Ғалым Смағұлұлы: Карикатура – аударманы қажет етпейтін жанр

Screenshot_1.jpg

Талантты карикатурашы Ғалым Смағұлмен «Жас Алаш» газетінде бірге қызмет істедік. Таңертең жұмысқа келісімен қарындашының басын тістеп қойып, үнсіз бірдеңелерді шимайлап отыратын Ғалекең ара-тұра бізді қасына шақырып: «Мына ойым қалай?» – дейтін. Қағаздың беті шимай-шатпақ, ондағы адамға ұқсаған «жаратылыстардың» нобайын анық ажырата алмасақ та ойын танып, «финалы» ғажап болатынына сеніп тұратынбыз. Күткеніміздей, бесінге таяғанда Ғалекенің қағазынан небір тип бас көтеріп, жылағың келіп тұрса да күлдіріп, күлкің келіп тұрса да жылатып қоятын.

Жақында Ғалымның тұңғыш кітабы жарық көрді. «Алтын қыран» қайырымдылық қорының демеушілігімен жарық көрген 7 кітаптың арасында Ғалымның қарапайым ғана, қара түсті «Карикатура. 1» деген кітабы да бар. Әңгімені осы кітаптан бастадық.

Рейтинг: Ғалеке, тұңғыш жинағың құтты болсын! Шынына келгенде, бұл кітап биыл емес, осыдан кемі 10 жыл бұрын жарық көруге тиіс еді ғой.

Ғалым Смағұл: Көп рахмет! Кітабымның жарық көруіне ұйытқы болған «Алтын қыран» қорының президенті Исламбек Салжанов мырзаға, осы қордың жетекші қызметкері, ақын Дәурен Берікқажыұлына алғысым шексіз. Жеті автор тізіміне қосып, ел алдына шығарып жүрген де – осы Дәурен бауырым.

Рейтинг: Кітаптың сыртында 1 деген сан тұр. Демек, екіншісі, үшіншісі болады ғой?

Ғалым Смағұл: Суретшілердің жинақтарына көзің түссе, ешқайсысы оған арнайы ат қоймайды. «Живопись», «Графика» дей салады. Мен де сол дәстүрден аттаған жоқпын. Және өзімнің ептеген қулығым бар. Алғашқы кітабым қара түспен шықты ғой. Одан кейінгісін – қызыл, сосын сары, жасыл дегендей, жеті түспен де шығарсам деймін. Әрқайсысын 1, 2, 3 деп таңбалап... Сөйтіп, шал болғанша кемпірқосақтың барлық түсін түгендемекпін.

Рейтинг: Алла ниетіңе жеткізсін! Суреттеріңді қалай іріктедің?

Ғалым Смағұл: Кітапқа 10 жылдан бергі суреттерім кірді. Қазіргі көзқараспен қарасам, кейбір суреттерімнен өзім ұялады екенмін. Бұл да өскеннің, өмірді тани түскеніміздің белгісі шығар. Алғашқы бөліміне адамзат қоғамына ортақ тақырыптағы суреттерді топтадым. Алыстағы Африкадан, іргеміздегі Қытайдан кім көрсе де түсінетіндей суреттер. Екінші бөлімге қазақ қоғамының мәселелеріне, әлеуметтік, саяси жағдайларына орай салынған суреттер топтастырылды. Сосын «бәрі запыран болып кетпесін» деп, соңғы беттеріне таза әзілге негізделген, көңілді суреттер енгіздім.

Screenshot_7.jpg

Ғалым Смағұлұлының карикатурасы: Қасым-Жомарт Тоқаев

Рейтинг: Сұрыптай отырып өзің байқаған боларсың, шығармашылығыңда қандай кейіпкерлер басым екен?

Ғалым Смағұл: Ол енді ешкімге жаңалық емес шығар. Қоғамдағы күйіп тұрған, шешімін неше жылдан бері таппай жүрген мәселелерге, сол мәселелерді шешуге қырсыз, көңілі көкте жүрген шенеуніктерге рналған суреттерім басым.

