Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев нағашысымен соттасуда

1522483875_2.jpg

2008 жыл. Бейжің олимпиадасы аяқталар сәт. Алтын күткен үміткерлер қолаға да қол жеткізе алмай, «енді жерге қарап қалмасақ болар еді» деп, бүкіл қазақ жұрты әрі-сәрі күй кешкен кез. Әйтеуір, бірақ абырой бар екен. Сол абыройға жеткізген, Қазақстан қоржынына жалғыз алтынды салып берген боксшы Бақыт Сәрсекбаев араға алты жыл салып өзін Олимп шыңына жетелеп алып барған бапкерімен соттасып жатыр. Чемпион кезінде өзі сыйға тартқан пәтерін бапкерінен қайтарып алмақ. 

Бақыт Сәрсекбаевқа кезінде қолдау білдірген Азат Перушаев ақпарат құралдарына берген сұхбатында «Аман болсын» дегеннен басқа жартымды ештеңе демеді. «Бақыт өзінің абыройын, халықтың өзіне деген сүйіспеншілігін бір пәтермен бағалай салды» дегенді де айтты. 

Әрине, бұл жерде мынанікі дұрыс, мынанікі бұрыс деу қиын.  Бірақ бәрібір де таяқтың жуан ұшы Бақытқа барып тиеді. Әрі ұстазы, әрі нағашысының ұзақ жылғы еңбегі айналдырған 100 шаршы метрлік пәтерге де тұрмағаны ма? Егер Бақыттың өзі айтқандай бапкер еңбегі 30 пайыз ғана рөль ойнайтын болса, онда ол неге Лондон олимпиадасына бара алмады? Бейжіңнен кейін әукесқой бокста тұрақтап қала алмағаны қалай? Не кәсіпқой боксқа ауыса алмады.  Екіортада шатаяқтап тұрып қалды.  

Бапкер Кәрім Махмұдовты да судан таза, сүттен ақ дей алмайсың. Жиенімен арадағы мәселені у-шусыз, бүкіл елге әңгіме қылмай шешуді алдымен жасы үлкен нағышысы ойлауы керек пе еді? Б.Сәрсекбаевтың баспананы қайтарып алуы мүмкін екенін сезген бойда оның пәтерді 270 мың долларға сатып жібергені қалай? Сәрсекбаевты пәтерден мәжбүрлеп шығару үшін сотқа қарсы талап арыз бергені де түсініксіздеу. 

  Белгілі болғандай Бейжің олимпиадасының чемпионына  Астанадан екі, Алматыдан екі пәтер берілген екен. Естеріңізде болса, Б.Сәрсекбаев 2010 жылы Алматыдағы бір пәтерін даулап, әкімшіліктен оны басыбүтін жекешелендіріп беруді талап еткені белгілі. Оның бұл тілегін бір қалталы азамат орындап берді. Енді міне, чемпион Астанадағы пәтерді  даулауға кірісті. Мақұл ғой, осы дау болған пәтер кімнің қанжығасында кетсе де қарапайым халыққа бәрібір. Пәтерді қайтарып алуға болатын шығар. Ал айрандай төгілген абыройды қайтарып алуға бола ма?


Көзқарас 

Әділхан Сұлтанбеков, «Шымкентдезинфекция» ЖШС бас директоры: 

«Әлі де лайықты бағалай алмай жүрміз»

-Олимпиада чемпионы болған Бақыт Сәрсекбаевты оңтүстік жұртшылығы шақырып, сый-құрмет көрсетті. Осы іс-шараны ұйымдастырған азаматсыз...

-Иә. Чемпионды Шымкент әуежайынан күтіп алып, ақ боз атқа мінгіздік. Облыс әкімі Нұрғали Әшімовтың қабылдауында болды. Әкімнің атынан «Лэнд Крузер» көлігін сыйға тарттық. Бұдан кейін Түркістан, Кентау қалаларын және Отырар, Мақтарал аудандарын аралады. Мұнда да көлік мінгізді, кейбір аудандар көліктің ақшасын беріп, сый-сияпаттарын жасады. 

-Жалпы Сәрсекбаевқа Оңтүстік өңірінің сый-сияпат жасауы тегін емес. Кейбір мәліметтерде Бақыт Мақтарал ауданында туылған дейді.

- Бақытың туған жері Мақтарал ауданы. Әке-шешесі жұмыс бабымен шекара жаққа кеткен. Шекарадағы  Зах деген каналдың құрылысына қатысып, кейіннен сол Өзбекстанда қалып қойған. 

-Олимпиада чемпионына қатысты дау--дамайға нендей пікір айтасыз?

- Өмірде ондай жағдайлар бола береді ғой. Бірақ сол үшін қазақтың намысын әлемдік додада қорғаған чемпионды жазғыруға, одан теріс айналуға бола ма? Егер Сәрсекбаев Бейжіңде алтын алмағанда осы олимпиададан жерге қарап қайтар едік қой. Алтынның қолда барда қадірін білгенге не жетсін. Бақытты әлі де лайықты бағалай алмай жүрміз.

Мұрағаттан, 06.02.2014 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: