Есен Елеукен, Қазақстан КВН Одағының президенті:
Біздің үйде 11 бала болдық, мен оныншысымын. Ақтөбе облысы Шалқар ауданының Шітерлі деген кеңшарының Карл Маркс ауылында дүниеге келгенмін. Қазір бұл бөлімше Тахауи Ахтановтың атымен аталады. Атақты жазушы сол ауылда туылған.
Туылған кезде өте әлжуаз болыппын. Сүт қатты тасып кетсе, осы секілді оқыс жағдайлар болса талып қала береді екенмін. Сол кезде үйдегілер «бұл баладан көп үміт жоқ » деп топшылайды екен. 5 жасқа дейін тілім де дұрыс шықпаған. Алла Пугачеваны «Ала Шопа», Брежневті Блежнев, Районқұл деген көршіміз болған, оны Райком дейтінмін. Кейін ауылдың бәрі ол кісіні осылай атап кетті. Спортты өте жақсы көріп өстім. Серік Қонақбаевтың боксын назардан қалдырған емеспін. Сол кезде Кошкин деген мықты спортшы болған. Сол жеңіліп қалса керек, теледидарға қарап «Көшкін көке» деп жылап отырады екенмін.
Әке-шешем мектепке алдап апарған. Әкем Баймұхамед комсомол жастар бригадасының бригадирі болған. Қой бағады. Әкемнің Әбибулла деген інісі бар. Сол мәшинесімен 25 шақырым қашықтықтағы орталыққа апарып, жаңадан киімдер алып жатыр. Мектеп жайлы бір-біріне сыбырлап айтып қояды. Оны естіген мен «бармаймынға» басамын. Содан ауылдың клубына «Қыз Жібек» киносы келді. Киімді соған киіп барасың деп алдап, киноға апарып, ертеңіне орталықтағы мектепке әкетті. Орталықта үйіміз болатын. Мектепте оқитын 5 бала болып сонда тұрдық. Ауылдағы үйді сағынғанда, шатырға шығып алып, ауыл жаққа ұзақ қарап отыратынмын. Әрине, ауыл көрінбейтін, бірақ сол жақтан біреу келіп қалатын сияқты. Ал ауылдан сәлемдеме келген күні олимпиададан үлкен жүлде жеңіп алған адамша қуанатынбыз.
Әріп танығаннан кейін өздігімше ең бірінші жазған сөзім «Правда» болды. Газеттен көрген болуым керек. Сабақты жақсы оқыдым. Балалық шағым тәтті өтті. Мектепте үздік оқыдым. Староста, отрядтар кеңесінің төрағасы болдым. Екі жыл қатарынан мектептің туын ұстадым.
Бір қасиетім, мектепте ешкім оқымайтын, ең қиын деген тақырыпқа жақсылап дайындалып барамын. Оңай тақырыпты бәрі таласып-тармасып айтады. Кезек қиын тақырыпқа тіреледі. Мұғалім «кім дайындалып келді» дегенде, сыныпта өлі тыныштық орнайды. Сол кезде мен ақырын қолымды көтеріп, сыныптастарымды құтқаратынмын. Оларға да жақсы, өзіме де жақсы. Мұндай қасиет бойымда әлі күнге дейін бар. Мен ешкімнен қалмауым керек, қайта озуым қажет деген принцип ұстанамын. Мұның пайдасы аз болған жоқ. 3-сыныпта жүргенде-ақ біреумен бәсекелесемін деп, дүние жүзі елдерінің астанасын жатқа біліп алдым. Картаға қызыққаным сонша, КСРО-ға Азияның, Еуропаның біраз мемлекетін өздігімше қосып, жаңа карта «жасап» шығатынмын.
Бірде сыныптастарыммен әзілдесіп, біреуге саусағымды шошайтып күліп жатқанмын. Бәрі бірден тынышталып қалды. Саусағым шошайып тұрған жаққа қарасам, мектеп директоры тұр. Аты Қию. Тілінің тікенегі бар, шымшып сөйлейтін. Одан мұғалімдердің өзі аяқ тартушы еді. Бізге физика пәнінен сабақ береді. Маған ашуланып, «әкеңнің малын бағамын деп мәдениеттен жұрдай болғанбысың, мықтылығыңды қазір көреміз, отыр?» деп қисық сөзімен жекіп берді. Сосын барлығымызға бақылау жазғызды. Сол бақылаудан 39 оқушының біреуі 3, біреуі 4 алды. Қалғаны түгел «2» алды. Беске оқып жүрген балдар да. Сондағы «4»-тің иесі мен болдым. Бұл да намысымның арқасы деп ойлаймын.
Әке-шешем үлкен қалаларға базарға кетерде бауырларым көйлек, аяқ киім алып кел десе, мен кітапқа тапсырыс беретінмін. Кітапты өте жақсы көрдім. Қолыма түскенін талғамай оқи беретінмін. Газеттерге де көп қараушы едім. 6-сынып оқып жүргенде ауылдағы кітапхана орталыққа көшірілді. Сол кезде ауылдағы кітапханада біраз ескі кітаптар қалып қойыпты. Әдейі тастап кеткен болуы да мүмкін. Әрі-бері өткен сайын әйнегі жоқ терезеден көретінбіз. Қызығушылық бойымызды билеп алды. Бір күні түнде жан жолдасым Тұрар екеуміз қолға фонарик алып, ұрлыққа түстік. Таңдап жүріп, 20 шақты кітапты алып шықтық. Ешкім көріп қоймасын деген оймен шөптің арасына жасырып қойдық. Үйдегілер көріп қойса, ұрлағанымыз үшін ұрсады ма деп, шөптің арасына тығылып оқыдық. Бәрін оқып біткеннен кейін қайтадан кітапханаға ұрланып кіріп, алған кітаптарымызды орнына тастап кеттік. Тілімнің әдебиетке жақындығы сол кездегі кітапқұмарлықтың арқасы деп ойлаймын.
Төбелеске онша ебім болмады. Бойым да кішкентай, әлжуаздау болдым. Дене шынықтыру сабағында сыныптағы 24 баланың 23-іншісі болып тұратынмын. Жұдырықтасуға бейім болмасам да, топ болып төбелескенде ауданның, ауылдың абыройын аяқ асты еткен жерім жоқ. Дегенмен, ешкімнен таяқ жемедім. Сабақты жақсы оқығаннан соң ба, қолдаушыларым, мен үшін «тұратындар» көп болды. Әсіресе, бірінші сыныптан бірге оқыған сыныптасым Тұрар көп қамқор болды. Мен үшін кез-келгенімен жекпе-жекке шығуға дайын еді. Ғарифолла да оңай жігіт болған жоқ. Ал жоғары сыныптарға өткенде анау-мынауға алдырмайтын, онша-мұншаға есемді жібермейтіндей болдым.
Жақында сыныптастарыммен кездесіп, біраз оқиғаларды еске алдық. Ол кезде махаббат деген қазіргідей ашық айтылмаушы еді ғой. Мектептің соңғы екі жылын Шалқарда оқыдым. Киімдерімізді киім ілгіште қалдырып кетеміз. Үш күн қатарынан біреу махаббат хатын тастап жүрді. Қалтама салып кетеді, кітаптың арасына жасырып қояды, әйтеуір қолыма тиетін. Бұл кім болды екен деп ойлаймын. Әр хат алған сайын бетім қызарып, мектептен қайтқанша асығатынмын. Қыздар жігіттерден қашатын болса, мен қыздардан қашатынмын. Кейін ол хатты жазған қыздың өзі айтты. Ол кезде өте ұяң едім. Кейін ашылдық қой. Әйтпесе тегім жуас. Шымкентке де кездейсоқ келдім. Алматыға кеткелі жүргенімде үлкен ағамның бүйрегіне отаны Шымкентте жасайтын болғасын, ағамның жанында қалуыма тура келді. Шынымды айтсам, ұяңдығымнан арылтқан Шымкент еді. Ал КВН менің дұрыс жолға түсуіме себеп болды. Жоғары оқу орнына түскен алғашқы жылдары бұзықтау жігіттермен көбірек қосылып, төбелестің не екенін шынайы сезіне бастадық. Сол кездері жаман жолға түсіп кетуім де мүмкін еді. КВН-ға келгеннен кейін өзге шаруаларға бет бұруға уақыт болмады. Басқаша айтқанда, мінезімді ашқан Шымкент болса, өз ойымды ашық, еркін жеткізуді, жігерлілікті КВН-да жүріп үйрендім.
Дайындаған Шадияр Молдабек,
"Рейтинг" газеті, 2009 ж