Шапағат Орынбаев "25 теңге" фильмінің қалай түсірілгенін айтты

Screenshot_13.jpg

Бүгін, яғни қыркүйектің 25-іне «Қазақстан» кинотеатрында «25 теңге» атты комедиялық көркем фильмнің тұсауы кесілмек. «Есаға» шығармашылық бірлестігінің қолдауымен Жайдарман студиясының жігіттері түсірген бұл фильм авторлардың айтуынша кино түсірумен айналысып жүрген жеке студияларының арасында бұрын болмаған жаңалық алып келмек екен. Фильмнің режиссері, әрі басты ролдердің бірін сомдаушы Шапағат Орынбаевпен болған әңгіме осы тақырып төңірегінде өрбіді.

- Шапағат, бұл фильмді түсіру идеясы қайдан туындады

- 2007 жылы Ағым Бейсеновтың «Аймалашы мені» атты фильмін түсірген болатынбыз. Онда басты рольде ойнадым. «25 теңге» екінші туындымыз. Бұл фильмді түсіру туралы ой қыс айларында келді. «Жайдарман» студиясының атқарушы директоры Бақберген Асанбаевтың ұсынысы бойынша сценарийін жазып шықтым. Фильмдегі оқиғалар түгелдей ойдан құрастырылды, нақты факті пайдаланбадық. 25 теңге дегенге көрермендер қазіргі дағдарысқа қатысты дүние деп ойлап қалуы мүмкін. Бірақ, дағдарысқа титтей де қатысы жоқ.

- Сценарийді кино саласы мамандарының сұрыптауынан өткізіп көрдіңдер ме?

- Біз танымайтын немесе әлі қолымыз жете қоймаған мамандарға хабарласа алмадық. Бірақ, қолына қалам ұстаған бірқатар азаматтарға оқытып көрдік. Мәселен, менің әке-шешем Шойбек Орынбай мен Асхан Майлыбаева жазушы-журналистер, екеуі де танысып шықты. Нүркен Иманқұловтың әкесі, белгілі тележурналист Әбдез Рахманұлы оқып шықты. Белгілі режиссер, осы саланың маманы, жоғарыда айтып өткен Ағым Бейсенов ағамызға да оқыттық. Басқа да өзімізге таныс зиялы қауым өкілдерінің талқысына салдық. Сценарийді ең алғаш әкем оқып шықты. Бір жерін де өзгертпестен, жақсы деген баға берді. Ағым Бейсенов, Есен Елеукен өз ұсыныс-пікірін қосты.   

- « 25 теңге» қандай мағынаны білдіреді?

- Бұл жерде тиын ақша жеребе ретінде жүреді, яғни жігіттер қандай іске бел буса да әлгі тиынды жеребе ретінде тастайды. Басқаша айтқанда кейіпкерлеріміздің тағдырын тиын шешеді. Осы идеяны дамыту үшін құлаққа жағымды естілетін сан керек болды. Сосын 25-ті таңдадық. Фильмдегі оқиғалар ойдан құрастырылғандықтан, қолданыста жоқ ақшаны алдық. Мәселен, 20 немес 50 теңгелік тиындар бар ғой. Ал 25 теңгелік жоқ. Соқыр жеребенің кесірінен көптеген проблемалар пайда болады, бірақ, жігіттердің достығының арқасында ол проблемалардың барлығы да шешіліп, бақытқа кенеледі. Фильмдегі картинкалардың негізгі бөлігі комедияға құрылған. Аздап пародияға да орын бердік. Фильмнің ұзақтығы 1сағат 22 минут.

- Басты кейіпкерлерге мінездеме бере кетші

- Басты рольде төрт жігіт ойнайды. Оның біреуі боксер, екіншісі қыз-қырқынға жаны жақын, бірақ өзінің махаббатын жолықтыра алмай жүрген бейбақ, үшіншісі Шумахер, яғни көліктің «құлағында ойнайтын» жігіт және жолы болмағыш әнші. Осы төрт жігіттің тағдырына 25 теңге төреші, себепші және куә болады. Мәселен, жеребе ретінде шиірілген тиынның 25 жақ беті түсетін болса бастамақ істерін мақұлдайды, ал кері жағы түссе тоқтатады.

-  Кейіпкерлерді сомдаған әртістер кәсіби мамандар ма?

- Біз ең алдымен әртістерді таңдап алдық. Сценарийді де солардың мінезіне, мүмкіндігіне қарай ыңғайластырдық. Басты рольдегілердің ішіндегі Қайрат Түнтеков қана соңынан таңдалды. Бір ескеретін нәрсе, басты кейіпкерлердің іс-әрекеттері оның шынайы өміріндегі іс-әркеттеріне сәйкес келе бермейді. Мәселен, жолы болмағыш әншінің роліндегі Ерлан Айтбаевтың түр-тұлғасы әншіге келмейді. Қызбен жүргіш роліндегі Нүркен Иманқұловтың да фильмдегі іс-әрекеттері шынайы өмірдегі қылығына қарама-қайшы. Боксер роліндегі менің де дене бітімім былғары қолғап шеберіне мүлдем ұқсамайды. Жіңішкемін. Қайрат Түнтеков елге белгілі әнші болғандықтан, оны әншілікке қатысы жоқ автожарыс кейіпкері ретінде алдық. Бұдан бөлек фильмде елге танымал Нағима Есқалиева, Мұхтархан Ділдәбеков, Ерболат Құдайбергенов, «Бақай» тобы, Хадиша Сейітова сынды өнер жұлдыздары ойнайды.

- Олар ұсыныстарыңды қалай қабылдады?

- Эпизодтағы жұлдыздардың дені кинода да өздерінің шынайы есімдерімен ойнайды. Әрине, әзірге біздің базамыз айтарлықтай үлкен емес. Енді-енді тәй-тәй басқан студиямыз десек те болады. Сол себепті де қиындықтар жиі кездесті. Шындығын айтқанда, біз өнер жұлдыздарынан көмек сұрадық. Нағима Есқалиева мен Ерболат Құдайбергеновтың ролдерін Алматыға барып түсірдік. Ж.Шанин атындағы сазды-драма театрының әртістері де қол ұшын созды. Ең бастысы сценарийде жазылған кейіпкерлердің біреуі де қысқарған жоқ, барлығы да ұсынысты қабыл алды.

- Қаламақы мәселесі қалай шешілді?

- Біздің қаламақы төлеуге шамамыз болмағандықтан, әу бастан-ақ мұнымызды ашып айттық. Келісті.

- Демеушілік танытқандар болды ма?

- Нақты демеуші жоқ, бірақ қаржылай көмек бергендер бар. Басты ролді сомдаған Нүркен Иманқұловтың, Оразалиевтер отбасынан жәрдем болды.  Қуаныш Наханов ағамыз спортзалда түсірілетін түсірілімдерде көп көмек берді. Қалған түсірілімге қажетті қаражаттың барлығы «Жайдарман» студиясының есебінен болды.   

- Әр кейіпкердің тағдыры немен аяқталатынына қысқаша тоқталып өтші.

- Бас кезде 25 теңгенің кесірінен төрт жігіттің де жолы болмай кетеді. Әркім әр түрлі проблемаларға жолығады. Ақыры төрт жігіт 25 теңгені лақтырып тастайды. Өмірлерін қайта бастауға бел буады. Міне, осы жерде оларға бірінші кезекте достық қарым-қатынас көмек береді. Кино соңында бастапқы ойға алған армандарына қол жеткізеді. Мәселен, қызбен жүргіш жігіт өзінің шынайы махаббатына жолығады. Бір қызығы бұл екі кейіпкер өмірде де жұптары жарасып, отбасы құруға дайындалып жүр. Боксер да жеңіске жетеді. Шумахердің де ойлағаны орындалып, әнші бірінші рет сахнаға шығады. Осы оқиғалар арқылы біреуге көмектескенің өзіңнің де проблемаңды шешуге септігі тиетінін көрсеттік.

- Осы киноны түсіру арқылы не мақсатты көздедіңдер?

- Біздің негізгі мақсат фильм түсіру арқылы пайда табу, яғни коммерцияға айналдыру емес, осыдан түскен қаражат арқылы жеке киностудияны дамыту. Көрші өзбек, қырғыз ағайындарымыз бұл салада бізден көш ілгері кетті десе де болады. Әрине, қазақша кинолар да көп шыға бастады. Дегенмен, әлі де кенже қалып келе жатқанын мойындауымыз керек. Ал мағынасына келер болсақ, жастарға қызықты фильм ұсына отырып, адал достықты, шынайы махаббатты насихаттау болды. Сатқындықтан сақтандыру мақсаты да көзделген. Бүгінгі таңда кездесіп отырған үлкен-үлкен проблемаларға да қозғау салуға тырыстық. Бірақ, барлығы да әзіл түрінде.

- Жаңа туындыны насихаттау жұмыстары Шымкентпен ғана шектелмек пе, әлде басқа аймақты да қамтымақ жоспарларың бар ма?

- Әзірге екі апта уақыт Шымкенттегі Қазақстан кинотеатрында көрсетілмек. Біз алдын-ала қазақша киноға деген сұраныстың қай қалада қаншалықты деңгейде екеніне зерттеу жасадық. Алдағы уақытта облыстағы аудан-қалалардан бөлек Қызылорда, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл, Астана секілді облыс-қалаларға апару жоспарымызда бар. Павлодар, Петропавл, Қарағанды  секілді қалаларға да ұсыныспен шығып жатырмыз. Жалпы алғанда желтоқсанға дейін кинотеатрлар арқылы көрсетіп, кейін дискіге басып саудаға шығару жағын ойластырып жатырмыз. Бірақ, негізгі мақсатымыз дискіге басу емес, теледидардан шығару болып отыр. Өйткені, дискіде пираттыққа жиі жол беріледі. Бірқатар телеарналармен арада келісім-шарт та бар.

- Фильм сапасы мен мағынасы жағынан өз ойыңдағыдай шықты деп ойлайсың ба?

- Көңілден шыққан тұстар да, шықпаған жерлер де кездеседі. Көңілден шықпаған жайттардың көпшілігі қаржылай жетіспеушілікке байланысты. Бұған шығармашылық ұжымның, студияның кінәсі жоқ деп ойлаймын. Сала мамандарының қатысуынсыз түсірілген кино болды. Бірақ, бірқатар жеке студияларда түсірілген қазақ киноларынан сапалы шықты деп ойлаймын.

Әңгімелескен Шадияр Молдабек   

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: