Батыраш, Қотыраштардың қолынан өлген Құлагердің тағдырынан Құрасбек Тыныбеков те қашып құтыла алмады. Қай-қайсысы да жүлде алса жарасатын кілең шашасына шаң жұқпаған жүйріктердің бәрінен оза шауып, енді-енді мәре сызығын кесуге жақындаған кезінде қайран Құлагерді көздері қиып өлтіруге тасада тығылып тұрған Батыраш, Қотыраштардың қолдары қалтырамаған еді. Ал қазақ гобеленінің негізін салған нар тұлға Құрасбек Мемлекеттік сыйлық аларынан аз ғана уақыт бұрын бақилыққа аттанып, күтпеген жерден мезгілсіз келген ажалға дәрігерлер “у беріп өлтірілген” деген диагноз қойғанын туған інісі Құттыбек құжатпен дәлелдеп айтты. 1980 жылы “Қазақстан шұғыласын” жасағаны үшін басқа авторлармен бірге пәни дүниемен қош айтысып үлгерген Құрасбек Тыныбеков те Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Бақталастық пен күндестіктің құрбаны болған азамат небәрі 33 жыл ғұмыр кешті. Отызында орда бұзған дарабоз дарынның денесі әйгілі Әбілхан Қастеевтің бейітіне таяу тұсқа жерленіпті. Осылайша талантты шәкірт өнердегі Ұлы Ұстазымен Кеңсайда кездесті.
Бүгінде Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы орталық мемлекеттік музейде Құрасбек Тыныбековтың 14 туындысы тұр. Оның табиғи талантын Толыбай сыншыдай тап басып танып, шығармашылығын шыңдауға атақты Ахмет Жұбановтың інісі, Алматыдағы көркемсурет училищесінің директоры Ақырап Жұбанов көп көмектесіпті. Ауылдан Алматыға арман қуып келген балаң жігіттің өзін бұрын-соңды көрмесе де шынайы өнерін қапысыз тани білгендіктен бір ауыз орысша сөйлей алмайтынына қарамастан училищеге қабылдап, одан әрі Львовтың мемлекеттік сән және қолөнер институтына түсуіне септігін тигізіпті. Құрасбектің алғашқы ұстазы талантты қылқалам шебері Тоқболат Тоғысбаев екенін, оны тәрбиелегенін, томағасын сыпырғанға дейін есепсіз тер төккенін естен шығармауымыз қажет. Өз кезегінде Құрасбек те ізінен ерген іні-қарындастарына қамқорлық көрсетуден аянбаған адам. Олардың арасында өзінің інісі Құттыбек те бар. Құттыбек 1987 жылы КСРО Суретшілер одағының мүшелігіне қабылданып, сол кезде бұл жетістікке жеткен Қазақстандағы ең жас суретші болды. “Жігер” фестивалінде лауреат атанды. Қазақстан Республикасының “Мәдениет қайраткері” атағын алды. Ағасының абайсызда қайтыс болып, аяқтай алмай қалған “Байқоңыр” деген туындысын Құттыбек бітіргенін біреу білсе, біреу білмейді. Бұған ағасының өнердегі үзеңгілес серіктері де қол ұшын созыпты.
Жалпы Құрасбектің кіндік қаны тамған туған жері – Оңтүстік Қазақстан облысының Төле би ауданы қылқалам шеберлерінің шоғырланған өлкесі екеніне ешкім талас тудырмайды. Мықтылықты оңайлықпен мойындай қоймайтын мәскеуліктердің сынынан сүрінбей өтіп, бір ауданнан 17 КСРО суретшілер одағының мүшесі шығуы тосын құбылыс қой. Ол өмірге келген Аққұм ауылындағы орта мектепті есімі еншілегеніне бірнеше жылдың жүзі толды. Білім ордасында талант иесінің ескертіші орнатылуы да үлкен игілікті іс. Білім ордасында әр жыл сайын 7-сәуірде суретшінің туған күнін атап өту дәстүрге айналған. Қазақстанның кәсіпқой сән және қолданбалы қолөнер тарихында ең алғашқы кәсіпқой суретшілер қатарында Құрасбек Тыныбеков есімі аталады. Ол ұлттық өнердің ерекшелігі, Адам Ата мен Хауа Ана жаратылған тұстағы Қу қара, Тотем тәңірісінен бері қалыптасқанын білді. Авеста Заратуштра дінін ұстанған кезеңдердегі көшпенділердің символдарын, белгілерін пайдаланды. Мысалға, 1973 жылғы “Аспан” атты текемет туындысы осыны айғақтайды.
“Отбасы” шығармасын автор 25 жасында өмірге әкелді. Ондағы орындалу техникасында формаларды құбылту, даланың түсі, аспан, бұлт, шөп стилистикасы қазақ өнеріндегі жаңа ағым еді. Сол жылдарда соцреализм талабынан шаршаған өнерге тым үйлесім, айрықша серпін берді. Құрасбек Тыныбеков кеңестік саясаттың шектеулеріне реніш білдіре отырып, басқаша жолдар іздеді. Ұлттық ою-өрнектерді талдады, оны оқи білді, жаңаша элементтермен байытуға тырысты. Оған ізденіске толы жүздеген эскиздері куә. Осындайда “Орамал” эскизі ойға оралады. Ал “Жұқа киізге” жасаған эскиздері – күрделі талдауларды қажет ететін туынды. 1975-1980 жылдар суретшінің даралыққа бет бұрған кезеңі сияқты. Себебі, сол тұста формалы бейнені, шешімі жоқ композицияларды асқан білімділікпен, шеберлікпен шеше білген. Осы кезеңде мәңгілік пен өткіншілік, махаббат пен сүйіспеншілік, ғарыш пен тәңір, адамзаттың пендешілігі философиясын меңгерген. Шексіз даланың қазаққа қалай мұраға қалғанын толғанған, өмірдің қысқалығына налыған, ұзақ түнді ұйқысыз қарсы алған.
Алдыңғы буын ағалардан Қ. Тыныбеков жайлы: “Қазақ өнері десе күйіп-жанған азаматтың арманы асқар таудан биік еді”, - деген жылы лебізін естідік. Мұндай теңеулер босқа айтылмаса керек. “Теңіз симфониясы”, “Әлем шаттығы”, “Өмір дарағы”, тағы басқа да гоболендік шығармалары қазақ өнеріндегі алтын қордың баға жетпес байлығы есептеледі.
Айдар НИЯЗОВ, Ә. Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің директоры, өнертану ғылымының докторы:
Ерекше талант иесі еді
- Құрасбек Тыныбеков қолөнер саласында Қазақстанға ғана емес, сонау алыс шетелдерге де кеңінен таныс. Өйткені, ол қазақтың кілем тоқу өнерінде жаңа қырынан жол салып, тұңғыш гобелен өнерінің негізін қалаған көш бастаушының бірі, бірегейі. Ұлтымыздың қолөнеріне деген әсем сағынышын өзі жасаған басқұрлар мен алашаларда және кілемдердегі ою-өрнектерден байқауға болады. Бұл салада суретші қайталанбас ғажап дүниелер жасады. Оның туындыларынан халқымыздың салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары, әсем табиғат көріністері, ертегілер мен аңыздардың кейіпкерлері, фольклорлық жыр-дастандары айқын аңғарылады. Олар гобелен өнерінің композициялық құрамында тамаша өрнектеліп, бояулар бір-бірімен ырғақты байланысып, жылы қоңырқай түсті колоритті құраған.
Суреткердің жүрегі өте нәзік те сезімтал, арманшыл да әсершілдігі, туған елге деген сарқылмас таза махаббаты оның туындыларынан аңғарылады. Оның қолынан шыққан “Дала балладасы”, “Тау мен дала аңызы”, “Әуен” шығармалары – жүректегі кірщіксіз сезімінен шыққан асыл дүниелер. Композициясындағы көсіліп жатқан кең жазира дала, түрлі түске боянған әсем табиғат, жастықтың символикасы – гүлдер мен құстар өрнек түріне айналып, гобеленнің сиқырлы да әсерлі әрін аша түседі. Туған елінің әсем табиғатын өрнектеп өткен Қ. Тыныбеков халқымыздың қолөнерінде өшпес із қалдырды. Ол жасаған әсем туындылар біздер үшін әлі де аяқталмаған ән сияқты.
Мұрағаттан, 06.02.2014 ж