Елімізде 11 ұлттық парк болса, соның бірі –Оңтүстік өлкесіндегі Батыс Тәңіртауының (Тянь-Шань) Қазақстан бөлігінде 149053 гектар аймақты алып жатқан Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің негізі 2006 жылдың 26 қаңтарында қаланды.
- Техникалық-экономикалық негіздемесін жасап, оны министрлікте қорғап жүріп, бұл парктың құрылуына өзім себепкер болғанмын. Үш орман шаруашылығын біріктірген паркте төрт аймақ бар. Біріншісі, қорықтық аймақ. Парктың ең жоғарғы бөлігінде, таудың басында орналасқан бұл аймақты тыныштық аймағы десе де болады. Онда тек аңдар өмір сүреді, балалайды, өсіп-өнеді, көбейеді. Бұл аймақта адам жүрмеу керек, мылтық та атылмайды. Тек ғылыми тұрғыда жұмыс істеп, аңдарға сырттай ғана бақылау жасалады. Екіншісі, яғни қорықтық аймақтан төменірек экологиялық тұрақтандыру аймағы деп аталады. Үшіншісі туристік-рекроциалық мақсатта пайдаланатын аймақ. Мұнда халықтың демалуына жағдай жасалады. Төртіншісі шектеулі шаруашылық жұмыстарын жүргізетін аймақ, - дейді ұлттық парктің директоры Жеңісбек Тұрғанов.
Ұлттық парктің негізгі міндеттерінің бірі – туристер мен демалушыларды молырақ тартып, олардың тынығып, демалуына, табиғат таңғажайыптарын тамашалауға жағдай жасап, қызмет көрсету болып табылады. Ендеше осы міндетті мінсіз атқаруға Сайрам-Өгем ұлттық паркі қаншалықты қауқарлы? Парк басшысының айтуынша, демалушылар үшін екі киіз үй кешені, аңшылар үйі, 88 демалыс алаңы, 5 шолу алаңы мен 6 сауна қызмет етеді екен. 7 туристік маршрут бар. Қала берді Сайрамсудың бас жағындағы 13,5 гектар жерді бір мердігер компанияның пайдалануына беріпті. Олар, әйтеуір жол салып, дмалушылардың келуіне жан-жақты жағдай жасап жатыр екен. Соның арқасында демалушылар саны жылдан-жылға артумен келеді. Мәселен, ұлттық парк құрылған 2006 жылы табиғаттың тамашасына тамсанғандар қатары 3,5 мың адамға жетсе, өткен жылы 9,5 мың демалушы табан тірепті. Ал биылғы жылдың осы кезеңіне дейін 10 мың адамның келгені есепке алынған. Бұл, ілгерілеушіліктің белгісі, әрине. Дегенмен, Сайрам-Өгемнің сұлулығын ескерсек, халықтың әлеуметтік жағдайы түзеліп, демалуға көбірек көңіл бөлген шақта мұның өзі төмендеу көрсеткіш.
Қайбір күні жергілікті телеарнадан ұлттық парктың тазалығына сын айтқан хабарды көзім шалды. «Әр аймақта қоқыс үшін жәшіктер орналастырылған. Ал мұнда ештеңе де жоқ. Міне адамдар келіп, демалған. Қоқыс урналары жоқ. Қоқысты басқа қайда тастайды?». Бұл телеарнадан сөйлеген демалушының ашына айтқан сөзі. Бәлкім, тынығушыларды өзіне барынша тарта алмай жатқан осындай олқылықтардың салдары болар?
- Қолдан келгенше туристерге, демалушыларға ыңғайлы жағдай жасап жатырмыз. Табиғи ағаштардан столдар, орындықтар орнатып қойғанбыз. Күл-қоқыс тастайтын арнайы урналар барлық жерге қойылған. Тазалық жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Өкінішке қарай, бізде әлі демалу мәдениеті толық қалыптаспаған. Кейбір жерлерде қоқыс тастайтын урналар жоқ болса, оны демалушылардың өздері әкетіп қалады. Қоқысты қалай болса солай шашып кетеді. Мен тәжірибе алмасу мақсатында бір емес екі рет Америкаға барып қайтқанмын. Ол жақтың халқы демалу мәдениетін мықтап меңгерген. Өзіне де, өзгеге де зиян тигізбеу жағына ерекше мән береді. Қоқыстың бір түйірін де жерге тастамай, қалтаға салып алады да арнайы урналарға әкеліп салады. Аңдар да адамдардың мейірімділігіне үйренген. Қасқырлар қасыңда жүріп, арқар мен таутеке адамнан үркуді білмейді. Құстар да қолыңнан жем жеп жүре береді. Біз де осындай дәрежеге жетуіміз керек. Ол үшін біршама уақыт қажет, әрине. Демалыс мәдениетін қалай сақтау керектігі жөнінде бейнебаян түсіріп, оны жергілікті теледидарлар арқылы көрсеттік, - дейді Жеңісбек Тұрғанов.
Туризмді дамытып, шетелдіктерді тамаша табиғатымыздың аясына алып келгіміз келсе, бірінші кезекте онда баратын жолды реттеу керек. Бұл тұрғыда аса мақтанатындай жағдай жоқ. Мәселен, Өгем тауына апаратын 36 шақырымдық жол сонау 1973 жылдары төселген. Таудың қар-жаңбырынан ол жол мүлдем мүжіліп, жоқ болып кеткен. Былтырғы жылы оның 2 шақырымдай жеріне жаңадан асфальт төселді. Қалған жолға шағал тас төсеудің өзіне мүмкіндік болмай отыр. Сонда жолы жоқ тауға туристерді қалай апармақпыз?
Тынығушыларға екінші керегі, әрине, жарық. Ұлттық парк аумағына электр желілері мүлдем тартылмаған. Әйтеуір техниканың дамыған кезі ғой, күнмен қуаттанатын батареялармен қамтамасыз етілген. Генераторлар да кәдеге жарап тұр.
Қазір ұлттық парктің орман аумағын ұлғайту ісіне көбірек көңіл бөлініп отыр. Өткен жылы бұл мақсатта 50 гектар тал-дарақ егілсе, биыл 60 гектар жерге шыбық шаншылды. Парк аумағында сонау 1964-70 жылдары отырғызылған 319 гектар бау бар. Ол бау ескірген, ағаштар қурай бастаған. Енді осы қартайған бауды жаңалау жобасы дайындалуда. Келесі жылдан бұл жоба іске асырыла бастайды. Отаны Қазақстан болып саналатын «Сиверса» атты алмаға жерлестеріміздің ғана емес, шетелдіктердің де қызығушылығы өте жоғары. Өйткені, оның дәмі тіл үйіреді, суыққа да төзімді. Осындай алманың сорттарын жоғалтып алмауымыз керек.
Орман-тоғайлар үшін ең үлкен қауіп - өрт саналады. Соңғы үш жылда паркте бірде-бір өрт оқиғасы орын алмағаны қуанышты жайт. Дегенмен, сақтық шараларын ұдайы жоғары деңгейде ұстамаса да болмайды. Ұлттық парк ұжымында өрт сөндіретін көліктің жоқтығы сақтық шараларын толығымен сақтауға мүмкіндік бермейді. Әйтеуір, ақылы қызмет арқылы түскен қаражатты үнемдеп, өткен жылы бір, биыл бір «Белорусь» тракторын сатып алыпты. Онысын өрттің алдын-алу үшін қажетті «минполоса» салуға да, көшет қондыратын орындар дайындауға да пайдалануға мәжбүр. Енді өрге қарай шығуға ыңғайлы шынжыр табанды техниканың қажеттілігі де байқалып жүр.
Ұлттық парк басшысымен арадағы әңгімеден ұққанымыз, еліміздің мақтанышы, жойылудың алдында тұрған аң-құстардың сақтаушысы саналатын мекемеге мемлекет тарапынан жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбейтінге ұқсайды. Жалақының төмендігі бұл саладағы мамандардың тұрақтамауына себеп болуда. Дәл мұндай көзқараспен ұлттық парктерімізді ұлықтап, туристерді елімізге магнитше тартудың мүмкіндігі жоқ. Ал туризмнің табиғи құндылықтарымызды сақтай отырып, толағай табыс көзіне айналдыруға болатынын әлдеқашан түсінген мемлекеттерде мүлдем басқа көзқарас қалыптасып, басқаша қамқорлыққа алса керек-ті. Әйтпесе, біздің табиғатымыздың әсемдігі қай мемлекеттікінен кем түсер дейсіз?!
Парк аумағы арқылы Өгем, Сайрамсу, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Дәубаба және Көкбұлақ өзендері ағып өтеді. Ұлттық парк аумағында өсетін 1635 өсімдік түрінің 62-сі еліміздің «Қызыл кітабына» енсе, мол қоры бар дәрілік өсімдіктердің түрі 200-ден асады. 27,5 мың гектар жер орманмен көмкерілген. Сондай-ақ, сүтқоректілердің 59 және құстардың 300 түрі кездеседі. Олардың арасында сүтқоректілердің 10, құстардың 30 түрі жойылып бара жатқан жануарлардың қатарына жатады. Олардың қатарында аю, Түркістан сілеусіні, Қаратау арқары, Тянь-Шань аюы, Мензбир суыры, Үнді жайрасы, тас сусары, ал құстардан ақ және қара ләйлек, бүркіт, дуадақ, көк құс, лашын, ителгі, сақалтай секілді түрлері бар. Көзге көп түсе бермейтін қар барысы да кейінгі жылдары парк аумағынан бірнеше рет байқалды.
Мұрағаттан, 30.08.2012 ж