Осы аптада Қазақстанның атом саласының қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтті. Анығында бұл барша қазақстандықтарға ортақ мереке әрі тәуелсіздігіміздің жетістігі деп қабылдаған жөн. Себебі, қазіргі таңда уран өндірісі бойынша еліміз әлемде бірінші орында. Ал республикадағы ең маңызды уран кеніштері Оңтүстікте шоғырланғанын ескерсек, облысымыз үшін бұл мерекенің маңызы зор екені даусыз. Сонау кеңес дәуірінен бері жұмыс істеп келе жатқан кеніштерден бөлек тәуелсіздік жылдарында жаңа кәсіпорындар ашылды. Солардың арасында Отырар ауданында орналасқан «Заречное» кенішінің алар орны ерекше. Біріншіден, бұл уран өнеркәсібі саласындағы Қазақстан мен Ресейдің бірлесіп жүзеге асырған тұңғыш жоба. Екіншіде, Отырар ауданындағы тұңғыш әрі жалғыз ірі кәсіпорын. Жергілікті тұрғындар үшін «Заречное» бірлескен кәсіпорны» Акционерлік қоғамы әлдеқашан брендке айналғаны рас.
Компанияға Рустам Медеу есімді азамат басшылық жасайды. Тәжірибелі де білікті басшы уран саласында 12 жылдан бері еңбектеніп келеді. «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясы биыл 15 жылдық мерейтойын атап өткенін ескерсек, әңгімемізді отандық атом өнеркәсібінің кешегі және бүгінгі жай-күйінен бастағанды жөн санадық.
- Рустам Қалибекұлы, тәуелсіздіктің 20 жылында Қазақстанның атом өнеркәсібі айтулы табыстарға жетті. Отандық уран саласы бұған қалай жетті? Бүгінгі жағдайы қандай?
- Тәуелсіздік жылдарында отандық атом өнеркәсібі үлкен жол жүріп өтті. Жеткен жетістіктерге қысқаша тоқталар болсам, әуелі мына мәліметтерді келтіргім келеді. «Қазатомпром» компаниясы құрылған 1997 жылы елімізде бар-жоғы 800 тонна уран өндіріліпті. Бұл көрсеткіш бойынша әлемде тек 13 орында едік. Ал бүгінгі таңда Қазақстан жылына стратегиялық тауардың 20 мың тоннасын өндіріп, дүниежүзінде бірінші орынға шықты. Бұл әлемде өндірілетін уранның 33,9 пайызы. Сол жылдардың табысы мен бүгінгі көрсеткіштердің айырмашылығы жер мен көктей. Компанияның таза табысы 185 есе өскен! Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында «Қазатомпромның» құрамында кеңес дәуірінен бері келе жатқан үш филиал ғана болатын. Олар орталық кеніш басқармасы, «Степное» кеніші және Қызылорда облысындағы №6 кеніш басқармасы. Бүгінгі таңда «Қазатомпром» компаниясының құрамында Оңтүстік Қазақстан және Қызылорда облыстарында ғана емес, Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Ақмола облыстарында орналасқан алпауыт кәсіпорындар ойдағыдай жұмыс істеуде. «Қазатомпром» компаниясының құрамында 25 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Әрине, компания бір орында тұрған жоқ, үнемі даму үстінде. Назар аударарлық жайт - біз тек шикізат өндірумен шектелмейміз. Қазіргі таңда «Қазатомпром» сирек және сирек-жер металдары саласында жаңа жобаларды дамытуды қолға алды. Бұл мақсатта Жапонияның «Сумитомо» және «Тошиба» секілді аты әлемге әйгілі компаниялармен екі бірлескен кәсіпорын құрылды. Сонымен қатар, соңғы жылдарда отандық уран операторы альтернативті энергетика көздерін дамыту ісімен де шұғылдануда. Яғни, күн энергетикасын алу, өндірістік жер генераторларын құру, жылу-сорғы қондырғыларын шығаруда айтарлықтай ілгерілеушіліктер бар. «Қазатомпром» өз кәсіпорындарында жылу сорғыларын орнатуға да кірісті. Сонымен қатар, бұл қондырғылармен Шығыс Қазақстандағы бюджеттік саласының нысандары да қамтылуда. Бұдан бөлек компания тарапынан ғылымның дамуына қомақты қаражат бөлінеді. Ал отандық ғалымдардың бірқатар жаңалықтары әлемде тиімді түрде қолданысқа енгізілді. Әрине, «Қазатомпром» компаниясы жұмысының ең негізгі көрсеткіші - әлемдегі 1 орынды иеленуі. Уран – Алланың қазаққа берген байлығы, халқымыздың ортақ қазынасы. Сондықтан, отандық уран саласының келешегі жарқын. Мұның басты себебі - мұнайдың бағасы жылдан-жылға артып келеді. Демек, соның күшімен алынатын энергияның бағасы да қымбаттай бермек. Ал атом энергиясының арзан әрі қоршаған ортаға мейлінше аз залал келтіретін энергия ретінде құндылығы арта түседі. Әрине, атом энергетикасында барлық қажетті қауіпсіздік шараларын қатаң түрде сақтау керек. Жалпы, «Қазатомпром» компаниясының басты мақсаты өндірістік жоспарды орындау емес, қауіпсіздік болып табылады. Адам өмірінің, қоршаған ортаның қауіпсіздігі.
- Өзіңіз басқаратын «Заречное» кәсіпорнының ашылуы әу баста-ақ Қазақстан мен Ресей үшін айрықша маңызы бар жоба ретінде танылуымен ерекшеленді. Бірлескен кәсіпорынның ашылуына екі елдің лауазымды тұлғалары арнайы келіп қатысуы осының айғағы іспетті емес пе?
- Иә, шынында да «Заречное» кенішінің іске қосылуы тек Қазақстан мен Ресей емес, бүкіл ТМД кеңістігіндегі елеулі оқиға болды. Бұл «Қазатомпром» компаниясының бірлескен түрде жүзеге асырған алғашқы жобаларының бірі болып табылады. Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстанның премьер-министрі және Ресейдің атом энергиясы жөніндегі федералдық агенттігінің басшысы қатысты. Осының өзі Қазақстанның Ресеймен арада тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатуға деген ниетін айқын білдірді. Атом энергетикасы бағытындағы қарым-қатынастың арнайы бағдарламасы әзірленді. 2007 жылы іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталған соң уран өндіру процесі басталды. Алғашқы жылдарда өндірілген уранның көлемі 130-176 тоннаны құрады. 2009 жылы 500 тонна, соңғы екі жылдың көрсеткіші 800 тоннаға жеткіздік. Биыл жобалық қуаттылық – жылына 1000 тонна көрсеткішке шығуды көздеп отырмыз. Компанияда 419 адам жұмыс істейді. Олардың 350-і өндірістік секторда еңбек етуде. Кәсіпорынның негізін Көксарай ауылының маңындағы кеніш және Темір стансасындағы ауыстыру бекеті құрайды. Бүкіл жұмысшылардың 65 пайызы жергілікті тұрғындар болып табылады.
- «Заречное» БК» АҚ-ның Отырар ауданы үшін де маңызы зор, себебі күні кешеге дейін мұнда ірі кәсіпорын мүлдем болмаған. Уран өндірісінің дамуы есебінен аудан айтарлықтай табыс тауып отырғаны жасырын емес. Осы тұрғыда компанияның жүргізіп отырған әлеуметтік саясаты жайлы әңгімелеп берсеңіз.
- Компанияның Отырар ауданындағы әлеуметтік саясаты кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді деуге болады. «Заречное» кәсіпорны өзінің қызметін бастаған сәттен келісім-шартта көрсетілген міндеттемелерін мінсіз орындап, аймақтың әлеуметтік қажеттіліктеріне қомақты қаражат жұмсап келеді. Бірақ, біздің әлеуметтік салаға көмегіміз мұнымен шектелмеді. «Қазатомпром» компаниясы осы өңірде бірқатар ірі әлеуметтік жобаларды іске асырды. Мына бір деректі келтірейін: 2011 жылғы мәлімет бойынша Отырар ауданының әлеуметтік саласына «Қазатомпром» және оынң құрылымдық компаниялары тарапынан 1 миллиардтан астам теңге жұмсалған. Бұл өте қомақты қаражат. Атап айтсақ, осы қаржының көмегімен Темір ауыл округі мен Көксарай ауылындағы мектептер күрделі жөндеуден өткізілді. Темір ауылында Әлиев атындағы жаңа мектеп салынып, пайдалануға берілді. Шәуілдір ауылындағы орталық стадион күрделі жөндеуден өткізіліп, кейінірек спорт-сауықтыру кешені салынды. Сондай-ақ, осында 55 орындық балабақшаның пайдалануға берілуі мектепке дейінгі балалар тәрбиесі мәселесін шешуге айтарлықтай үлес қосты. Бірқатар мәдениет нысандары, оның ішінде Қоңыр ауылындағы Ш.Қалдаяқов атындағы Мәдениет үйі, Шәуілдір ауылындағы Әл-Фараби атындағы Мәдениет сарайы күрделі жөндеуден өтті. Аудандағы жолдардың тұрақты түрде жөнделуіне де кәсіпорынның септігі тиіп жатыр. Бұл тек ірі жобалар. Одан бөлек жыл сайын әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қаржылай қолдау көрсетіп келеміз.
- Әлеуметтік көмек бөлу мәселесін кім, қалай шешеді?
- Бізге келіп түсіп жатқан өтініштер мен хаттар көп. Әрине, барлығының мәселесін шешуге шамамыз жетпейді. Бірақ, қолымыздан келгенше жәрдемімізді аямаймыз. Сондықтан, 2009 жылдан бастап Отырар ауданы әкімдігімен арада Меморандум түзуге көштік. Бұл жұмысқа аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі етене араласты. Нәтижесінде біз қажетті қаржыны бөлеміз, ал аудан басшылығы оның қажетті мақсаттарға жұмсалуын қадағалайды. Бұл кәсіпорын үшін де, әкімдік үшін де тиімді жүйе. Қаржыны бөлу процесі ашық түрде жүргізіледі, оның нәтижелері, атқарылған жұмыстар жайлы халықпен кездесулерде есеп беріледі. Соңғы бірнеше жылда біз білім жобаларына үлкен мән бере бастадық. Кәсіпорын ашылғалы әлеуметік аз қамтылған отбасылардың балаларын оқытуға жәрдем беріп келгеніміз өз алдына, 2010 жылдан бастап жергілікті тұрғындардың өтініші бойынша аудандағы үздік оқушыларды Ресей мен Қазақстанның беделді жоғары оқу орындарында білім алуын қаржыландырып келеміз. Халықпен кездесулердің бірінде «Заречное» БК» АҚ шетелдік оқу орындарында мамандық алуға арнайы грант бөлсе екен» деген ұсыныс айтылды. Біз бұл бастаманы бірден қолдадық. Әріптес ретінде Томск политехникалық институтын таңдадық. Бұл аса беделді де абыройлы оқу орны бұрыннан бері уран өндірісі жүйесіндегі кәсіпорындарға қажет мамандарды даярлап келеді. Біз дәл осындай профильдегі мамандарға зәруміз. 2011 жылы отырарлық мектептердің үш түлегін, былтыр алты баланы жібердік. Бірден айтайын, грант иелерін таңдау ісіне мүлдем араласпаймыз. Бұл іс аудандық білім бөліміне тапсырылған. Отырар ауданының басшылығы шетелдік оқу орнына үздік оқушыларды жіберуге мүдделі, себебі Томск политехникалық институтында студенттерге өте қатал талаптар қойылады. Оның үстіне, сапалы білім алу үшін орыс тілін жетік меңгеру қажет. Қазіргі таңда сонда оқып жатқан балалар да, олардың ата-аналары да дән риза. Сонымен бірге Алматы мен Тараздың жоғары оқу орындарына да оқушыларды жібереміз. Көбісі қазірдің өзінде болашақта біздің кәсіпорында жұмыс істегісі келетінін айтады. Жалпы, Отырар ауданындағы оқушылардың арасында техникалық мамандықтарға деген қызығушылықтың күрт өскенін байқау қиын емес. Меніңше, бұл жақсылықтың нышаны.
- Бұл сөзіңізден түсінгеніміз, болашақта кәсіпорынның кадрлық саясатында жергілікті мамандарға басымдық беріле ме?
- Әрине. Бірақ, барлығы ең әуелі оқушылардың өзіне байланысты. Отырар ауданы тұрғындары арасында білікті кадрлардың жетіспеушілігі кәсіпорын ашылған кезде-ақ бірден білінді. Оның себебі белгілі, ауданда ірі кәсіпорын болмағандықтан техникалық мамандық иелеріне сұраныс та төмен еді. Оның үстіне, біздің «Заречное» кәсіпорының жұмысы уранмен байланысты болғандықтан, бізге арнайы білімі бар мамандар қажет. Сондықтан алғашқы жылдарда Созақ ауданынан көптеген жұмысшы шақыртуға мәжбүр болдық, өйткені теріскейде кеңес дәуірінен бері жұмыс істеп келе жатқан уран кеніштері бар. Сонымен қатар Қырғызстан мен Өзбекстаннан да мамандарды алдырдық. Бүгінгі таңда жұмысшылардың арасында отырарлықтардың үлесі анағұрлым басым. Дегенмен, жергілікті тұрғындар арасында білікті кадрлар әлі де жетіспейтіні байқалып отыр. 2009 жылдан бастап білім гранттарын бөлу ісіне айрықша мән беруіміздің басты себебі де осы. Әйткенмен, көздеген мақсатқа жету үшін уақыт керек, кемі 5-6 жыл. Өйткені, оқу орнын бітіргенсоң түлектер тәжірибе жинақтауы тиіс. Білікті инженер болып қалыптасу үшін түрлі полигондарда машықтануы қажет, өндірістік процестің қыр-сырын меңгеруі керек. Барлығымыз да осы жолмен жүріп өттік. Бірақ, қазірдің өзінде ауыз толтырып айтарлықтай табыстарымыз жоқ емес. Бүгінде жергілікті тұрғындардың арасында кәсіпорында инженер қызметін атқарып, өз учаскелеріндегі өндірістік процеске басшылық жасап жүрген жас мамандар бар. Бірі геотехнологиялық полигонда бастықтың орынбасары болып қызмет атқаруда. Біле білсеңіз, бұл кәсіпорнымыздың ең маңызды саласы. Тағы бір жігіт өңдеу цехында технолог болып жұмыс істейді. Екеуі де өздерін жақсы қырынан танытып жүр. Біз осындай кадрларымызды мақтан тұтамыз әрі болашақта өсіруді көздейміз. Асығудың қажеті жоқ, әрине. Жоғары білікті маман болып қалыптасу үшін көп тәжірибе жинақтау керек. Сондықтан кәсіби шереблікті арттыру жолында осы мамандарды ынталандырып, өзге де жастарға үлгі көрсетуге шақырамыз.
- Жұмысшылармен арадағы байланысты қалай орнатасыз? Басшы ретінде қызметкерлерге қандай талап қойып, қандай қасиеттерін бағалайсыз?
- Жасырмай айтайын, біздің ұжым керемет. Басты мекемеде, кеніш пен ауыстыру базасында да жас та болса еңбекке адал, нағыз кәсіби шеберлер жұмыс істейді. Тіпті біліктілігі төмен қызметкерлер өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Әркім өз міндеттерін жақсы біледі. Оларға қоятын талабым қарапайым – тәртіп, жауапкершілік және еңбекке деген ынтаның болуы. Өз кезегімізде біз де жұмысшылардың кәсіби өсуіне барынша қоладу көрсетіп келеміз. Үздік мамандарға сыйақы тағайындап, ынталандырамыз. Ұжым мүшелерінің арасында лауазымы мен шеніне қарамастан біріне-бірі деген сыйластық, бірлік пен түсіністік орнауы керек. Сонда ғана жұмыс жолға қойылады. Кәсіпорынның аймағында ақпараттық тақтайшаларды орнаттық. Арнайы табло арқылы күнделікті, он-лайн режимде кәсіпорын жұмысының барысы, әрбір бригаданың атқарған еңбек нәтижесі, сондай-ақ, радиациялық фон, ауа райы көрсетіліп тұрады. Бұл да қызметкерлердің жоғары нәтижеге деген ынтасын арттыра түсетініне сенімдімін.
- Радиациялық фон демекші, уран өндіруші кәсіпорын алғашқы кезде-ақ жергілікті тұрғындар тарапынан қарсылыққа тап болғаны белгілі. Отырарлықтардың арасында «Заречное» кәсіпорнының қызметі адам өмірі мен денсаулығына, қоршаған ортаға зардап келтіруде деген пікір орнаған еді.
- Иә, мұндай қиындық болған. Шын мәнінде тұрғындардың өмірі мен экологияға келетіндей ешқандай қауіп жоқ. Оны біз де, экологтар да білеміз. Алайда, осыны тұрғындарға түсіндіріп, жеткізуде бірқатар қиындықтар туғызды. Бірнеше жыл бұрын халықпен кездесу ұйымдастырып, оның барысында өндірістік процесті сипаттап әрі экологияға қатысты мәліметтермен таныстыра кетуді ұсынған едік. Алайда, аудан басшылығы мұндай іс-шараның пайдасы шамалы болатынына назар аударды. Шынында да, ауыл тұрғындары біз айтқан уәждерге сенімсіздікпен қарайтыны анық еді. Аудан әкімі тәуелсіз экологтарды тартуды ұсынды. Бұл бастаманы қолдап, нәтижесінде «Қазақстан ядролық қауымдастығы» атты беделді ассоциация және Қарағанды экологиялық мұражайының мамандары шақырылды. Бұл ұйымдар уран саласындағы экология мәселесімен көп жылдан бері шұғылданатындықтан, жағдайдың анық-қанығын білетіні анық. Экологиялық зерттеулер барысында топырақ, су мен ауаның мыңнан астам үлгілері алынып, жан-жақты тексеруден өткізілді. Айта кетерлігі, арнайы комиссияның құрамына барлық ниет білдірген азаматтар қабылданды. Қатысамын деушілерге ешқандай шектеу қойылған жоқ. Арнайы топтың құрамына «Нұр Отан» партиясының өкілдері, ақсақалдар, журналистер, қарапайым тұрғындар кірді. Экологтар олар көрсеткен барлық жерден үлгілерді алды. Зерттеу жұмысы 5 айға дейін созылып, нәтижесінде тәуелсіз зертхана радиациялық фонның көтерілгені мүлдем тіркелмегенін растады. Экологтар барлық мәліметтерді тұрғындарға жеткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Мұның әсері үлкен болды. Бұл заңды да. «Заречное» кенішіндегі уран жерасты шаймалау әдісімен алынады. Бұл экологиялық тұрғыда әлемдегі ең тиімді тәсіл екені көпжылдық зерттеулердің нәтижесінде әбден дәлелденген. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) ресми түрде осы технологияны уран өндірудің ең экологиялық тұрғыда қауіпсіз және таза әдісі ретінде таныды. Қалай болғанда да, осы бағыттағы жұмысты алдағы уақытта да жүргізе бермекпіз. Су, ауа мен топырақты зерттеу жұмысы жалғаса бермек. Сонымен қатар, қазір отырарлық мектептерде профессорлардың қатысуымен арнайы сабақтар ұйымдастырылып, атом өндірісі жайлы лекциялар оқытылуда. Оқушылар уран өндірісінің процесімен танысып, кеніштердегі қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңыздылығын білді. Екінші жағынан, балалар осы саланың келешегі зор екеніне көз жеткізуде. Яғни, болашақта олардың техникалық мамандықтарды таңдауға деген құлшынысы артатыны сөзсіз.
- Дегенмен, кәсіпорын қоршаған ортаға белгілі-бір деңгейде қауіп тудыруы мүмкін ғой?
- Экологияға уран өндіруші ғана емес, басқа да кез-келген ірі кәсіпорын залал келтіруі ықтимал. Бұл тұрғыда айтарым, «Заречное» кәсіпорнының табиғатқа ауыр зардап келтіруі тіптен мүмкін емес. Біз сары кек түріндегі табиғи уран өндіреміз. Оның адамға да, қоршаған ортаға да ешқандай зияны жоқ. Атом станцияларында қолданылатын байытылған уран сияқты емес, табиғи уранда радиация болмайды. Оны тіпті қолмен ұстауға болады. Әрине, сары кекті әдейі жұтып жіберсе адамның жағдайы аздап нашарлауы мүмкін. Бұл түсінікті де, себебі уран - өндірістік зат. Айталық, мұнай ішсе де адамның халі нашарлап кететіні анық қой. Сондай-ақ, қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтамаудың да арты қайғылы жағдайға ұласуы мүмкін. Бұл енді барлық кәсіпорындарға ортақ мәселе. Сондықтан, бізде жұмысшылардың денсаулығына, олардың қауіпсіздік техникасын сақтауға айрықша мән беріледі. Тіпті өндірісте қолданылатын ерітінділердің ағып кетуі үлкен зардап тигізбейді. Бұл жағдайда біз арнайы шараларды қолға аламыз.
- Стратегиялық тауар өндіретін ірі кәсіпорынды басқару оңай шаруа емесі анық. Отбасыңызға уақыт бөлуге әрдайым мүмкіндік табыла бермейтін шығар?
- Шамам келгенше отбасыммен бірге болуға ұмтыламын. Өзім үш баланың әкесімін. Үлкен ұлымның жасы 16-да. Кішкентайым бір жарым жылдан енді асты. Жұмысымыз өте қарбалас. Кейде үйде болуға уақыт табу қиынға соғады. Жолда көп жүруге тура келеді. Кеніштегі өндіріс процесін қадағалау керек, бюджетті бекіту, стратегиялық бағдарламалар мен есептілікке байланысты жиындар Алматы мен Астанада өтеді. Барлығына да үлгеру керек. Үлкен ұлым Алматыдағы физика-математикалық лицейде оқиды. Болашақта қандай мамандықты таңдайтынын әлі шешкен жоқ. Мен де оны қинамаймын, таңдау еркін өзінде қалдырдым. Бірақ, жасырып қайтейін, ұлымның инженерлік-техникалық бағыттағы маман болып шығып, атом энергетикасы саласында жұмыс істегенін қалаймын.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбат барысында қызық дерекке тап болдық. Сұхбаттасымыз 19 ғасырдың танымал қоғам қайраткері, ағартушы, меценат Медеу Пұсырманұлының тікелей ұрпағы болып шықты. Өз заманының заңғар тұлғасы, кезінде қазақ халқын отырықшылыққа, егіншілік пен қолөнерді гүлдендіруге үгіттеген азамат сонымен қатар тарихта Алматы қаласының негізін қалаушылардың бірі ретінде белгілі. Қайырымдылығымен ерекше танылған ол әсіресе 19 ғасырдың соңында Верный қаласында орын алған зұлматты жер сілкінісінен зардап шеккендерге көп көмек көрсетті. Елге, халқына сіңген еңбегі ескеріліп, оның есімі еліміздегі ең танымал спорт кешені, аты әлемге әйгілі Медеу мұз айдынына берілді. Міне, текті азаматтың ұрпақтары бүгін де еліміздің гүлденуіне үлес қосып келеді.
Мұрағаттан: 04.10.2012