«Қылқалам шеберлерінің қырқыншы-жетпісінші жылдар аралығында салған туындылары облыстық өлкетану мұражайында шіріп жатыр. Мәдени мұралардан айрылып қалу қаупі туып тұр». Жуырда жергілікті, республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында және интернетте осындай мәліметтер жарияланған болатын. Жарияланған мақалаларға қарағанда мұражайдағы көркемсурет жәдігерлерінің құнын миллиондармен есептеуге болады екен. Шіріп жатқан, жоғалудың алдында тұрған бұл неғылған қисапсыз байлық? Біз осыған байланысты Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайына барып, мәселенің мән-жайын анықтап қайтқан едік.
--Мұражайда қазір қырқыншы жылдардан бергі аралықта салынған 300-ге жуық картина бар. Бұларды кезінде жергілікті суретшілер мемлекеттік тапсырыспен салған, сондай-ақ, сатып алынған және қылқалам шеберлерінің өздері табыс еткен, сыйға тартқан дүниелер. Тапсырыспен салынған дүниелердің ішінде табиғат көріністері, әр дәуірдің тыныс-тіршілігін білдіретін суреттер, танымал адамдардың портреттері көп кездеседі. Мәселен, ең ескілерінің бірі Бараисовтың «Батырдың елге оралуы» атты картинасы соғыстан кейінгі жылдары салынған. Өнертанушылар өте құнды деп бағалаған дүниелер де көп. Алпысыншы жылдары Алматыдағы Қастеев атындағы мұражай ашылған кезде, мұражайға көптеген көркемсурет мұралары табыс етіліп, қалғандары Көркемсурет көрмелері дирекциясының шешімімен облыстардағы мұражайларға жіберілген. Осындай жолдармен жинақталған картиналардың барлығы қазір мұражайдың қорында сақталып келеді. Бұқаралық ақпарат құралдарында жазылғандай шіріп жатқан ешнәрсе жоқ. Барлық жәдігер ұқыпты қаралуда. Бірақ енді көркемсурет жәдігерлерін сақтайтын жердің тиісті талаптарға сәйкес келмейтіні рас,--дейді аталған мұражайдың қор меңгерушісі Рыскүл Бекталиева.
--Осындағы сақталған дүниелердің ішінде авторы белгісіз суреттер де бар. Олар алдағы уақытта анықтауды қажет етеді. Мәселен, мен өз басым Әубәкір Исмайловтың еңбектерін миллион долларға бағалар едім. Нарымбек Нұрмаханбетов, Мұхит Каримовтың еңбектерінің құны бұдан да жоғары тұрады деп есептеймін. Өткен айда мұражайда сақтаулы тұрған 100-ге жуық көркемсурет туындысын, Көркемсурет галлереясына алып барып, сонда «Аманат» деп аталатын көрме ұйымдастырдық (Көркемсурет галлереясы осы мұражайдың филиалы болып табылады). Осы көрме барысында журналистерге кейбір суреттердің жай-күйін айтқанбыз. Айталық, жергілікті әуесқой суретші Молдағали Қалдыбаевтың бір суретін алып қарайық. Суретші өзінің еңбегін жазарда технологияны дұрыс сақтамаған. Сурет майлы емес бояумен салынған. Уақыт өте келе ол бояулар кете бастаған. Осындай суреттерді сақтап қалу үшін не істеу керек. Қайта қалпына келтіру жұмыстарын қалай жүргізу керек? Міне, осы көтерілген мәселені кейбір журналистер «шіріп жатыр» деген түсінсе керек,--дейді Көркемсурет галлереясының директоры, белгілі суретші Айнабек Оспанов.
Жалпы, облыстық мұражайдағы жәдігерлерді сақтайтын жердің тиісті талаптарға сәйкес келмейтіні жөнінде әңгіме бүгін туып отырған жоқ. Жәдігерлер сақтайтын орын дегеніміз--жертөле. Мұражайдың ғимараты о баста астыңғы қабаты дүкен, ал жоғары қабаты тұрғын үй ретінде жобаланған. Жоба бойынша жоғары қабаттар тұрғын үй ретінде пайдаланылады. Мұражай осының дүкенге арналған бөлігінде, ал мұражай қызметкерлері отыратын бөлмелер мен қор сақтау бөлімі тұрғын үйдің жертөлесі мен 1-қабатының жартысына орналасқан. Жертөледе (жәдігерлер сақталатын жер) жоғарыдағы пәтерлерге тартылған канализация мен коммуналдық қызметтің құбырлары бар. Құбыр болған соң тесіледі, су ағады дегендей. Тоқсаныншы жылдары осы құбырларда апат болып, қор бөліміне су көлкіген екен. Қазір мұнда жайшылықтың өзінде ылғал жоғары. Талап бойынша жәдігерлер жертөледе емес, жоғары қабаттарда сақталуы керек. Ал, мұндай талапқа сай келетін ғимарат мұражайда әзірге жоқ.
--Осы мәселені көтеріп жүргеніме көп жыл болды. Кезінде облысты басқарған Болат Жылқышиев көмек беруге уәде еткен. Бірақ ол кісі басқа қызметке ауысып кетті. Қалған басшылардың ешқайсы бұған назар аудармай келеді. Мәдениет басқармасынан да қайран болмай тұр. Біз жаңа ғимаратқа иегіміз қышымайды. Мұражайдың жанынан қосымша ғимарат салып алсақ та жаман болмас еді. Осы жөнінде арнайы жоба да жасалған. Оны жүзеге асыру үшін 206 миллион теңге қажет,--дейді мұражай директоры Қасымбек Бейсенов.
Оңтүстік Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы тоқсан жылық тарихы бар, жәдігерлерінің құндылығы, молдығы жағынан республикадағы санаулы мәдениет орындарының бірі болып табылады. Мұнда кейінгі жылдары көптеген жұмыстар атқарылған. «Бірақ соған қарамастан ара-тұра біздің жасап жатқан еңбегімізді жоққа шығарушылардың табылып қалатынына таңбыз. Былтыр Астанадағы үлкен мінберлердің бірінде «Кенесарының қылышы Шымкенттегі мұражайда шаң басып жатыр» деп айтылыпты. Олай деп айту үшін алдымен келіп көру керек қой. Кенесарының қылышы мұражайда ең қастерлі мұра ретінде сақтаулы тұр» деді мұражай жетекшісі. Хан Кененің қылышын мұражайға отызыншы жылдары оның немересі Әзімхан әкеліп тапсырған екен.
«Мұражай--өткен-кеткеннің жоқтаушысы, өлген дүниелерді қайта тірілтуші» дейді көненің көзін сақтаушылар. Бірақ өкінішке қарай, осы сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайына жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келеді. Дәл қазір қарапайым мұражай қызметкерінің жалақысы 20 мың теңгеге де жетпейді. Мұндай жағдайда мамандардың тұрақтап жұмыс істеуі нейғабыл.
--Бізде қазір өз ісіне шынайы берілген жандар ғана жұмыс істейді,-- дейді мұражай басшылары.
Оinet.kz мұрағатынан