Созақтық қос шенеунік қызметімен қош айтыспақ

08f4f462fa6fd2e0e29e539489c44942-604x405.jpg

Тендер жарықтық кімдердің түбіне жетпеді дейсіз?!  Бірақ тендердің төңірегінде қаншама  қылмыстық, тәртіптік істер қозғалып, жауаптылардың алды темір торға тоғытылып, арты жылы орнымен қош айтысып жатқанымен, одан сабақ алған шенеунікті көрмедік.

  Өткен аптада Тәртіптік кеңес өзіне жүктелген міндеттерді атқару барысында тәпсісінен жаңылған созақтық үш қызметкердің мәселесін қарады.  Тәртіптік кеңестің қармағына бұл жолы ұсақ шабақ емес, шортандар-- аудан әкімінің орынбасары мен аудан әкімі аппаратының басшысы және аудандық бөлім бастығының орынбасары ілігіпті.

Тәртіптік істің мән-жайына қарағанда, аталған шенеуніктердің ішіп-жеп қойған ештеңесі жоқ. Сондықтан да болар жауаптылардың барлығы дерлік өздерінің анау айтқандай қылмысқа бара қоймағанын айтып ақталды. Алайда   шенеунік қылмыс істесе, оның ісін Тәртіптік кеңестен де құрығы ұзын құзырлы органдар майшаммен қарар еді-ау. Тәртіптік кеңестің алдына келген мемлекеттік қызметкерлердің басты кінәсі жаупсыздығында, өз ісіне салақ-салғырт қарағандығында, заң талаптарын бұзғандығында. Дер кезінде тиісті шара көрмесе оның күні ертең қылмысқа бармасына кіп кепіл?! Тәртіптік жазаның басты қағидасы да осы--заңды аттап өткен шенеунікке «тәйт» деп, тізгінін тартып қою емес пе? Соныменен...

Созақ ауданы әкімінің орынбасары Нұрлан Зейдулланың ісі Тәртіптік кеңеске Созақ аудандық прокуратурасы арқылы келгені мәлім болды. Ал оның қызмет барысында жіберген заңбұзушылықтарын облыстық қаржы бақылау инспекциясы анықтапты. Тарқатып айтар болсақ, 2012 жылдың ақпанында аудандық білім беру бөлімі мектептердегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтамасыз ету үшін тендер өткізу туралы тапсырыс берген. Тендерді өткізу экономика және бюджеттік жоспарлау бөліміне жүктеліп, арнайы комиссия құрылады. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Зейдулла осы комиссияның төрағасы болып бекітілген. Ал, тендер өткізудің ережесі бойынша төрағалыққа бөлімнің бастығы немесе орынбасары тағайындалуы тиіс екен. Мұны бір деңіз. О бастан-ақ заңсыз жолмен төрағалыққа келген Нұрлан Зейдулла жетекшілік еткен комиссияның бұдан кейінгі қадамы да шалыс кеткен. Конкурсқа екі жеке кәсіпкер қатысуға ниет білдіріп, нәтижесінде жеке кәсіпкер «Жұманова» бір лот бойынша (641 мың теңгеге) жеңімпаз деп танылады. Бірақ кейіннен инспекция мамандары анықтағандай, жеңімпаздың конкурсқа өткізген құжаттары заң талаптарына сәйкес болмай шыққан. Дәлірегі ол 1 пайыздық кепілдік қаражатты  конкурсты ұйымдастырушының банктегі шотына емес, өзінің «БТА банкіндегі» есебіне аударған.

Сонымен бірге Н.Зейдулла жетекшілік еткен комиссия білім бөліміне қарасты бірқатар интернаттар мен балабақшаларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге конкурс өткізеді. Конкурсқа 4 әлеуетті өнім беруші қатысқан. Бірақ 19 наурыз 2012 жылы комиссияның отырысында конкурс өткізілмеді деп танылып, оны бір көзден сатып алу тәсілі арқылы өткізу туралы шешім қабылданған. Нәтижесінде төрт әлеуетті өнім берушінің барлығы бірнеше лот бойынша жеңімпаз деп танылған. Кейіннен тексеру кезінде белгілі болғандай, жеңімпаздар--жеке кәсіпкерлер «Р.Азибев», «А.Азмуддинқызы» және «Көкалаң» шаруақоржалығы мен «Теріскей Жарық» ЖШС-інің   конкурсқа өткізген құжаттары заң талаптарына сәйкес болмай шыққан. Бірі тауар сертифкаттарын,  бірі кепілдемесін табыс етпеген.

Осылайша мемлекеттік сатып алу бойынша өткізілген конкурстарды ұйымдастыру барысында Н.Зейдулла комиссия төрағасы ретінде  заң талаптары мен ережелердің орындалуын қамтамасыз етпей, қатысушыларға көзделмеген артықшылықтар жасаған. Тәртіптік кеңес мүшелерінің шешімімен оған атқаратын қызметінен босату түріндегі жазаны қолдану туралы ұсыныс Созақ ауданының әкімі А.Аймұрзаевқа жолданды. Ұсыныс дегенімен, оның нақты орындалатынына күмәнданбаңыз. Еңбек жолында Шардара аудандық әкімдігінде бөлім меңгерушісі, облыс әкімі аппаратында бас маман қызметтерін атқарған, 2010 жылы Созақ ауданы әкімінің орынбасары болып тағайындалып, отызында орда бұзған Нұрлан Зейдулла осылайша ойламаған жерден мұрттай ұшты.

 Ал, Созақ ауданы әкімі аппаратының басшысы Қалдыбек Оразовтың тәртіптік ісін тәптіштеп түсіндірудің қажеті жоқ шығар. Бұл да жоғарыдағы шенеунік сияқты тендерлік комиссияның төрағасы ретінде заң талаптарының сақталуын қадағаламаған. Аудандағы Бақбергенов және Т.Әлімқұлов атындағы мектептердің қазандығы мен су жинайтын мұнарасын ағымдағы жөндеуден өткізуге екі лот бойынша конкурс жарияланады. Оған астаналық  «BR-construction companyi» ЖШС мен шымкенттік «Стройтехмонгтаж-М» ЖШС-і қатысқан. Комиссия 2011 жылдың 5 қазанында екі компанияның  құжаттарын дұрыс деп тауып, конкурстың келесі кезеңіне қатысуға мүмкіндік береді. 7 қазанда  «BR-construction companyi» ЖШС екі лот бойынша да жеңімпаз деп танылған. Бірақ кейіннен белгілі боғандай,  «BR-construction companyi» ЖШС-інің қарызы жоқ екендігі туралы салық органдарынан алынған анықтамасында салық органы басшысының қолы қойылмаған және мөр басылмаған болып шыққан. Осыдан кейін қаржылық бақылау инспекциясы анықтаманы берген Астана қаласының Алматы аудандық салық басқармасына сұрау жіберген. Ондағылар компанияға ешқандай анықтама бермегенін мәлімдеген.

Қ.Оразовтың да алдыңғы әріптесі сияқты қызметімен қош айтысуы әбден мүмкін еді. Дегенмен оның бұған дейін ешқандай тәртіптік жаза алмағаны ескеріліп, қызметіне толық сәйкес еместігі жөніндегі ескерту ұсынылды. Ұсынысты орындау Созақ ауданынының әкімі А.Аймұрзаевқа жолданды.

2011 жылы Созақ ауданы экономика және қаржы бөлімінің бастығы қызметін атқарып жүрген Мейірман Архарбеков Шолаққорғандағы «Тәуелсіздік» алаңы құрылысын жүргізуге байланысты құрылған тендерлік комиссияның төрағасы болған. Бұл комиссияның жіберген олқылықтары тіптен сорақы. Өйткені конкурста атқарылатын жұмыстың көлемі 199 миллион 771 мың теңгеге бағаланған. 2011 жылдың 6 желтоқсанында конкурсқа бір ғана әлеуеттік өнім беруші қатысуына байланысты өтпеді деп танылады. Ал, 7 желтоқсанда конкурс бір көзден сатып алу тәсілі арқылы өткізіліп, нәтижесінде 173 миллион 600 мың теңге ұсынған «Жаңа Арна Құрылыс» ЖШС-і жеңімпаз деп танылады. Алайда мұның бәрі де көзбояушылық болып шықты. Өйткені комиссия құрылысқа қанша қаржының қажет екенін нақты білмеген. Себебі бұл кезде құрылыс жұмыстарының жобасы әлі мемлекеттік сараптамадан өткізілмеген екен. Мемлекеттік сараптаманың қорытындысы  21 желтоқсанда дайын болған. Осы сараптамада атқарылатын жұмыстың шығыны 199 миллион 771 мың теңге емес, 162 миллион 825 мың теңге екені анықталады. Сонда созақтық шенеуніктердің мемлекеттік сараптамадан өткізілмеген жобаға қаржы бөліп, тендер өткізіп, терлеп-тепшуінің сыры неде? 162 миллион теңгенің жұмысын мердігерге 173 600 мың миллион теңгеге ұтқызып беру ақылға қона ма?

Бұдан бөлек М.Архарбеков төрағалық еткен комиссия Таукент поселкесі Жыныс елді мекенінде 80 орындық балабақшаның құрылысына және аудандағы мектеп-интернаттарды азық-түлікпен қамтамасыз етуге қатысты конкурстар өткізген. Осы конкурсқа қатысқан әлеуетті өнім берушілердің құжаттары заңға сәйкес болмай шықты.

Бір айта кетері, Мейірман Архарбеков аудандық экономика және қаржы бөлімінің бастығы лауазымынан 2012 жылдың шілдесінде босатылып, осы уақытқа дейін аталған бөлім бастығының орынбасары қызметін атқарып келген. Оның орнынан не үшін кеткені бізге беймәлім. Тәртіпті кеңес енді оны бұл қызметінен де босату туралы ұсыныс берді.  

Тәртіптік кеңесте мәселесі қаралған шенеуніктер тендерлік комиссияның құрамындағы заңгерлеріне сеніп қалғандарын да айтып ақталып отыр. Тендерге қатысты құжатқа өзіне сеніп емес, өзгеге сеніп қол қойған адамның сиқы осындай болды.

P.S. Айтқандай, мәжілісте кеңес мүшелері аталған заңбұзушылықтардың барлығы да Созақ ауданының бұрынғы әкімі Берік  Мейірбековтың тұсында орын алғанын тілге тиек етіп, «Мейірбеков мемлекеттік қызметте болса, оны да шақырып мәселесін қарау қажет» деген ұсыныс айтты.

Созақтықтар «министр» деп атап кеткен Берік Мейірбековтың кезінде жазған анкетасында қате өріп жүргені үшін «Рейтинг» газетінде сыналғаны оқырманның есінде болар. Кейіннен газетке берген сұхбатында «Елбасының Жолдауда айтқанын екі ай бұрын бастап қойғанбыз» деп, Созаққа құрғақ сөзбен «қала тұрғызып» жүрген Берік Қуанұлы биылдың сәуірінде қызметінен кеткен болатын. Өзге әкімдер сияқты «басқа қызметке ауысына байланысты» немесе «өз еркімен» емес. Біздің білетініміз, қазіргі уақытта «министр» Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне қарасты департаменттердің бірінде директор. Яғни, мемлекеттік қызметте.  Әлі де бастық. Тәртіптік кеңес «Берік Мейірбековтың мәселесін күн тәртібіне қойыңыздар» десе, енді оған не кедергі?

Мұрағаттан, 30.08.2012 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: