Cозақ ураннан түсетін табысқа қарап отырған жоқ

Screenshot_1.jpg

Биылдың алты айының қорытындысы бойынша Созақ ауданында бюджет кірісі 31 миллирад 595 миллион теңгені құрап, жоспар 2 есеге орындалған. Жергілікті қазынаға түсетін түсімдер өткен жылмен салыстырғанда 18 миллирад 747 миллион теңгеге, яғни 246 пайызға артып отыр. Теріскейдегі халықтың да әлеуметтік тұрмысы өзгелермен салыстырғанда көш ілгері. Мәселен, облыс орталығы--Шымкентте орташа айлық жалақы 58 мың теңгенің төңірегінде болса, Созақта ол 126 181 теңгені құрайды. 

Таңқаларық. Барлық сала бойынша ауыз толтырып айтарлық жетістікке жеткен Созақ ауданы өткен маусым айында аудан-қалалардың рейтингісі бойынша екінші орында тұрса, арада бір ай өтер-өтпес, яғни бірінші жартыжылдықтың қорытындысында 10 орынға бірақ сырғыған. Аудан әкімі Созақбай Әбдіқұлов облыс әкімдігі белгілеген бұл рейтингісімен келіспеймін дейді. Оның айтуынша, Созақта асыл тұқымды мал басы, бюджет берешектерін өндіру туралы мәліметтер дұрыс есепке алынбаған. 

Әрине, теріскейдің әл-ауқатын арттырып, аудандардың ішінде өз қасығы өз аузына жететін бірден-бір ауданға айналдырған атом өнеркәсібі екендігінде дау жоқ. Бірақ дәл бүгінгі күні Созақ аудандық әкімдігі тек ураннан түсетін теңгеге қол жайып отыр десеңіз қателесесіз. Ауданда халықтың әл-ауқатын арттыратын бірқатар инвестициялық жобалар жасалып жатыр. Теріскей өңірінің кейінгі жылдары  инвесторлар үшін тиімді өңірге айналғаны да жағымды жаңалық. Мәселен, биыл ауданға тартылған инвестицияның көлемі 15 миллирад 54 миллион теңгені құрап, өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 142 пайызға артқан. Жақында ауданда йодталған ас тұзын өндіретін «Созақ тұз» ЖШС-і өзінің өнім көлемін 20 мың тонна арттырмақ. Ол үшін шетелдік инвесторлардың көмегімен  құны 229 миллион теңге болатын зауыт салынбақ. Теріскейдің қойнауынан «көгілдір отын» да табылып отыр. Қазір осы табиғи байлықты игеру үшін «МарсельПетролиум» ЖШС барлау жұмыстарын жүргізуде. Қаратаудың фосфорға бай екені бұрыннан белгілі. Бұрын осы байлықты Шымкент фосфор зауытында өнделіп келген болатын. Бірақ тоқсаныншы жылдары кәсіпорын тіршілігін біржолата тоқтатты.  Міне, араға жиырма жылға жуық үзіліс салып фосфор кенін қайта игеру жұмыстары қолға алына бастады. Егер бұл алып жоба жүзеге асқан соң, мыңдаған, адам жұмыспен қамтылады, фосфордан шығатын минералды тыңайтқыштар ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен қанағаттандырады. Жарайды мұның бәрін алда атқарылар тірлік дейік. Созақта өткен алты айда нақты не тындырылды?

Жер көлемі жағынан облыстың үштен бірін алып жатқан Созақ аграрлы аудан. Мұнда қазір 648 агроқұрылым бар. Бүгінгі күнге  соның ішіндегі 205 шаруақожалығы іріленген. 13 агроқұрылым асыл тұқымды мал басын көбейтумен айналысып отыр. Алты айда 46,4 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізілсе, 0,355 гектар жерге жылыжай салынған. Яғни, облыс әкімдігі тарапынан осы салада берілген тапсырмалар толығымен орындалған. 

 Білім, денсаулық сақтау саласында да оң өзгерістер көп. Биыл наурызда «Катко» бірлескен кәсіпорнының демеушілігімен аудандық перзентханаға 11 миллион теңгенің заманауи құрал-жабдықтары алынған. Аталған кәсіпорынның демеушілігімен Шолаққорған ауылында А.Сүлейменов атындағы мектептің құрылысын биыл аяқтау көзделіп отыр. Сондай-ақ, Теріскейде облыстық және аудандық бюджеттердің есебінен  1 859 119 мың теңгеге 4 мектептің, 25 орындық аурухананың, 3 елді мекенде дәрігерлік амбулаторияның және Баба ата ауылында медициналық пунктттің құрылысы жүріп жатыр.

 --Рас, ауданда ауыз су проблемасы бар. Шолақорғанда су 24 сағат беріледі. Қарағұрда, Сызғанда қосымша ұңғы қазылып жатыр. Ол біткен соң аталған елді мекендерге де су тәулік бойы беріледі.  Тасты елді мекеніндегі қазылған ұңғыдан шыққан судың кермектігі жоғары болып, СЭС пайдалануға рұқсат бермей отыр. Қазір мердігер қайта ұңғыма қазып жатыр. Сапалы су шығармайынша біз олардың жұмысын қабылдамаймыз. Кемшілік жоқ демеймін. Істелген жұмыстан істелмегені көп,--деп аяқтады баяндамасын Созақбай Әбдіқұлов. 

Бұдан кейін сөз алған облыс әкімінің орынбасарлары мен басқарма басшылары мынадай пікір білдірді:

Әли Бектаев, облыс әкімінің орынбасары:

--Ауданда білім саласы бойыншы жүйелі жұмыс бар. Әсіресе бүлдіршіндерді балабақшалармен қамтамасыз етуде Созақ өзге аудандарға үлгі боларлық. Созақ барлық ауыл әкімдік орталықтарында балабақшасы бар бірден-бір аудан. Биылдың өзінде 7 балабақша ашылады. 2010 жылы барлық бүлдіршіндердің  40 пайызын балабақшамен қамту талап етіліп отыр. Ал, Созақта бұл көрсеткіш бүгінгі күні  42 пайызды құрап отыр. Мәдениет, спорт саласы бойынша жақсы жұмыстар атқарылды. Соңғы бірнеше жылда аудан орталағына лайықты спорт кешені, екі стадион,  ипподром, басқа да спорт кешендері пайдалануға берілді. Жалпы, ауданның жұмысын қанағаттанусыз деп айтуға болмайды.  

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары Батырша Маханов:

--Созақтағы ауыз су мәселесі биыл екі мәрте қаралды. Көптеген сын айтылды. Қазір біршама жұмыстар атқарылды. Есептегіштер орнату жобаға жақындап қалды. Бірақ көшедегі су құбырын тартып алуға жұрттың барлығының жағдайы көтере бермейді. Сондықтан шамасы жетпейтіндерге әлеуметтік көмек беру жағын қарастыру керек», деді. Ал, облыстық қаржы басқармасының бастығы Галина Морозованың айтуынша, Созақта кейінгі айларда игерілмеген қаржының көлемі өсіп келеді. Тамызда ол 70 милионға дейін жетуі мүмкін екен. 

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Ерлан Айтаханов:

--Созақты басқа аудандармен салыстырумен болмайды. Өкінішке қарай, ауданның мүмкіндігі толық пайдаланылмай отыр. Аудан тек ураннан түсетін табысқа қарап отыр. Созақта, Қаратауда, Бетпақ далада фосфор, тұз, алтын, құрылыс материалдарын өндіруге болады. Осы сала неге дамымайды?  Жылыжай неге салмайсыздар? Сонда көкөністі сырттан тасымалдамайсыздар.  Созақта өзіндік кірістің  70 пайыздайы ураннан түседі. Осы жақсы ма енді? Бүкіл аудан бір ғана салаға қарап отыр. Шағын бизнесті дамыту керек. Кішігірім кәсіпкерлік мекемелер ашуға болады ғой. Өзіндік кіріс азайып жатыр. Тағы да айтамын, аудан ішкі резервті толық  пайдаланып отырған жоқ. Аудан әкімінің жұмысы қанағаттанарылық,  бірақ жұмыс жеткіліксіз дәрежеде»--деді. 

Созақта ураннан басқа өндірістің, оның ішінде тұз, фосфор, газ өндірудің қола алынып жатқанын, биыл жылыжай салу мен тамшылатып суару әдісін енгізу бойынша берілген тапсырмалардың орындалғанын аудан әкімі Созақбай Әбдіқұлов өз баяндамасында атап кеткен болатын. Ерлан Айтаханов мұны естімеген бе?!  Естімесе есітемеген шығар, бірақ облыстағы  өндіріске жауапты басшы мұны бес саусағындай білуі тиіс емес пе? Мұны бір деңіз. Екіншіден, Созақтың рейтингісін шығаруда кейбір салалар бойынша мәліметтердің дұрыс сарапталмағанын, соның салдарынан ауданның 2 орыннан 10 орынға түсіп кеткенін жоғарыда айттық.  Бұдан кейін жұртшылық арасында «Егер бұра тартушылық болса, рейтингі шығарып, көзбояшылық жасаудың не қажеті бар еді» деген түсінік қалыптаспай ма? «Осы жақсы ма енді?!».

Созақбай ӘБДІҚҰЛОВ, Созақ ауданының әкімі:

--Биыл ауданда 13 үлкен жоба дайындалып жатыр. Сол кезде 111 жұмыс орны ашылады. Жоба бойынша минералды су шығарылады. Демалыс орындарын, шипажайлар  ашу жоспарлануда. Бұл шипажайларда қымызбен, қымырынмен емдейтін болады, әрі олар төрт мезгілде жұмыс істейді. Сүт, тері цехтарын ашу үшін жұмыстар жүріп жатыр. 

Мәжілісте айтылған ұсыныстың бәрі орынды. Бірақ өндірісті дамыту, тұз алтын-күміс өндірудің алғашқы қадамдары жасалып жатыр. Ал, фосфор өндіру келесі жылдан басталады. 

--Аудан бюджеті толығымен уранға қарап отыр, өзіндік кіріс төмендеп кетті, 70 миллион теңге игерілмей жатыр деген сынға не айтасыз? 

--Өзіндік кіріс өсіп отыр. Биылғы алты айда оны 176 миллионға көбейттік. Бүгіні күні қаржы  99,6 пайызға игерілген. Игерілмегені тек 12 миллиондай ғана. Морозованың 70 миллион теңге дегені бұрынғы мәлімет. Бұл дұрыс емес.

--Облыс әкімдігінің берген бағасына көңіліңіз толады ма?

 --Қанағаттарлық, бірақ атқарылған жұмыс жеткіліксіз деп отыр. Енді бағаны берген солар ғой. Өздері біледі... 

oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: