Халықтың болмысын, өткені мен келешегін танытатын—мәдениет. Аумағы жағынан әлемдегі алғашқы ондыққа кіретін қазақ жері ежелден-ақ сан түрлі мәдениеттердің тоғысқан орны болды. Мұнда көшпелілік пен отырықшылық мәдениет өзара араласып жатты. Оның ішінде ешкімге ұқсамайтын, өз заманының жауһары болған мәдени мұралар, жәдігерлер жетерлік. Ал топырақ астына көміліп жатқан, өзінің іздеушісін күтіп тұрған дүниелер қаншама?! Тәуелсіздіктің жиырма жылында Қазақстан өз мәдениетін әлемдік деңгейде танытуда біршама тірліктерді жасады. Бұған мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы үлкен ықпал етті.
Сол жұмыстардың бірі елімізде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген нысандардың саны үшеуге жетті. Алдағы уақытта олардың саны бұдан да көбеюі мүмкін. Оның ішінде бірнеше жәдігер Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан. Осыған байланысты жуырда Шымкентке арнайы делегация келіп, Бүкіләлемдік мұралар тізіміне ұсынылған орындармен танысты.
--Оңтүстік Қазақстан облысы республикада тарихы бай өңірлердің бірі болып табылады. Енді біз делегациямен бірге ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне ұсынылған нысандарды аралап, олардың қаншалықты маңызды екендігін саралап шығамыз,--деді осы делегацияны ертіп жүрген Марғұлан атындағы археология институтының директоры Карл Байпақов.
ЮНЕСКО әлемдік мәдениет және табиғат мұраларын қорғау жөнінде Конвенцияны 1972 жылы қабылдаған болатын. Қазіргі уақытта Конвенцияны әлемнің 187 елі, оның ішінде Қазақстан да ратификациялаған.
Бүкіләлемдік мұралардың тізімін жасаудағы мақсат адамзаттың және табиғаттың жасаған қайталанбас туындыларды қорғау болып табылады. 1975 жылға дейін бұл тізімге тек мәдени мұралар еніп келген болатын. Алайда бұдан кейінгі жылдары ол табиғат туындыларымен де толығып келеді.
Жыл сайын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар комитеті өзінің сессиясына өткізіп, жаңадан ұсынылған нысандарды тізімге алып отырады.
2011 жылдың 30 шілдесіне дейінгі жағдай бойынша Бүкіләлемдік мұраға дүниежүзі бойынша 936 нысан енген. Оның 725-і мәдениет, 183-і табиғат, қалғандары аралас мұралар болып табылады. Тізімге енген нысандардың көптігі жағынан Италия көш бастап келеді (47 нысан). Бұдан кейінгі орындарда Испания (43), Қытай (40), Франция (37), Германия (36), Мексика (31), Индия (28), Ұлыбритания (28), Ресей (24), АҚШ (21) тұр. Ал Орта Азия елдерінің ішінде осы уақытқа дейін Бүкіләлемдік мұраға Өзбекстан—4, Түркіменстан—3, Тәжікстан мен Қырғызстан бір-бір нысаннан енгізіпті.
Қожа Ахмет Ясауи кесенесі
Қазақстанда Бүкіләлемдік мұралар тізіміне алғаш болып, ортағасырлардан қалған қайталанбас туынды Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі енді. Қожа Ахмет Ясауи кесенесін ХIV аяғында Алтын Ордаға қарсы жойқын жорықтар жасап, алып империяның үстемдігін жойған Әмір Темір өзінің осы жеңістерінің құрметіне салған. Кесененің бірнеше күмбезі бар. Ғимараттың орталық залының төңірегіне түрлі мақсатқа арналған 35 бөлме салынған. Кесененің биіктігі — 37,5 метр. Сыртқы қабырғалардың қалындығы — 1,8—2 м, қазандық қабырғаларының қалындығы — 3 метрге жуықтайды. ХХ ғасырдың басында қараусыз қалу себепті тозған кесенені жөндеуге мұсылман бұқарасынан ерікті түрде жәрдем жинауға әрекет жасалды. 1910 жылы Түркістанда жергілікті орыс әкімшілігінің бақылауымен кесенені жөндеуге қаражат жинайтын арнайы комитет құрылып, мұсылмандар жинаған 12 мың сомға ғимараттың төбесі мен қабырғаларының бір бөлігінде қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Бірақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесін исламның Қазақстандағы басты орталығы ретіндегі діни қызметіне тосқауыл қоюға ұмтылған кеңестік тоталитаризмнің әрекеттері діттеген жеріне жеткізе алмады. 1978 жылы қыркүйекте Қожа Ахмет Ясауи республикалық мұражайы, 1989 жылы 28 тамызда Қазақстан Үкіметінің шешімімен "Әзірет Сұлтан қорық-мұражайы "ашылды. Кесене ЮНЕСКО-ның 2003 жылдың 23 маусымында Парижде өткен 27-сессиясында Бүкіләлемдік мәдени мұра тізіміне енді.
Тамғалы тас
2003 жылы бүкіләлемдік мұра тізіміне Қазақстаннан Тамғалы петроглиф тас кешені енді. Алматы облысы Іле өзенінің жағасында орналасқан ғажап туынды тасқа салынған көптеген суреттерден тұрады. Суреттер негізінен буддалық дін тақырыбында бейнеленген. Сонымен бірге тастарда ежегі түркі жазулары бар. Халық арасындағы аңыз бойынша Х ғасырда Қазақстан жеріндегі тайпалар арасына дін тарату мақсатында жолға шыққан бір топ будда монахтары Жетісу жеріне келіпті. Олар Іле өзенінң жағасына аялдаған сәтте кенеттен жер сілкінген. Сілкіністің қатты боғаны соншалықты таудан жартастарының бірі бөлініп түсіпті. Мұны жамашылыққа жорыған монахтар кері қайтады. Бірақ олар әлгі бөлініп түскен жартасқа Будданың суретін салыпты дейді. Бұл әрине аңыз, ал кейбір зерттеушілер Тамғалы тастағы суреттер қалмақтардан қалған жәдігер дегенді айтады.Тамғалы тасты өз заманында Шоқан Уәлиханов және монғолтанушы ғалым Алексей Позднеев зерттеген.
Сонымен қатар 2008 жылы Орталық Азия бойынша алғашқы табиғи нысан ретінде "Сарыарқа - Солтүстік Қазақстан көлдері мен жазықтықтары" ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді.
--Дегенмен, әлемде жер аумағының көлемі бойынша тоғызыншы алатын мемлекет үшін бұл аз. Қазақстан аумағында бірегей мәдени ескерткіштер жетерлік. Осы нысандардың ғылыми құжаттау жұмыстарына дайындық жалғасуда,--деген болатын жуырда Мәдениет министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед.
1992 жылдың 22 мамырында ЮНЕСКО құрамына кіргеннен бастап Қазақстан аталмыш ұйыммен ынтымақтастық аясын кеңейтуде. Осы уақыт аралығында еліміз ЮНЕСКО аясында қабылданған он бір халықаралық конвенцияларының мүшесі болды. 2006 жылы Астанада Үкіметі мен ЮНЕСКО арасында білім, ғылым, мәдениет, ақпарат және коммуникация салаларында серіктестік меморандумына қол қойылды. Номинациялау тәртібі туралы Бүкіләлемдік мұралар комитетінің талаптарынан тыс және «Мәдени мұра» бағдарламасының жоспарына сәйкес 2004-2005 жылдары Министрліктің ғылыми мекемелері ЮНЕСКО-ның Жобалық тізімінде тұрған әлеуетті нысандардың дерек қорын жасады және сол тізімге қосылған мәдени және аралас мұра нысандарын қорғау территориялары мен зонасын анықтады.
Отырар
Енді сол Бүкіләлемдік мұралардың тізіміне енуі мүмкін деген нысандарға тоқталсақ. Олардың әзірге жалпы саны--12. Оның ішіндегі 5 нысан Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында орналасқан.
Бүкіләлемдік мұраларын тізіміне кіруге ұсынылған нысандардың ең алдыңғысы Отырар қаласы. Отырар VIII ғасырдың басынан Тарбанд (Трабан) деген атаумен белгілі болған. Бұл атау Күлтегін және Білге қаған құрметіне арналған көне түркі жазбаларда кездеседі. Отырар осы кезден-ақ тархи деректерде Орта Азиядағы ірі қалалардың бірі ретінде аталады. Кейбір зерттеушілердің пікірінше, қалада сол кезде әлемдегі аса ірі кітапхана және көптеген мешіт-медреселер болған. Көне Отырард археологиялық қазба жұмыстары 1969 жылдан басталды.
2001-2004 жылдар аралығында Отырарда Қазақстан мен Жапония елдері ЮНЕСКО-ның «Көне Отырар қаласын сақтау және консервациялау» жобасын атқарды. Ал 2004 жылдан бастап мұндағы жұмыстар «Көне Отырарды қалпына келтіру» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізіліп келеді.
Арпаөзен таңбалы тастары
Екінші нысан--Арпаөзен таңбалы тастары. Ғылымда Арпаөзен петроглифтері деген атауға ие болған жәдігер қола дәуірінен сақталған құнды ескерткіштер--жартасқа таңбаланған суреттерден тұрады. Ол Созақ ауданы Абай қыстағының оңтүстік-батысында 7 шақырым қашықтықта Қаратаудың Келіншектау деген жотасында орналасқан. Оны алғаш рет Қазақстан Ғылым академисяның археологиялық экспедициясы 1970 және 1980 жылдары зерттеген болатын. Таңбалы тастардағы суреттердің жалпы саны 3,5 мыңнан асады. Негізгі сюжеттері аңшылыққа, жаугершілік тақырыпқа және жан-жануарлар тіршілігіне арналған. Суреттерде қос өркешті түйе, ат, өгіз және соғыс және шаруашылық арбалары кездеседі. Жартасқа салынған қос атты жауынгерлік арбалар белгілі бір этникалық топтардың, дәлірек айтқанда, үндіарийлықтардың мифтік және діни әдет-ғұрыптарының біршама әсер еткендігін және миграциялық қозғалыстың бағыттары осы аумақ арқылы өткендігін дәлелдейді. Сақ заманының петроглифтерінде жабайы аңдардың, жануарлардың бір-бірімен айқасқан қимылдары арқылы заманның шым-шытырық оқиғаларын зооморфтық ерекше кодтар арқылы көрсеткен. Жартастағы суреттерде жыл мезгілдерінің ауысуы сияқты табиғи құбылыстар да айқын аңғарылады. Ескерткіш біздің замаңыздан бұрын 1–2-мыңжылдыққа жатады.
Бүкіләлемдік мұралар тізіміне ұсынылған үшіншісі нысан-- Қарт Қаратау. Қаратау жоталары ежелден-ақ адамдардың тіршілік етуіне қолайлы аймақ болғандығы ондағы тас, қола және темір дәуірлерінен қалған мәдени ескерткіштерден (тасқа салынған суреттер, адам тұрақтары) айқын байқалады. Адамзаттың көне тарихын, қола дәуіріндегі халықтардың тұрмыс-тіршілігінен, дүниетанымынан мол мағұлмат беретін Қаратау палеолиттік және геоморфологиялық нысандары Бүкіләлемдік мұралардың тізіміне үміткер ретінде 1998 жылы ұсынылды.
Ақсу—Жабағылы қорығы
Төртіншісі нысан--Ақсу-Жабағылы қорығы. Ақсу-Жабағылы қорығы Талас Алатауының солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан Қазақстанда құрылған тұңғыш қорық. Қорықтың тарихы 1926 жылдан басталады. Оның жалпы жер аумағы 128118 гектарды құрайды. Қазір Ақсу – Жабағалы қорығы ЮНЕСКО жасаған дүниежүзілік қорықтар тізіміне енген.
Қорық бірнеше биіктік белдеуінде жатыр. Тау өңірінде бидайық, түрлі шөптер, боз жусан, жоғарысында селдір арша орманы, субальпі және альпі шалғыны өседі. Таулардың бұлт қонған биігін мәңгілік мұздықтар мен шілдеде де еріп үлгермейтін қар жапқан. Ақсу – Жабағылы қорығының жерін тереңдігі 500 метрге дейін жететін Ақсу өзенінің аңғары жарып өтеді. Қорықтағы өсімдіктер дүниесі әралуан. Онда мүктің 61, қынаның 58, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1400-дей түрі өседі. Олардың ішінде дәрі-дәрмек ретінде қолданылатын қылша, сасыр, иманжапырақ, түйежапырақ, сарыағаш, шәйқурай, талас уқорғасыны сияқьы сирек кездесетін түрлері де бар. Қорықтың жануарлар әлемі де өте бай. Мұнда сүтқоректілердің 42 түрін, құстардың 238 түрін, бауырымен жорғалаушылардың 9 түрін кездестіруге болады. Ақсу – Жабағылы қорығы – табиғаттың нағыз ғылыми лабораториясы, онда ғылыми-зерттеу жұмыстары үзбей жүргізіледі. Қорық Бүкіләлемдік мұралар тізіміне үміткер ретінде 2010 жылы енгізілген.
Ал бесінші нысан-- Жамбыл Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағын алып жатқан Батыс Тянь-Шань немесе осы аймақтарда құрылған Ақсу-Жабығылы, Қаратау қорықтары мен Сайрам ұлттық паркінің аумағы кіреді.
Тарихи орындар туристердің орталығына айналуы тиіс
Тарихты зерттеу, өткенді түгелдеу жұмыстары әлі де жалғасып келеді. Ресми деректер бойынша Оңтүстік Қазақстан облысында 807 тарихи және мәдени ескерткіштер бар. Оның 528-і археология ескерткіштер, 226-сы сәулет - қала құрылысы ескерткіштері, 42-сі тарихи ескерткіштер және 11-і монументалды-көркемдеу ескерткіштері болып табылады.
Облыс аумағында 2000-2004 жылдары жүргізілген археологиялық қазбалардың барысында бұрын ғылымға бірегей және белгісіз тарихи-мәдени мұраның нысандары табылды. Олардың ішінде ХІІІ ғасырдың екінші жартысының суфийлік қоғамының мешіт-сопыханасын (Бәйдібек ауданы), Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында бірінші біздің жыл санауымызға дейінгі ХІ-ХІІІ ғасырларға тән қола дәуірінің елді-мекенін, Х-ХІ ғасырларында салынған «Шығыс» моншасы, күйдірген кірпішке арамейлік алфавит негізінде таңбаланған ІV-VІ ғасылардағы көне жазуларды (Ордабасы ауданы), Батыс Тянь-Шаннің шеткі тау тізбектерінде тасқа салынған әртүрлі тарихи дәуірлердің суреттерін атауға болады.
Өңірдің тарихи-мәдени мұрасының ұлттық тарих үшін маңызды нысандары республикалық дәрежедегі 3 тарихи-мәдени қорық-мұражайлардың құрамына кіреді, ал тарихи-мәдени құндылықтар 3 республикалық және 12 облыстық мұражайларда сақталады және көрмеге қойылған.
Тарихи-мәдени мұраларды қорғау, сақтау және пайдалану бойынша Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің соңғы кездегі талаптарымен Оңтүстік Қазақстан облысының жергілікті маңыздағы тарих және мәдениет ескерткіштерін сақтау, қалпына келтіру және пайдалану мәселесі облыстың, аудандардың, қалалардың атқарушы органдары тарапынан байыпты түзетуді және қаржылық қолдауды қажет етеді.
Қазіргі уақытта Бәйдібек, Сайрам, Созақ аудандарының және облыстың әкімшілік орталығы - Шымкент қаласының апатты жағдайдағы (Ақсүмбе мұнарасы (Ақбикеш), Ноғай-ишан мешіті немесе урбанизациялаудың салдарынан жойылуы мүмкін: «царский (ханский)» қорған, «Шымкент» кенті, «Қайтпас-1» мөлтекауданындағы І-ҮІІІ ғғ. елді мекеннің тарихи және сәулеттік ескерткіштері кезек күттірмейтін көмекті қажет етеді.
Әсіресе екі мың жыл бойы өзінің тарихи өзегі мен қамалын сақтап қалған ежелгі Шымкент кентіне ерекше тоқталуға болады. «Орта ғасырлық Шымкент кентін сәулеттік және тарихи-мәдени реконструкциялау» жобасын іске асыру өзекті мәнге ие және уақыты да келіп жетті, оның мақсаты кешенді ғылыми-зерттеу жұмыстарының (археологиялық, сәулеттік, реконструктивтік және реновациялық) негізінде қаланың осы бөлігін, соңынан шетелдік туризм инфрақұрылымына қосатындай етіп, ашық аспан астындағы мұражайға айналдыру қажет.
Сонымен бірге ортағасырлық Сайрам (Испиджаб) кентінің тарихи орталығының және оның маңын сәулеттік, тарихи және археологиялық зерттеу, осы орынды археологиялық, сәулеттік және реставрациялық жұмыстары да туризмді дамытуға мүмкіндік береді.
Мұрағаттан: 17.11.2011