«Қарыз күліп барып жылап қайтатыны» әбден дәлелденген дүние ғой. Берген ақшасын қайтара алмай айтысып-тартысу, соттасу зәрезап етіп біткендіктен елдің көпшілігі қарыз сұраған жаннан азар да безер болып түрлі сылтаумен түлкібұлаңға салатыны осыдан. Ал Отырар ауданы әділет басқармасы бастығының іс-әрекетіне қарап отырып, оны танитыны бар, таниматыны бар елдің бәрі Дәулет Қамбаровқа өздері іздеп жүріп қарыз берген бе деп қайран қаласың? Және ешқайсысы да несиені қанша уақытта қайтарып бересің деп айтпайтыны қызық. Сіздерге түсінікті болу үшін оқиғаны басынан баяндасақ, 2007 жылы Дәулет Қамбаров Күлсара Бәймен деген азаматшадан 120 мың теңге, артынша Тәліп Асановтан 60 мың теңге қарыз ақша алады. Ең қызығы несие бергендер де, Қамбаров та оны қашан қайтарып беретіні туралы жақ ашпапты-мыс. Осылайша арада сырғып екі жыл өте шығады. Олар сұрамайды. Бұл бермейді. Сөйтіп жүргенде табан астынан қарыз бергендердің бірінің әкесі, енді бірінің енесі Дәулет Қамбаров қарызымызды қайтармай жүр деп қаржы полициясына арызданған. Әншейін де көп адамның былығын әп-сәтте дәлелдеп, мойынына қойып беретін қаржы полициясы бұл жолы істі тым ұз-а-ақ қарапты. Қайта-қайта қарап, ақыр соңы ешқандай қылмыстық іске негіз болар ешнәрсе таппадық деген себеппен істі қысқартып тәртіптік кеңеске жолдайды. Осы жерде барып, іске қатысты біраз мәселенің беті ашылады. Арыз бойынша жауап алынған Тәліп Асанов 2007 жылдың мамырында Отырар аудандық әділет басқармасының бастығы Д. Қамбаровқа барып, баласына жұмыс тауып бер деп өтініш айтқанын, сөйтіп, 60 мың теңге ақшаны бергенін айтады. Алайда Д. Қамбаров ақшаны қарыз деп алғанмын, ал Асановтың баласын жұмысқа орналастыру туралы ортамызда ешқандай да әңгіме болмады деген жауабынан танған жоқ. Тіпті оған қарызын даулап жүрген Т. Асановты да, К. Бәйменді де танымайтын болып шықты. Айтуынша бірінің ұлымен, екіншісінің қайнысымен таныс-біліс екен. Ақшаны да солар берген. Аудандық әділет басқармасының бастығы Дәулет Қамбаров мырза даудың жәй әншейін түсініспеушліктен туындағанын дәлелдеуге қанша тырысқанымен ертегі желісіне ұқсас бұл әңгіме-әфсанаға тәртіптік кеңес мүшелерін иландыра алмады. Бәлкім, тәртіптік кеңес мүшелігінде отырғандардың өмірден көрген-түйгендерінің көптігі мен жастарының ұлғайып қалғаны кедергі келтірсе керек, сірә. Әділет министрі Рашид Түсіпбековке Дәулет Қамбаровты қызметінен босату туралы тәртіптік жазаны қолдану жайындағы ұсынысты жолдау мәселесін барлығы да қолдады. Қызметінен босаумен ғана шектелсе қарыз алғыш бастықтың ебін тауып оңай құтылғаны дейміз бе, әлде әттең-ай обал болды-ау дейміз бе? Оның адамдардан жұмысқа орналыстыру үшін алған ақшасы шыныменен қарыз ба? Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?...