Есен Елеукен: Анаңның жанында тура бір балалық шағыңа оралғандай күй кешесің

1529735075228788.jpg

«Қазақстан КВН Одағы» Республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің Президенті Есен Елеукен «Рейтинг» газетінің тілшісіне өзінің балалық шағы туралы айтып берді:

Мен Ақтөбе облысы Шалқар ауданы  Шытырғыз ауылында табиғаты көрікті мекенде дүниеге келіппін. Сол ауылда бал қызыққа толы балалық шағым өтті, сонда өстім. Және әлі күнге дейін отбасым сол жақта тіршілік кешіп жатыр.  Мейірімге толы үлкен отбасында оныншы бала болып өмірге келдім. Негізі бір кіндіктен тараған барлығы он бір бауырмыз. Бүгінде әрқайсысы өз отбасылармен ғұмыр кешуі өмір заңдылығы. Ағамның бірі қарашаңырақта қалған, анама сол қамқор. Қалғандарымыз сәті түскеніне қарай кіндік қанымыз тамған туған жерімізде жиналып бас қосамыз.

Мен бала күнімнен көпшілікке үйреніп өстім.  Әкем Баймұханбет  өзге ұлт өкілдерімен жақын араласатын. Шешен,орыс ұлтынан достары болды. Әлі есімде,  әкемнің достары бала шағасымен үйге қонақ болып келетін. Бізде де  қуанып, келген қонақтардың балаларымен ойнап мәз болып жүретін едік. Қазір есіме алып отырсам бала күндеріміз ең бір ұмытылмас бал күндер болған екен.Ата-бабаларымыз «әке — асқар тау, ана — мөлдір бұлақ» деп осындайда айтса керек. Әкеміз жүрегімізде ерекше асқар тау, мәңгі биік тұлға болып қалыптасты. Ал, анамыз мейірімі мәңгі сарқылмайтын мөлдір әлем. Мен әкенің қормалдығын сезініп, анамның мейіріміне шомылып, аға-бауырдың, әпке-қарындастың бауырмалдығын көріп өстім. Жалпы, туыстық сүйіспеншіліктің адамға сыйлайтын ләззатын сөзбен айтып жеткізу қиын.

Әкемді ауылда ешкім атымен атамайтын. Барлығы Байхат дейтін. 1978 жылы, мен ол кезде небәрі 5 жаста болатынмын. Ең алғаш ауылдағы ашылған «Қайнар» деп аталатын  комсомол жастар бригадасын әкем басқарған. Сондықтан үйден қонақ үзілмейтін. Біздің алаңсыз білім алуымызға, бақытты балалық шағымызға ата-анамыз жағдай жасады. Тек әкеміздің бір шарты— мектепті бітірген соң  бір жыл ауылда қалып жұмыс істеу болатын. Сол себепті барлығымыз мектепті бітірген соң ауылда қалып жұмыс істеп кейін жоғарғы оқу орнына түсіп білімімізді жалғастырдық. Осы ата-анамның тәрбиесінің арқасында достарым көп, көпшіл болып ер жеттім. Жалпы бала күнімде аса бір ерке болып өспедім. Оның үстіне анам бізге қатал бола білді. Бізді мықты болсын деп қаталдық танытып отығанын іштей сезетінмін. Содан жұмысқа ерте араластым.  Өмір болған соң қызығы мен қиындығы қатар жүретіні белгілі. Мүмкін сол қиындықтың, тәрбиенің арқасында бүгінде кез-келген қиындыққа бірден берілмеймін. Еңсемді түсірмей ілгері жүруді бойыма сіңдіріп өсірген ата-анама алғысымды білдіремін. Бойыңдағы сәби күніңнен қалыптасқан мөлдірлік, тазалық жақсылығы мен жамандығы қатар жүретін қатігез қоғамның қулығы мен сұмдығынан біртіндеп кірлей бастайтын секілді. Осындайда «санаңды селт етізіп сілкіп алар сергектігің болмаса, жүрегіңді тазартып отырар иман нұры болмаса бұлыңғыр қоғамға сіңіп жоғалып кетерің сөзсіз» деп анам айтып отыратыны жиі ойыма оралады. Анамның сол айтқан сөздері санамда қалып қойған. Ол естеліктер мені адамгершіліктен аттайтын надан істерден аулақ ұстайтынын білемін. Анаммен күніне екі-үш рет хабарласып тұрамын. Анамның жағдайын білмей жүре алмаймын. Қазіргі таңда ауылға жиі баруға тырысамын. Ауылдас Аян деген інішектің әні бар: «Ауылдан адам кеткенмен, Адамнан ауыл кетпейді» дейді, қандай тамаша сөз ә?!  Ауыл жаққа барып, сол жақтың әңгімесін естігенде мүлдем басқа сезімде ораласың, ал анаңның жанында тура бір балалық шағыңа оралғандай күй кешесің…

Дайындаған Дана Жұмабекқызы,

«Рейтинг» газеті, сәуір, 2018 ж


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: