(Әкімдер «ауыз су береміз» деп елді алдаумен келеді. Осы ақиқатты айту үшін Астанада баспасөз мәслихатын ұйымдастырмақпын. «Рейтинг» газеті, №8, 6 наурыз 2014 жыл).
Оңтүстік Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты, «Мақтарал сервис» кәсіпорнының басшысы Шералы Қаныбеков «Рейтинг» газетінің редакциясына арнайы келіп ауыз суға қатысты Мақтарал ауданында қалыптасып отырған қиын ахуалға байланысты ащы шындықты ашып айтып салғаны елді елең еткізгелі екі апта болды. Рас, Ш.Қаныбековтың келтірген уәждері өте маңызды. Оның сайлаушыларының тағдырына алаңдағанына сүйсініп қалдық. Халқы ең тығыз орналасқан аудандағы мұншалықты ауыр жағдайға кез-келген депутаттың, тіпті, кез-келген адамның жаны ауырса керек-ті.Сыни мақала оқырман қауым арасында қызу пікірталас туғызды. Содан бері «елдің қамын күйттегендіктен Ақордағылардың өзі естіп білсін деп ерінбей—жалықпай Астанаға барып ешкімнен қаймықпай пікірін еркін айтуға бел буған депутат Шералы Қаныбековтыкі нағыз еркектік екен. Енді оның баспасөз мәслихаты қашан өтеді? Бұл мәселе жайлы кеңінен таратып жазасыздар ма?» деген сыңайда сан сауалды көлденең тартып, «Рейтингтің» редакциясына хабарласып жатқан оқырмандар легі әлі де толастамай тұр. Депутат Қаныбековтің қатқыл мәлімдемесі жарияланғалы екі күн емес екі апта күткен оқырмандардың өтінішіне орай оның өзіне қоңырау шалып, мән-жайды сұраған едік. «Ер екі сөйлемейді» деген халық даналығының қадірін депутат Ш.Қаныбеков жақсы түсінуі тиіс қой. Алайда ұялы телефондағы дауысынан бастапқыдағы қарқыны басылып қалғаны бірден байқалды. «Тиісті орындар тарапынан сыни фактілерге әлі жауап келмеді, әрі қарай не қадам жасауды сол жауаптың келгеніне қарай көреміз» дейді жайбарақат үнмен. Тіпті, атқарушы билікті айыптаған ащы пікірлерді эмоциямен айтып жіберіп, ашуы тарқаған соң ол ойынан айни бастағанын да жасырмады. Сонда Ш.Қаныбековтың бұл әрекетінен нені түсінуге болады? «Халықты қалқан етіп, шенді-шекпенділерге қыр көрсеткісі келді ме екен?» деген бір ой қылтиды алғашында. Мүмкін, Астанада айқайға басып баспасөз мәлихатын ұйымдастыратынын алға тартып, әлдебір лауазымды азаматтарға «айтқанымды істемесеңдер көрсетемін» деген ескерту болды ма екен деген сауалдың да санадан сығалағанын жасырып қайтеміз? Енді екі жақтың өзара тиімді келісімдерге қол жеткізуі халық сеніп дауыс берген білдей депутатты бастапқыда айтқан ойынан айнытып отырған жоқ па? Бұрындары айтқанға бағынбаған баланы «бабай келе жатыр» деп қорқытатын болсақ, қазір атқамінерлерді «Астанаға дейін барамын» деп үркіту әдісі қолданыла бастағаны ма? модаға айналған жоқ па? Егер әлгі мәлімдеменің астарында халықтың мұң-мұқтажынан бұрын дәл осындай ой жатқан болса, Қаныбеков қатты қателеседі. Өйткені, халықтың атын пайдаланып, қыр көрсету, көздегеніне жету – адасуға апаратын алдамшы жол. Бәлкім, депутат Қаныбековтың мүлдем мұндай ойы жоқ шығар, бірақ, су сепкендей басылған алғашқы арыны елдің көкейінде еріксіз сан сауал қалдырмай ма?
Әр кәлләда бір қиял. Кімнің не қиялдап жүргенін, сана-сандығында нендей құпия-ойдың сақтаулы екенін әркімнің өзі және бір Алла ғана біледі.
Мұны неге айтып отырмыз? Сырт көзге халық қамы үшін саясат сахнасында шырылдап жүргендей сезілетін депутаттардың көпшілігінің ой түпкірінде шын мәнінде не барын ешкім білмейді, әрине. Дегенмен, олардың кейбір әрекеттерінен негізгі ойының астары сезіліп, бет-бейнесі байқалып қалатындай көрінеді кейде. Халықтың мұң-мұқтажы депутаттың ашуына тәуелді болмауы тиіс. Депутат ашуланса да, ашуланбаса да өзін сайлаған сайлаушыларының ахуалын шенеуніктердің назарына салып, алтын көпір болудан айнымағаны жөн. Депутат мәселе көтерді ме, соның шешімі табылғанша алған бетінен қайтпауы керек. Ал, мұндай табандылықты Қаныбеков таныта алады ма, таныта алмайды ма оған тақсыр уақыт төрелік айта жатар. Әліптің артын бағалық.