Рейтинг: 2000 жылдардың басында кейіпкерлерің тойған қозыдай томпиаған, негізінен сүйкімді жандар еді. Кейін сенің қолтаңбаң ретінде түрі қорқынышты да жиіркенішті, тоқырбас адамды тани бастадық. Екі кейіпкердің арасындағы жол қаншалықты? Қандай эволюциялық өсу сатысынан өткендейсің?

Ғалым Смағұл: Сурет салған сайын, қаламың жаттыққан сайын өз стиліңді табады екенсің. Заманына, уақытына байланысты кейіпкерің де ауысып отырады.  Бірте-бірте біреуіне тоқтайсың, ол кейіпкер сенің нағыз қолтаңбаңа айналады. Жер шарының келесі бетіндегі бір нүктеде отырып тамашалаған адам оның сенің кейіпкерің екенін бірден таниды. Өсу, іздену нәтижесі деген дұрыс шығар. Саяси оқиғаларға байланысты күннің, аптаның, айдың тақырыбы болады. Олар сол уақыттың шежіресі болып қалады. Қанша уақыт өтсе де мән-мағынасын жоғалтпайтын суреттерге күш саламын.

Рейтинг: Сенің суреттерің «сөйлемейді», яғни, қасына сөз жазып әуре болмайсың. Бұл да өзіндік тәсілің бе?

Ғалым Смағұл: Музыка – тыңдау үшін, сурет көру үшін ғой. Сөзбен түсіндірсең, суреттің құнын да, деңгейін де төмендетіп алуың мүмкін. Карикатура – негізінен аударманы қажет етпейтін жанр. Қай тілде сөйлейтін адам қараса да түсінікті болуға тиіс. Ара-арасында суретпен де жеткізе алмай кететін детальдар болады, ол кезде шағын ғана түсіндірме берсең жарасады.

Рейтинг: Өз мұрағатыңды ақтарып отырғаныңда, ерекше әсер ететін, сүйсінтетін суреттерің бар ма?

Ғалым Смағұл: Шынында да, мен кейде салған суреттерімді ақтарып шығамын. Бірақ дәл сол кезде қандай көңіл-күйде отырсаң, сүйсінуің де, ренжуің де соған байланысты сияқты. Кейде «мына суретте біраз нәрсе айта алған секілдімін» деп отырсам, келесі бір қарағанымда «тағы біраз қырнап-жона түсу керек еді» деймін. Үнемі ұнайтын, елдің аузында жүретін, карикатурашының құжатына айналған суреттер болады. 10 жылдан кейін де сол сурет жайлы жақсы пікір айтылып жатса, еңбектің еленгені шығар.

Рейтинг: Кейіпкерлеріңнің арасында өзін танығандар болды ма?

Ғалым Смағұл: Жоқ. Бәріміз біреуге күлсек те, өзіміз күлкі болғымыз келмейді ғой.

Рейтинг: Карикатурашылардың әлемдік жарыстарына қатысып, жүлделі болып та жүрсің. Сенің шығармашылығыңды олар қалай бағалайды?

Ғалым Смағұл: Шынын айтқанда, Қазақстанда карикатураны бағалайтын кәсіби орта жоқ. Әр жерде карикатура салып жүрген, қадау-қадау суретшілер бар. Сол азаматтармен жылына бір-екі рет сөйлессең, оның өзі жылға азық. Орта жоқ, орта жоқ болған соң дискуссия да жоқ. Ал шетелдердегі байқаулар спорттық жарыстар сияқты. Бағыңды сынап көресің. Бәйгеден атың келіп жатса, қуанасың. Аты-жөніңнің тұсындағы «Kazakhstan» деген жазуға қарап, жаның семіреді. Жалпы карикатураға жұрт сүйсінгенмен, қызыға тамашалағанмен, аса елене бермейді. Корея, Люксембург, Украина, т.б. елдерде өткен байқауларда жүлделі болдым. Ең үлкен жүлдем алда шығар.

Рейтинг: Карикатурашыға ыңғайсыз қоғам бар ма?

Ғалым Смағұл: Өмірдің қарама-қайшылығы бар, әлеуметтік мәселелер бар, зорлық-зомбылығы бар, солар таусылмай, карикатура тақырыбы да таусылмайды. Әр күн, әр апта, әр айдың тақырыбын танып, салып отырған әріптестерім бар. Сондықтан қанша еленбесе де, карикатура адам баласымен бірге жасай береді, карикатурашы үшін тақырып табылады.

Рейтинг: Қазақстандағы орыстілді баспасөзде Кийко, Қадырбаев сияқты мықты карикатурашылар бар. Ал қазақ карикатуристері неге аз?

Ғалым Смағұл: 1990 жылдардың аяғында біраз карикатурашы жігіт-қыздар болды. Олар жақсы бастады. Бірақ келе-келе басқа салаларға кетті. Оларға басында ренжитін едім. Қазір қарап отырсам, бәрінікі де жөн сияқты. Карикатура жалпы көңілді тақырып болғанмен, онымен тіршілік ету көңілсіздеу, қиындау. Жұрт мақтаса да, суретшінің өзі үшін күнкөріс мұң болып қалуы мүмкін. Қазақ баспасөзінде карикатураның бағалануы өте төмен. Жастар келіп, әліппесін көреді. Жұмыстарын әкеледі. Бірақ оларға «осы саланы қу» деп айта алмаймын. Әркім өзін іздейді. Алматы, Астанада, басқа аймақтарда дарынды жастар бар. Олар карикатурадан табыс таппайды, сөйте тұра, таза іңкәрлікпен араласып жүр.

Рейтинг: Өзіңді басқа салада байқап көрген жоқсың ба?

Ғалым Смағұл: Әркімнің өзінің икемі болады. Менің икемім осыған келеді ғой (күледі). Басқа жанрларға қалам тарту қолымнан келмейтінін білемін.

Рейтинг: «Еленбейді» дедің, «өзі көңілді тақырып болғанмен, күнкөрісі көңілсіз» деді. Жалпы, біздің елдегі карикатураның үлкен мәселесі не?

Ғалым Смағұл: Мен мынадай мәселе қынжылтады. Қазақстанда карикатура 1920-1930 жылдары қалыптасты.В.Антощенко, Ә.Ысмайылов, К.Қожықов, Б.Чекалин сынды карикатурашылар болды.  Бейімбет, Сәкен сияқты қазақ әдебиеті классиктерінің шарждарын салды. «Ара» журналы шыққан күннен-ақ біраз таланттың бағын ашты. А.Ахметов, П.Бейсенов, Н.Казанцев, Е.Қалиасқаров, Ж.Қанапиянов сияқты өте шебер карикатурашылар қоғамның талай жарасының бетін ашты. Алайда осы суретшілер қазір мүлде атаусыз қалды. Ғаламторды ақтарсаң, шағын ғана анықтама береді. Қазіргі карикатурашылар көктен түскен жоқ. Ысмайыловтар жолын кеше де, бүгін де Еркін Нұразхан, Айдарбек Ғазизовтар жалғап жатса, біздің буын іліп әкетіп жатса, оның осындай үлкен дәстүрі бар. Алайда жоқтап жатқан ешкім жоқ. Өз асылдарымызды тани алмай жүрміз осылай.

Рейтинг: Суреттеріңді сатып алғандар жоқ па?

Ғалым Смағұл: Жоқ. Карикатура туындылары сатып алып төрге ілетін суреттер емес.

Рейтинг: Өзіне юмормен қарайтындар жоқ па дегенім ғой.

Ғалым Смағұл: Бізде ондай мәдениет әлі қалыптаса қойған жоқ.

Сұхбаттасқан Есей Жеңісұлы, 2014 ж, наурыз

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: