. Сонда ол маған: «Сенің ана алтын басың Лениннің идеясы дұрыс. Бірақ сен құмда өскен қазақсың ғой. Қазақта сөз бар «құм жиылып тау болмас, құл жиылып бас болмас» деген Лениннің идеясы дұрыс болғанымен құл басқарып отырған елсің ғой. Көпке бармайды, құлайды бір күні. Партияң да өкіметің де бір күнде жоқ болады, далада қаласың», деді. Айтқаны келді, оншақты жылдан соң партия бір күнде жоқ болды, өкімет бір күнде тарады ғой. Шын мәнінде далада қалдым. Аз қиындықтан соң, 1992 – 2000 жылдар аралығында «Жібек жолы» әмбебап тауар биржасының президенті болдым.
24 жыл ештеңем жоқ еді. Бір жарым жылда бәрі болды. Бала-шағамның барлығының үй-жайы, барлығының машинасы бар. Керек нәрсесінің бәрі бар. Өйткені мен өкіметке емес, өзіме жұмыс істедім. Салығын уақтылы төлеп тұрдым. 8 жылдан соң, сол кездегі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қоймай «елің әбіржіп кетті,соған көмектес» деді. Ауылдың жағдайын айтқан соң, қарсы бола алмадым, әкім болып бардық. Жеңгеңе ескерттім, «қалтаның аузын жап енді, айлықтан басқа ештеңе әкелмеймін» деп. Есептеп қараңыз, әкімнің айлығы биржадағы алатынынымнан он есе кем. Біз тауар биржасында сол кездерде айына 40-50 мың доллар айлық айлып жүрдік. Тапқан айлығымыз, ал үлкен «сделка» болған кезде 100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды. Жетіп жатыр ғой. Айлық жалақымыз ретінде 200-250 мың теңгеге дейін алып тұратынбыз. Материалдық жағдайымды сол кезде түзеп алдым. Көштен қалатын жағдай жоқ қазір. Ал, аудан әкімінің айлығы 43 мың теңге екен. Істедік қой сол 43 мыңға. Мен бір нәрсені мақтан ете айта аламын. Сол ауданда 3 жыл әкім болып отырып, ешкімді жұмыстан шығарған, бір адамды ертіп барып қызметке қойған емеспін. Сол елден шыққан адамдар ауысса ауысты, болмаса ешкімді ауыстырған жоқпын. Оның маған не керегі бар, кадр бизнесін жасамаймын ғой. Әкем марқұм айтатын, қарағым адамның жаманы болмайды, жаман тәрбиеленгені болады, оны тәрбиелеп жақсы адамның қатарына қосып жібер дейтін. Осы жасқа келгенше біреуден жұмыс сұрап немесе жұмыс алу үшін біреуге жағдай жасаған адам емеспін. Ұсынса мақұл деп барамын, болмаса бармаймын деп айтқан кездерім де болды. Мансапқор адам емеспін. Кейде жігіттер жұмыстан босап қалса содан трагедия жасап, ол үйтті, бүйтті деп жатады. Барлығы бос сөз. Барлығы өзіңнен, артық болса да, тыртық болса да өзіңнен көр. Сондықтан өз бойыңдағы қасиеттерді жақсы тәрбиелеу, жіберген қателіктерден қорытынды шығару қажет.
«Шымкенттің экологиясын қадағалау қажет»
-- Соңғы уақыттарда облыс басшыларының бастамасымен салынып жатқан ғимараттар көңілде ризашылық сезімін оятады. Айталық, Ордабасы алаңындағы монумент, көпір, демалыс орны, Абай саябағындағы Ұлы Отан соғысына қатысқан, қаза болған азаматтарға арналып жасалған кешен, көркемсурет галереясы секілді нысандардың барлығы қала көркін ашып тұрғанмен қатар, тәрбиелік маңызы зор. Осындай қоғамға жақсы әсер ететін құрылыстардың салынып жатқаны қуантады. Көпшілігі іскер азаматтардың қолдауымен жасалып жатыр, ол да құба-құп. Ресми деректерде Шымкентте 700 мыңдай тұрғын бар. Дегенмен, меніңше миллионға жуық халық тұрады. Барғанда балалардың машинасымен рөлде өзім жүрем. Қаланы аралаймын. Сонда түсте және кешке жүру өте қиын. Көлік көп. Ертеректе салынған көшелер тарлық етіп жатыр. Соның барлығы халықтың өскенін аңғартады. Халық өскен сайын соған лайықты сұраныс-талап болады. «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша мыңдаған түп ағаш отырғызылды. Бұл жақсы. Бірақ, бір мәселеге көңіл бөлу керек сияқты. Қаланың солтүстік-батыс жағында қоқыстар жинайтын үлкен алаң бар. Ол бұрын қаланың шеті еді. 2004-2005 жылдары ма қоқыс өңдейтін зауыт салу мәселесі көтерілген болатын. Жаңылыспасам, құрылыс құжаттарын дайындау жөнінде іс-шаралар басталған. Кейін ол бағыттағы жұмыс тоқтап қалды. Осы мәселе ойландырады. Қорғасын зауыты қазір қаланың ортасында, бұл да ертең үлкен проблемаға айналады. Цемент зауыттары да қала ішінде. Осылардың барлығының экологиялық тазалығына қатысты іс-шаралар атқарып, қадағалап отырмаса үлкен мәселеге айналуы мүмкін. Проблеманың үлкені экологиялық тепе-теңдікті сақтау. Соған көңіл бөлінсе жақсы.
Жер шарының көптеген мемлекетін аралаған адаммын. Ілгеріде Парижге бардым. Қайтып келгенде жігіттер сұрайды қалай екен деп. «Париж сұлу қала екен, бірақ Астанаға жету қайда, тем более Шымкентке», деймін. Мүмкін, ол менің перзенттік махаббатымнан туындаған сезім шығар. Бірақ мен үшін ең ыстық жер де, қымбат жер де -- ол Шымкент. Арыстанды-Қарабас желі азынап тұрған Отырарға да барып қайтқым келеді де тұрады. Топырағын жел көтеріп тұрғанда ерніңді жаласаң сордың дәмі келеді. Бірақ сол маған ем секілді, барғанда анау-мынау жөтелдердің бәрінен айығып кететін сияқты боламын. Туған жердің ауасы да ем ғой. Ауылда менің кішкене шаруашылығым бар, 400-дей қой, 10-15 жылқы, оншақты сиыр дегендей. Соны кейбіреулер айтады «не керегі бар саған, одан пайда да тауып жатқан жоқсың» деп. Күлемін де қоямын. Үйдегі жеңгең сатып жіберейік, дейді. Сатпаймыз, деймін. Неге дейсіз ғой? Мен ауылдан Шымкентке көшіп кеттім. Менің балаларым да ол жаққа бара қоймайды-ау. Әрқайсысы әр жақта, көбісі Шымкентте тұрады. Олар бүгін бәлкім ауылдың қасиетін біліп жүрген жоқ. Сол шаруашылыққа барып дәм татса, ата-бабалардың басына соқпай кетпейді ғой. Кейінгі ұрпағым елден тамыр үзбесе екен деймін. Әлгі шаруашылық соған бір себеп қана, әйтпесе пайда көрейін деп жүргем жоқ. Ұрпақ сабақтастығы болсын деймін. Қандай болса да ол ата-бабасының туған жері ғой. Бірде ұлым немеремді ертіп ауылға барғанында, баяғы өзіміз тұрған үйді көрсетіпті. Сонда немерем «шынымен біздің атамыз осындай үйде тұрды ма» деп таң қала сұрапты. Оның сол үйді көргені жақсы болған. Атасының қарапайым адам екенін, осындай үйде тұрғанын, өз еңбегімен өскенін ұққан балада еңбек етсем мен де атамдай боламын деген ой туындағаны мәлім. Сондықтан ауылдың орны бөлек.
Әңгімелескен Еркін ДОСЫМБАЙ,