Түркістан облысы экономикасының драйвері болып табылатын ауыл шаруашылығында өткен жылы жалпы өнім көлемі 544,3 млрд. теңгені құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 5,3 пайызға артқан. Атап айтқанда, мал шаруашылығында ет өндірісі – 4,8 пайызға, сүт – 2,8 пайызға, жұмыртқа – 8,1 пайызға артып отыр. Өңірде өткен жылы 9600 тонна ет Өзбекстан, Ресей, Иран, БАӘ елдеріне экспортталып, Республикадағы үлесі 54 пайызға жетіп, 1-орынды иеленді.
Сонымен қатар, егін шаруашылығында өткен жылы 286,3 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, 2017 жылмен салыстырғанда 6,5 пайызға артып отыр. 2018 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 807,4 мың гектарға орналастырылып, 2017 жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға көбейген.
Нәтижесінде, 2018 жылы ауа райының қуаңшылық болғанына қарамастан, дихандардың еселі еңбегінің арқасында масақты дәнді дақылдардың әр гектарынан 17,8 центнерден 405 мың тонна өнім түсті. Мақта дақылының гектар түсімділігі 25,7 центнерден барлығы 340,7 мың тонна мақта жиналған. Көкөніс, картоп, бақша дақылдарынан 2,9 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді.
Сондай-ақ, қарқынды баулардың көлемі 2800 гектарға жеткізіліп, республикадағы жеміс-жидектің 40 пайызы, жүзімнің 73 пайызы Түркістан облысында жиналды.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі