Дегенмен, әр елдің экономикасының негізін алпауыт компаниялар құрайды. Сондай-ақ, олар мемлекеттің сыртқы саясатындағы ең ықпалды тетіктерінің біріне айналды. Мемлекет басшылары келіссөздер жүргізген соң кезек трансұлттық компанияларға тиеді. Мәселен, «қырсық» украиналықтармен арадағы келіссөздерде Ресей президентінің жанында міндетті түрде «Газпром» компаниясының басшылығы ілесіп жүретінін сарапшылар бұрыннан-ақ байқаған. «Газпромның» арқасында Кремль Украинаға ғана емес, бүкіл Еуропаға да әмірін жүргізуге мол мүмкіндік алды. Шығыстағы көршіміз Қытай да сыртқы саясатта бірінші кезекте ірі бизнесті пайдаланады. Қытайдың әлемдік экспансиясының негізгі бағыты мемлекеттің қарамағындағы CNPC, «Петрочайна» компаниялары арқылы жүргізілетіні іс-тәжірибеде әбден дәлелденген шындық. Алысқа бармай-ақ, мысалды өз елімізден көптеп таба аласыз. «ПетроҚазақстан», «СНПС-Ақтөбемұнайгаз», жақын болашақта «Маңғыстаумұнайгаз» Қытай «жорығының» нәтижесі.
Демек, алпауыт компаниялар шын мәнінде мемлекеттік маңызға ие. Сөз орайы келгенде айтайық, қазақстандық ірі бизнес өкілдері де қарап жатқан жоқ. Отандық мұнай-газ бен металлургиялық бірқатар компаниялары, сондай-ақ бірнеше қазақстандық банктер ТМД кеңістігінде ең белсенді ойыншылар ретінде танылды. Тіпті алыс шетелде активтер сатып алған құрылымдарымыз бар. Рас, дағдарыс басталғалы қазақстандық бизнестің белсенділігі біршама бәсеңдеді. Соған қарамастан әлемде «қазақстандық инвестор» деген тіркес әбден қалыптасып үлгергенін ешкім жоққа шығара алмайды.
Әрине, шағын және орта бизнес мемлекет үшін маңызды сала. Қарапайым халықтың басым бөлігі күнделікті нанын осында табады. Ал ірі компанияларға жүктелген негізгі міндет өзгешелеу. Осыны ескере отырып, еліміздің ең ірі компанияларының рейтингісін жариялауды жөн көрдік. Шүкір, Қазақстанда алпауыт компаниялар аз емес. Жуырда еліміздегі ең беделді ұйымдардың бірі «Экперт РА Қазақстан» рейтингтік агенттігі еліміздің ең ірі компанияларының тізімін жариялады. Компаниялардың бұл тізімдегі орны ең әуелі оның қаржы айналымына және табысына байланысты екенін ескертеміз. Сонымен...
1. «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ
Отандық ірі бизнестің көшін «ҚазМұнайГаз» бастап тұр. Бұған, сірә, ешкім де таңданбайды. Нағыз алып компания, керек десеңіз империя. Негізгі кәсібі мұнай мен газ өндіру, өңдеу мен тасымалдау болғанымен «Қазмұнайгаз» басшылығы түрлі бағытта жұмыс істегенді жөн санайды. Рейтингіміздің көшбасшысына қарасты еншілес кәсіпорындарды тізіп шығайық: «Қазмұнайгаз Барлау Өндіру», «ҚазТрансГаз», «ҚазТрансОйл», «Қазмортрансфлот», «Атырау халықаралық әуежайы», «Евразия-Эйр» тікұшақ компаниясы, «ҚазТранском» телекоммуникациялық компаниясы, «ҚазМұнайГаз» Сауда үйі», тағысын тағылар. Онымен қоса Атырау, Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарында қомақты үлесі бар.
Қазақтардың шетелдік экспансиясы турасында әңгіме қозғалғанда алдыменен осы «ҚазМұнайГаздың» аталатыны заңды. Рас, отандық мұнай алпауытының кейбір бастамалары сәтсіздікке ұшырап жатты. Осыдан бірнеше жыл бұрын «ҚазМұнайГаз» Балтық теңізі жағалауындағы жалғыз мұнай өңдеу зауытын сатып алмақшы болған. Алайда Мажейкю МӨЗ-і күтпеген жерден поляктардың қолына өтті. Бұдан бұрын компания басшылығы Чехияның «Унипетрол» атты мемлекеттік компаниясын жекешелендіруіне де атсалыспақшы болған. Алайда, еуропалықтар қазақтардан сескеніп, тендерге қатыстырмай қойды. Дегенмен, соның өзінде «ҚазМұнайГаз» белгілі деңгейде «экономикалық империя» жасақтай білді. Атап айтқанда, қазақстандық алпауыт Румынияның ең үлкен мұнай компаниясы – «Ромпетрол»-дың 75 пайыз акциясын сатып алды. Грузияның табиғи газбен қамтамасыз ету жүйесінде «ҚазТрансГаз-Тбилиси» компаниясының салмағы басым болып тұр. Тағы бір жоба - Ресеймен бірлесіп құрған «ҚазРосГаз» компаниясы да жыл өткен сайын қарқын алып келе жатыр.
Жыл басындағы мәліметтерге жүгінсек, компанияның активтері 1 триллион 150 миллиард теңгеден асты. Еліміздің өзге ірі компаниялары оның шаңына да ілесе алмайды десек, артық айтпаймыз. Бір ғана мәлімет: отандық ең ірі 100 компанияның жалпы табысының бестен бір бөлігі жалғыз «Қазмұнайгазға» тиесілі. Ұлттық компанияның 2008 жылғы табысы 318 миллиард теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда бірден 80 пайызға өсуі де кім—кімді болсын ойландырады. Дағдарысқа байланысты биыл ұлттық холдингтің табыстары біршама азайды. 2009 жылдың қаңтар-қыркүйек айларындағы табысы 107 миллиард теңгені (718 миллион доллар) құрады. Бұл былтырғы көрсеткіштен шамамен 70 пайызға кем. Алайда, сарапшылар бұл уақытша жағдай екеніне сенімді. Себебі, мұнай мен көгілдір отынға деген сұраныс қашан да жоғары болмақ. Ал, ол дегеніңіз – «ҚазМұнайГаз» еліміздегі ең ірі алпауыт компания болып қала бермек.
2. «Теңізшевройл» ЖШС
Отандық рейтингтің екінші сатысына сонау 1993 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан «Теңізшевройл» компаниясы жайғасты. Тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы жылдарда бұл компанияның еліміз үшін стратегиялық маңызға ие болғаны жасырын емес. Оның құрылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі атсалысқан болатын. Кеңес Одағынан еншісін алып шыққан жас мемлекетке шетелдік инвесторларды тарту қажеттігін жақсы түсінген Президент дүниежүзіндегі ең ірі компаниялардың бірі – «Шеврон»-ды Қазақстанға жұымс істеуге шақырды.
Дегенмен, кейінгі жылдарда «Теңізшевройл»-дың төңірегінде даулы мәселелер көбейе бастады. 90-шы жылдардың соңына таман бірлескен кәсіпорын республикалық ақпарат құралдарында жиі сыналатын тақырыпқа айналды. Инвесторлар экологтардың тарапынан да көресіні көрді. Тіпті бір кездері кәсіпорын басшылығы қарамағындағы 6000 мың жұмысшысының интернетке шығу мүмкіндігінен де айырған. Онысы – оппозициялық басылымдарды көп оқи бермесін деген «ізгі ниеттен» туындаған бастама еді. Дегенмен, қазір «Теңізшевройл» тұрақты түрде табысын арттырып келе жатқан бірден-бір компания. 2008 жылы оның табысы алдыңғы жылмен салыстырғанда 60 пайызға дейцін артқан. Бұған әлемдік нарықтағы жоғары баға мен мұнай өндіру көрсеткіштерінің күрт ұлғаюы әсер етті.
3. «ENRC» тобы
Рейтингтегі алғашқы екі орынға мұнай-газ компаниялары жайғасса, үшінші және төртінші орынды тау-кен және металлургия саласының алыптары иеленді. Олар ENRC компаниясы және «Қазақмыс» корпорациясы.
Әуелі «Еуразиялық топ» ретінде танылған компания қазір қысқа да нұсқа ENRC деген ағылшын тіліндегі атауды иеленді. Елімізден шыққан тұңғыш милиардерлер ретінде таныған Александр Машкевич, Патох Шодиев пен Алиджан Ибрагимов әрқайсысы осы холдингтің 14,59 пайызының қожайыны болып табылады. Сонымен қатар акционерлердің қатарында «Қазақмыс Еуразия» корпорациясы да бар.
Бұл ірі құрылымның қызығушылығы жалғыз Қазақстанмен шектелмейді. ENRC басқаратын компания жуырда ғана Африкадағы бірқатар кеніштерді сатып алғаны белгілі. Яғни, кәнігі трансұлттық компаниялар секілді сыртқа жэкспансия жасауға бет бұрған қуатты экономикалық күш деп біліңіз.
4. «Қазақмыс» корпорациясы
Бұл алып корпорацияның басшылары бірде Алматыда, бірде Лондонда жүреді. Себебі, негізгі офистері екі қалада да бар. Директорлар кеңесінің төрағасы Владимир Ким, атқарушы директор Олег Новачук атты азамат. Аты айтып тұрғандай, компания негізінен мыс өндірумен шұғылданады. Владимир Ким – Қазақстанның ең дәулетті азаматтарының бірі. Оның қолында «Қазақмыс» компаниясы акцияларының 45 пайызы шоғырланған.
Бір қызығы, екеуі де металлургия саласында қызмет етіп келе жатқан ENRC мен «Қазақмыс» компаниялары үшін 2008 жылы әркелкі нәтижемен аяқталды. Алғашқысы жылғы таза табысы 67 пайызға өссе, мыс өндіруші алпауыттың табысы керісінше 2 пайызға төмендепті. Бұның себебі неде?
Лондон биржасында акциясы сатылатын санаулы отандық компаниялардың бірі болып саналатын «Қазақмыстың» жылдық қаржы айналымы 2007 жылы 5,26 миллиард долларға жетіп, таза табысы 1,4 миллиард долларды құраған. Кәсіпорын жұмысшыларының саны кішігірім қала халқымен бірдей - 60 мыңға жуық адам. Алайда соңғы екі жылда корпорацияның жағдайы нашарлай бастады. Жылына 34 миллион тонна мыс өндіргенімен, әлемдік нарықтағы мыстың бағасы күрт құлдырап, шикізат сатушылар едәуір шығынға батты. Осыынң салдарынан 2008 жылдың алғашқы жартыжылдығында 608 миллион доллар таза табыс тапқан «Қазақмыс» биылғы алғғашқы алты айында 516 миллион долларды қанағат тұтуына тура келді.
Әйткенмен, ENRC компаниясындағылардың да көңілі орнында емес. Биылғы алты айда Машкевич-Шодиев-Ибрагимов басқаратын корпорацияның табысы 562 миллион долларға жетті. Аз емес, әрине. Алайда, былтырғы 1 миллиард 366 миллион доллармен салыстырғанда бір түрлі аздық ететін секілді.
5. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ
Бесінші алпауыттың да тыныс-тіршілігі мұнаймен тығыз байланысты. «Маңғыстаумұнайгаз» акционерлік қоғамын «ҚазМұнайгазбен» салыстыруға келмейді, әрине, Алайда, бұл да құрығы ұзын, мүмкіндігі мол империя. Әйгілі «Гелиос» АЖБ-лар жүйесінің иесі де осы. «Маңғыстаумұнайгаз»-дың меншігінде жалпы қоры 800 миллион тонна мұнайға жететін 15 кеніші бар. Қазақстанда өндірілетін мұнай мен газдың 7 пайызы осы компанияның үлесінде. Қысқасы, «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының болашағы жарқын деп айтуға толық негіз бар еді. Алайда, келер жылы бұл акционерлік қоғамды рейтингтен таппайтын боласыз. «Қазақойл» холдингінің құрамынан 1997 жылы шыққанымен, жақын арада қайтадан еліміздің бас компаниясының қарамағына өтетін түрі бар. Соңғы он жылда «Маңғыстаумұнайгаздың» қожайыны индонезиялық инвесторлар болып келді. Бірақ, биыл оның акцияларын «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мен Қытай мемлекеттік мұнай-газ компаниясы (CNPC) сатып алады деген қауесет тарай бастады. Астанадағы дерек көздеріне сенсек, бұл құжаттар жыл соңына дейін толық рәсімделетін көрінеді.
6. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ
Еліміздегі ең атышулы компаниялардың бірі - «Қазақстан темір жолы» ҰК» акционерлік қоғамы алтыншы орынға жайғасыпты. Бұл ұлттық компанияны базбір сарапшылар «сыбайлас жемқорлықтың мекеніне айналған бірден-бір ұйым» ретінде бағалап та жүр. Осының айғағы ретінде «ҚТЖ» экс-басшылары - әуелі Абылай Мырзахметов, артынша Жақсыбек Құлекеевке қатысты даулы мәселелерден нағыз жыр-эпопея жазып шығуға да болар еді. Қазіргі басшы Асқар Маминнің алдына қойылған негізгі міндет - коррупциямен күресу ісі кезінде Құлекеевке де жүктелгенін жұрт әлі ұмыта қойған жоқ.
Дегенмен, осынау қоғамды дүр сілкіндірген оқиғаларға қарамастан «Қазақстан темір жолы» компаниясының тіршілігі жалғасып жатыр. Жалғасқанда қалай! Былтыр бұл монополист 268 миллион тонна жүк тасымалдап үлгерген. Сөз орайы келгенде айтайық, еліміздегі жүк тасымалының 90 пайызы «ҚТЖ» арқылы жүргізіледі. Көмір, руда, қара және түсті металлдар, бидай... экспортқа тауар жөнелтетін өндірушілердің барлығы дерлік «Қазақстан темір жолы» компаниясының қызметіне зәру. Бір сөзбен айтқанда, ел экономкиасы осы ұлттық компанияға тәуелді. Былтырғы табыс 880 миллиард теңгеге жуықтапты. 2020 жылға дейін республиканың темір жол саласына 5,7 триллион теңге көлемінде инвестиция құйылуының мәнісі де осында. Осыдан болса керек, «ҚТЖ» - мемлекет ішіндегі мемлекет» деген ұғым әлдеқашан таралып кетті. Дегенмен, отандық темір жол саласының кезек күттірмейтін мәселелері шаш етектен. Жоғарыда аталған жетістіктері бола тұра «Қазастан темір жолы» дағдарыстың салдарынан қаражат тапшылығын сезіп отырған секілді. Өйткені, былтыр күрделі жөндеуден өтуі тиіс 600 шақырым жолдың орнына бар-жоғы 486 шақырым жөнделіпті. Ал биылғы жоспар тіптен аз – 264 шақырым шамасында. Сондықтан, 2010 жылы да компания басшылығы шығындарды азайту ісіне білек-сыбанып кірісетінін жасырмай отыр.
7. «ПетроҚазақстан» АҚ
Еліміздегі ең ірі компаниялардың қатарында жетінші орында өзіміздің «ПетроҚазақстан» компаниясы келе жатыр. «ПетроҚазақстан» - бірнеше компаниялардың тобы. Акцияның 51 пайызы жоғарыда аталған Қытайдың CNPC компаниясының еншісінде. Қалған 49 пайызын отандық «Қазмұнайгаз» иеленді. Оның өзіне қол жеткізу оңай шаруа болған жоқ. Шымкент мұнай өңдеу зауытының алғашында канадалық «Харрикейн» компаниясына, одан соң қытай инвесторының қолына өткеніне әлі күнге дейін өкінішпен айтып жүргендер бар. Расында да, 90-шы жылдардың басында қатардағы ұсақ фирмалардың бірі болып келген rанадалық «Харрикейн хайдрокарбонз» сонау Қазақстандағы Шымкент мұнай өңдеу зауытының иесі атанған соң әлемдік деңгейдегі ірі бизнес ойыншы болып шыға келді. Қазір зауыттың қызығын қытайлар көріп отыр. Одан бөлек «ПетроҚазақстан» компаниясының меншігінде бірқатар мұнай кеніштері бар. Ал мұнай өнімдерін сатумен «петроҚазақстан сауда үйі» атты жеке құрылым шұғылданады.
8. «БТА Банк» АҚ
10. «Қазкоммерцбанк» АҚ
Үздік ондықты қаржы саласының өкілдері қорытып тұр. Дағдарысқа дейін мақтаулы, дағдарыстан кейін даттаулы күйде қалған ірі банктердің қазіргі жағдайы тым мүшкіл. Әсіресе, «БТА Банктің» көрмеген азабы қалмады. Мемлекеттің жәрдемі болмағанда, кеше ғана Шығыс Еуропа және ТМД кеңістігіндегі ең үздік банк аталған «БТА Банк» банкротқа ұшырар еді.
Олай болса бұл қаржы ұйымын отандық үздіктер рейтингісіне енгізіп неміз бар дейсіз ғой? Шын мәнінде, «БТА Банкке» орынды формальді түрде беріп отырмыз. Өйткені, банктің шығыны бір жылдық табысынан 2,8 есе асып түскен. «Самрұқ-Қазына» қоры 2 миллиард доллар төлеп, «БТА –Банктің» 75 пайыз акциясын сатып алуының арқасында ғана жанын сақтап қалды. Дегенмен, Батыстағы несие берушілер қазақстандық қаржы ұйымының болашағына мүлдем сенбейтінін жасырмай, берген қаржысын мерзімінен бұрын төлеуді талап етті. Екі жақтың арасындағы келіссөздер әлі күнге дейін жалғасуда.
«БТА Банкке» қарағанда «Қазкоммерцбанктің» жағдайы тәуірлеу. Қаржы дағдарысына қарамастан былтыр «Қазком» шығынға батпақ түгілі табыс таба білді. Оның үстіне 2008 жылы банк басшылығы Үкіметтің үұсынысын құп көріп, акцияларының 25 пайызын мемлекетке қомақты қаражатқа сатты. Қазіргі таңда «Қазкоммерцбанктің» активтері 2,5 триллион теңгеге жетті. Бұл тұрғыдан алғанда елімізде оған тең келетін банк жоқ.
Дегенмен, қаржы дағдарысы 2010 жылы да жалғасын табатынын ескерсек, «Қазкоммерцбанк» әлі де қиындықтарға тап болатыны сөзсіз. Сарапшылардың айтуынша, Қазақстандағы ең үздік банк атағы үшін «Қазкомның» ендігі негізгі бәсекелесі «БТА Банк» емес, «Халық Банкі» болмақ. Сондай-ақ, «АТФ» пен «Центр Кредит» банктерінің де ықпалы күшейетін түрі бар.
9. "СНПС-Актобемунайгаз" АҚ
Атауында «Ақтөбе» сөзі болғанымен бұл Қытайдың меншігіндегі компания. Бұл мұнай алпауыты жайлы ақпарат өте аз. Бір білетініміз, мұнай өндіру ісін жылдан жылға арттырып келе жатқан, демек, табысы да мол акционерлік қоғам. Өйткені шығыстағы көршіміздің мұнайға деген сұранысы қашан да жоғары болмақ.
P.S.Қазақстандық ең ірі компаниялардың бүгінгі кескін –келбеті осындай. Байқап отырғаныңыздай, отандық экономиканың басым бөлігін шикізат өндірушілер құрап отыр. Рейтингке енген он компанияның табысы отандық экономиканың жартысынан көп үлесін қадағалап отырғанын да айта кеткен жөн. Алайда, бұл тізім ресми деректерге негізделіп жасалғанын да ұмытпаған жөн. Себебі, еліміздегі бірқатар алып компаниялардың қаржы айналымы мен тапқан табысы жайлы толыққанды мәлімет жоқ. Олардың қатарында «Арселор Миттал Теміртау», «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг», «Богатырь Көмір», «Қазмырыш» секілді ірі компанияларды жатқызуға болады.
Тағы бір айта кетерлігі, осы рейтингтегі үш компания, атап айтқанда, «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы» мен «БТА Банк» толықтай дерлік «Самрұқ-Қазына» қорының қарамағына өткен. Одан бөлек мемлекеттік қордың қоржынында «Қазақмыс» пен ENRC компаниялары акцияларының бір бөлігі де бар. Демек, қаржы дағдарысы кезеңінде бұл компаниялар «Самұрық-Қазына» қорының көмегіне арқа сүйей алады.
Әлбетте, келер жылдардың рейтингісі айтарлықтай өзгерістерге ұшырауы бек мүмкін. Қаржы дағдарысы тұсында кімнің жеңімпаз атанып, кімнің оңбай жығылатынын дөп басып айту қиын.