Ғани Құлжанов: «Шымкенттің жігіттері тәуекелшіл»

Screenshot_22.png

...Қым-қуат, шым-шытырық тіршілік. Дәрігер болып істейтін Талғат өмірінің ойда-жоқта астан-кестені шығып, күрт басқа арнаға бұрылады деп ойламаған. Алдымен бастығы Жарас екеуінің арасында келіспеушілік орын алып, соның  салдарынан  жұмыстан кетеді. Бұдан кейін үлкен ұлы Әнуар нашақорлыққа салынып, есірткі сату үстінде тәртіп сақшыларының қолына түседі. Оны шығарып алу үшін тергеушілер ірі көлемде ақша талап етеді. Перзенті үшін Талғат үйін сатады, банктен несие алады. Ақыры қаланың қулық-сұмдығынан біржолата баз кешкен ол отбасымен туған ауылына көшіп кетеді. Осылайша бір отбасыда құлын-тайдай тебісіп өскен ағалы-інілі Әнуар мен Рахаттың өмірі екіге айырылып кете барады. Рахат әке-шешесі мен қарындасымен ауылда, ал Әнуардың өмірі тіршілігі қайнаған қалада жалғаса береді.  Бірақ екіге айырылған тағдырлар ұзамай ауылда қайта қосылады...

 Шымкенттегі «Мега» орталығының «Кинопаркінде» тұсауы кесілген «Өзіміз» (Свои) деп аталатын фильмдегі оқиғалар желісі, міне осылай басталады. Бас-аяғы бір жарым сағаттық фильмде сіз ауылдың бүкіл проблемасын, ауылдағы ағайынның ниеті мен пейілін көріп, ара-арасында  ішек-сілеңіз қата күліп аласыз. «Өзіміз» фильмі жас та болса талантымен, өнер әлемінде өзіндік қолтаңбасымен танылған, болашақта биік белестерден үмітті Шапағат Орынбаевтың туындысы. Ол фильмнің сценарийін жазған, әрі режиссері, әрі фильмдегі журналистің рөлін сомдайды. Басты рөлдерде Олжас Бекбауов (Әнуар), Нұрғазы Дәулетов (Рахат), Марат Оразымбетов (Талғат), Асема Маметова (Мадина), Ж.Шаини атындағы қазақ драма театрының әртісі Еркін Шымырқұлов (Жарас) ойнайды.  Айтқандай, фильмнен республикаға танымал актелерді де көзіміз шалды. Солардың бірі Ғани Құлжанов фильмнің тұсаукесеріне Астанадан арнайы келді.

  

Ғани Құлжанов, актер: «Шымкенттің жігіттері тәуекелшіл»

--Мен өз басым өмірімде екі фильмде эпизодттық ролді ойнадым. Оның біріншісі--Тимур Бекмамбетовтың «Дневной дозор» фильмінде электриктің ролі, екіншісі--Шапағаттың осы «Свой» фильміндегі полиция майорының ролі. Фильмді бүгін бірінші рет көрдім. Оған өте жоғары баға беремін. Шапағатқа «келесі  фильміңе түсуге шақыр, бірақ ол міндетті түрде басты рөл болсын» дедім.

--Осы рөлге ойғаныңыз үшін ешқандай ақы алмаған екенсіз...

--Иә, жасыратын не бар, тегін түстім.

--Қалай ойлайсыз, жақсы кино түсіру үшін көп ақша керек пе?

--Жоқ, бәрі де көңілге байланысты. Мәселен, «Свой» фильмінің бюджетін мен білемін. Бірақ аз ақшаға жақсы кино түсіру кез-келген режиссердің қолынан келе бермейді. Мен Шымкенттің жігіттеріне ризамын. Олар тәуекелшіл. Олар жоқтан бар жасап отыр. Мен олардың еңбегіне басымды иемін.

 

Олжас Бекбауов, фильмнің идея авторы,  Әнуардың рөлін сомдаған актер: «Идеяны шынайы өмірден алдық»

 --Фильмдегі оқиғалар өмірде болған. Сондықтан идеяны да шынайы өмірден алдық десек болады. Бірақ біз оларды көрерменнің талғамына қарай өзгертіп,  драматургиядан өткізіп, әсерлеп жібердік.

--Фильмді түсіру барысында есте қалған оқиғалар болды ма?

--Фильмнің біраз жерінде төбелес орын алады. Мәселен, Әнуарды бір топ  жігіттердің тепкінің астына алатын жері бар. Осы жерін түнгі сағат үштердің кезінде түсіргенбіз. Бұл кезе жұрттың бәрі шырт ұйқыда. Өзім де әбден шаршағанмын. Үйге қайтқым келеді. Бірақ төбелесті түсіру кезінде жігіттер шын ұрмаған соң, оншалықты сәтті шыға қоймайды. Содан кейін амал жоқ, «Жігіттер, шын ұра беріңдерші, тезірек үйге қайтайық» дейсің.

 

Шапағат Орынбаев, фильмнің сценариін жазған, режиссері:

«Алға қойған жоспарым көп»

--Фильмнің тұсаукесері бұдан бұрын Алматы қаласында өтті. Фильм Шымкентте түсірлген соң туған қаламызда да тұсаукесер өткізіп отырмыз.

--Фильм неге орыс тілінде түсірілді?

--О баста фильмді түсірер кезде осылай шештік. Оның үстіне алдағы уақыта оны ТМД елдеріне  шығарсақ деген жоспарымыз бар.

--Шапағат режиссерлік жолға біржолата бет бұрдың. Тырнақ алды туындыларыңа көрермен, мамандар жоғары баға беріп жатыр. Өзің қандай режиссердің туындыларын  ұнатасың?

--Әлемдік деңгейде Джеймс Камеронның фильмдері ұнайды. Жерлесіміз Тимур Бекмамбетовтың, ал Қазақстанда Ақан Сатаевтың фильмдерін жоғары бағалаймын.

--Алға қойған қандай жоспарың бар?

-- Алда «Оглрабление по шымкентский», «Случаяная роман» деген фильмдерді түсірсек деген жоспарымыз бар. Бірақ бұл екі фильм де таза қазақ тілінде түсірілетін болады.

Көрермендер осы фильмде ойнаған Олжас Бекбауовтың, Еркін Шымырқұлов, Нұрғазы Дәулетовтың және кино әлеміне алғаш рет қанат қаққан Асема Маметованың өнеріне жоғары бағасын берді. «Өзіміз» Шапағат Орынбаевтың түсірген бесінші фильмі. Оның бұған дейін түсірген «Аялашы мені», «25 теңге-1-2» және «Сатқын» фильмдері де көрерменнің ыстық ықыласына бөленген болатын. «Өзіміз» фильмі  республикадағы «Мега» орталықтардың «Кинопарк» жүйесінде 26 қаңтардан бастап көрсетіліп жатыр.     


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Мақпал Жұмабай: «Біз барлығымыз таза адамдардың алдында қарыздармыз»
  • Батырхан Дәуренбеков: «Анимацияның идеологиялық қару екенін әлі сезіне алмай жатырмыз»
  • Шалатай Мырзахметов, депутат: «100 мың доллар еңбекақы алған кезіміз болды»
  • Нұрлан САНЖАР: «Қожаның» көп қылығы өз бойымда да бар
  • Қайырғали МЕДЕТ: Түркістандағы НКВД-ның түрмесі бүгінде жекенің қолында
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: