«Қазақ боксына бетбұрыс қажет»,«Жас Алаш»,15 қазан 2009 жыл.
Мырзағали Айтжан, Оңтүстік Қазақстан облыстық бокс құрама командасының бас бапкері:
Атоевтың жетістігін Біржан Жақыпов та қайталауы мүмкін еді
- Күні кеше Миланда аяқталған әлем біріншілігіне ұлттық құрама команданың сапында Астана қаласынан, Жамбыл, Қостанай, Қарағанды облыстарынан екі бірдей боксшыдан қатысты. Есесіне, еліміздегі ең мықты бокс мектебінің бірі есептеліп жүрген Оңтүстік Қазақстан облысынан бірде-бір былғары қолғап шебері шаршы алаңға шыққан жоқ.
- Ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап, әлем біріншілігінен жүлделі оралуы әбден мүмкін бірден-бір боксшы, 48 келі салмақтағы Біржан Жақыпов еді. Оны алмастырған Әділет Қапезов бірінші кездесуінде-ақ тайландтық боксшыға 14-4 есебімен ұтылды. Қазақстанда соңғы бес жылдың көлемінде ешкімге ұтылып көрмеген, халықаралық бокс ассоциациясының дүниежүзілік рейтингісінде төртінші орында тұрған Біржан 2005 жылғы әлем біріншілігінде үшінші орын иеленсе, жыл басында-ақ енді ешкімге есесін жібермей топ жаратынына кәдімгідей сенім артқанбыз. Өткен жылы ғана Біржаннан оңбай жеңілгендердің екеуі де бұл жолы жүлделі орынды иеленгендеріне қарап, сеніміміз алдамағанын түсіндік. Дәлірегі 48 келі салмақта биылғы әлем чемпионы атанған монғолиялық былғары қолғап шеберінен Біржан Мәскеуде өткен әлем кубогында айқын басым түссе, екінші орынды еншілеген Давид Айрапетянды Болгарияда ұйымдастырылған халықаралық турнирде 14 ұпай айырмашылығымен ұтқан болатын. Ал Біржанның жолын кесіп жүрген Бейжін Олимпиадасының чемпионы, қытайлық Цзоу Шимин Италияға бармай қалды. Өкінішке қарай нағыз сын сағаты туған тұста Ұлттық құраманың бас бапкері Дамир Буданбеков Біржанның Азия чемпионатындағы сәтсіздігін желеулетіп әлемдік додаға қоспай қойды.
- Сөзіңіздің сыңайына қарағанда бұл шешіммен келіскіңіз келмейді.
- Соңғы Азия біріншілігінде жеңіліс тапқан өзбекстандық боксшы Аббос Атоев Миланнан әлем чемпионы атанып қайтты. Атоевтің жетістігін қайталау Жақыповтың да қолынан келуіне үлкен мүмкіндігі бар еді. Бір сәтсіздікке бола Біржан Жақыповты әлсіз санап, әлемдік бәсекеге қатыстырмай қойған бас бапкермен таласқанда не ұтамыз, үнсіз іштен тындық. Дей тұрсақ та, боксшымыз бір жарысқа бармағанына бола еңсемізді түсіруден аулақпыз. Әуелі Азия ойындары, одан әрі Лондон Олимпиадасына жолдама үлестіретін үлкен сынақ-әлем чемпионаты күтіп тұр.
- Әлбетте, әлемдік біріншілікке баруға лайықтылар іріктелгенде бірінші кезекте Бейжін Олимпиадасының қола жүлдегері, оңтүстікқазақстандық Еркебұлан Шынәлиевтің есімі үміткер ретінде аталуы заңдылық. Ол да қатыспады.
- Еркебұлан бір жыл бойы демалды. Үлкен жетістікке жетіп, әрі қарай сол деңгейде жұдырықтасу оңайға соқпайды. Шынәлиев тынығып алған соң жаттығуларына кірісті. Қазір Еркебұланның болашақ қадамдары туралы түрлі болжамдар айтылуда. Бұған айтар бір-ақ сөзім бар: барлығын ринг көрсетеді. Еркебұланның салмағында 81 келіде әлем чемпионы болған ресейлік Артур Бетербиев өзінің мықты боксшы екендігін дәлелдеді. Екінші орын алған өзбекстандық Эльшод Расулов та осал болмай шықты. Егер Еркебұлан Олимпиададан кейін екі-үш ай демалып, жаттығуға тыңғылықты түрде кіріскенде бұл жолғы әлемдік додада кемі екінші орын алар ма еді.
- Шынәлиев бүгінде үнемі көз алдыңызда жаттығып жүр екен.
- Олимпиада ойындарының алдында ол жас болғанымен жақсы дайындық жүргізді. Олимпиададан кейін ұзақ үзіліс жасап, артық салмақ жинап алды. Есесіне тәжірибесі мен шеберлігі жақсы. Жаттығудың талаптары мен тәртібін сақтаса алдағы күндері талай асуды алуына болады. Сөз жоқ, талантты боксшы. Бокс – үлкен өнер. Былғары қолғап шебері тек жұдырықтасып қана қоймай жан-жақты болуы керек. Бұл қасиеттер Еркебұланда бар. Жақсы жүгіреді, жүзеді, футбол мен баскетбол ойнайды.Күш-қуаты мықты. Жасы 22-де. Тек жалқаулығын қойып, еңбек ету жағы жетіспей жатыр.
- Жастардан кімдерге үміт артасыз?
-64 келі салмақта Қазақстанның чемпионы, әлемдік универсиада ойындарында үшінші орынға табан тіреген Алмасбек Әлібековтің, жастар арасындағы Азия чемпионы Асқар Абдуллаевтың келешегінен үлкен үміт күтуге болады.
- Ұлттық құрама басшылығы, республикалық бокс федерациясы оңтүстікқазақстандық боксшыларға дұрыс көзқарас танытпай отырғанына байланысты өздеріңіз тарапынан да мойындайтын кемшіліктер жоқ емес шығар.
- Бас бапкер Дамир Буданбеков әділетсіз әрекетке барғанын жуып-шайып ақталу үшін Біржанның Азия чемпионатындағы жеңілісі,белі ауыратындығы секілді түрлі желеулерді алға тартатыны анық. Сондықтан соңғы уақыттарда Біржанның денсаулығында кінәрат байқалмағанын айрықша атап айтқан жөн. Бокс федерациясына келсек олар жақтан ешқандай қысым жоқ. Отандық бокстың беделін сақтап қалғымыз келсе әжептеуір өзгеріс, бетбұрыс жасамай өркендеуіміз неғайбыл. Жуырда спорт және туризм министрі Оңтүстік Қазақстан облысында бапкерлер мен боксшылардың саны көптігін, бірақ сапасы аздығын сынады. Бұл орынды сын. Алдағы күндері осы сыннан қорытынды шығарып, оңтүстіктен тұтас ұлтты ұлықтайтын Әбдісалан Нұрмахановтың, Бекзат Саттархановтың, Мұхтархан Ділдәбековтің, Нұржан Смановтың ізбасарларын даярлауымыз тиіс. «Алтын шыққан жерді белден қаз» демей ме? Талай талантты боксшылардың тұсауын қиған өлкеден еліміздің атақ-даңқын әлемдік деңгейде дүркірететін былғары қолғап шеберлері шығатынына сенімдімін.
Әңгімелескен Ғалымжан Елшібай