Мұрат Тағаев, «Ордабасы құс» ЖШС директоры
«Күркетауық жылқы етінен кем емес»
Оңтүстік біраздан бері күркетауық етімен таныла бастады. «Ордабасы құс» фабрикасының өніміне деген сұраныс та, қызығушылық та қысқа мерзім ішінде республика бойынша күрт артты. Кәсіпорын жұмысымен танысқан мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та жаңа бастамаға жоғары баға берді. Күркетауық етіне деген айрықша сұраныстың сыры неде? Осы тұрғыда инновациялық жобаны іске асырған «Ордабасы құс» ЖШС директоры Мұрат Тағаевпен сұхбаттасқанды жөн көрдік.
- Күркетауық өсіру жайлы ой алғаш рет қашан туындады?
- Кеңес Одағының тұсында күркетауық фабрикалары елімізде болған. Бірі Көкшетауда, бірі Жамбыл облысында орналасқан. Бірақ, әрине, ол кездегі технология тым қарабайыр болатын. Құстарды клеткада өсіретін. 80-жылдардың орта тұсында республикада жылына орта есеппен 250 мың тонна құс еті шығарылса, соның 20 мың тоннасы үндік етіне тиесілі еді. Жамбыл облысында фабриканы ашудың өзіндік себебі бар. Ғалымдар күркетауық етінің ағзадағы фосфор қалдықтарының шығарылуына өте пайдалы деген шешімге келді. Cондықтан, дәл осындай үндік асырайтын фабрика бізде де салынатын болып шешілген. Оның жобасы әзірленіп, алғашқы ұңғымасы қазылып та қойған еді. Алайда, одақ тараған соң жоспар жүзеге асырылмай қалды. Тәуелсіз мемлекет атанған соң алыс шетелге шығып, дамыған елдердің тәжірибесін алуға, озық технологияларды меңгеруге мүмкіндік туды. Осыдан 10 жылдай бұрын «неге ұмыт қалған жобаны жандандырмасқа» деген ой келді. Күркетауық өсіру ісінің технологиясын жан-жақты зерттей бастадық. Шынымды айтсам, жоба дәл қазіргідей үлкен болады деп ойлаған жоқпыз. Әуеліде инкубатор тауығын шығарсақ, сосын бір-екі құсахана салсақ деп жоспарлағанбыз. Алайда, осы кезде Елбасының саралы саясатының үлкен септігі тиді. Осыдан үш жыл бұрын мемлекет басшысының тапсырмасымен Үкімет дағдарысқа қарсы шараларды қабылдады. Ауылшаруашылығы саласына 120 миллиард теңге қаржы бөлінді. Жобамызды «Қазагро» ұлттық холдингіне тапсырып, конкурсқа қатыстық. Нәтижесінде жеңімпаз атанып, бізге үлкен жеңілдікпен қомақты қаржы бөлінді. Осы қаражатқа ең соңғы үлгідегі заманауи қондырғылар әкеліп, үздік технологияларды меңгеруге көштік. Әлемде құс өсірудің түрлі технологиялары бар. Біз Израильдің тәжірибесіне тоқталдық, себебі ол әлемдегі ең үздіктердің бірі болып танылған.
- Оның ерекшелігі неде?
- Құсты өсіру тәртібі табиғи жағдайға мейлінше сәйкестендірілген. Еденге жаңқаны төседік, жыл бойы 25 градус температура сақталады. Тазалықты сақтауға айрықша назар аударылады. Кене, түрлі инфекциялық ауруларға жол жоқ. Жемнің сапасы жоғары боулы қадағалаймыз.. Бидай, соя мен жүгеріні тазалап беретініміз өз алдына, жемнің құрамына 5-7 пайыз мөлшерде тазартылған пісте май қосамыз. Осының барлығы еттің құрамына барады ғой. Күркетауықтың ағзасы таза болады, еттің сапасы күшейеді.
- Күркетауық етінің қандай ерекшеліктері бар? Айталық, тауық етімен салыстырсақ
- Күркетауық етінің артықшылықтары өте көп. Барлық қасиеттері жөнінен үй құстарының ішінде алдыңғы орында келеді. Күркетауық еті аллергия бермейтінін медицина дәлелдеп берді. Бұл әсіресе балаларға өте пайдалы. Белгілі ғалым Төрегелді Шарманов басқаратын тағам академиясының ғалымдары өнімімізді жан-жақты зерттеп, аса жоғары баға берді. «Экологиялық таза өнім» деген арнайы сертификатымыз бар. Біздегі күркетауықтар - канадалық кросс деп аталатын етке бейімделген құс түрі. Ол өзінен-өзі салмақ қоспайды. Жақсы нәтижеге жету үшін барынша жағдай жасап, жемді өз дәрежесінде байытып беру қажет. Қазір қарапайым тұрғындар бізден балапандарды алып, асырап жатыр. Сонда 1 айлық, салмағы 1,5-1,8 келі балапанды алып, 4 ай өсіргенімен 3 келіден асыра алмағандар да кездесті. Демек, бұл құсқа дұрыс қарамағанының белгісі.
- Күркетауық етіне деген сұраныс қысқа мерзімде күрт артты. Оның себебі неде деп ойлайсыз?
- Әуелі кеңес одағы заманына оралайық. Елбасының «күркетауық өсіру ата-бабамыздың кәсібі болмаған» деп әзілдеп айтқаны бар ғой. Негізі, солайы солай. Дегенмен, одақ кезінде барлық колхоз-совхоздардың басшылары күркетауық өсіретін. Мәртебелі қонақ келсе дастарханға алдымен соның етін қоятын. Яғни, осы құс етінің ағзаға пайдалылығы, дәруменділігі бұрыннан белгілі болған. Бұрындары құс етін соя салысымен саудаға шығара беретін. Қазір біз етті терең өңдеу технологиясын меңгердік. Бұл жобамыздың инновациялық бағытын айқындайды. Ол нені білдіреді? Өнімді тұтынушыға шала-шарпы бере салмай, сойылған етті халыққа бөлшектеп ұсыну. Құстың жүрегі, бауыры, қанаты, бөтегесі, төс еті - әрқайсысының өзіндік қасиеттері бар. Өнімдер ассортиментін барынша кеңейттік. Күркетауық етінен шұжық, сарделька, сосиска секілді сұранысқа ие сапалы өнімдер шығарудамыз. Бұрын ондай болмаған. Әрі баға саясатына ерекше көңіл бөлеміз. Айталық, қазір базардағы сиыр етінің бағасы мың теңгенің үстінде болса, күркетауық етін 700-800 теңгеге аласыз. Тіпті 500 теңгелік те өніміміз бар. Ең дәмді жерлерінің бірі - күркетауықтың қанаты 650 теңге. Тағы бір айта кетерлік жайт - тұтынушымен арада ешқандай делдал жоқ, өнімге өзіміз толық жауап береміз, бағамыз да тұрақты. Осыдан біраз бұрын Астанада бір дүкенді аштық. Қазір тұтынушылардың көптігінен біз күнделікті жіберіп жатқан 1 тонна ет аздық етіп отыр екен. Яғни, астаналықтар күркетауық етіне үйренді. Әйтпесе, жарнама беріп те жатқанымыз жоқ. Сондықтан, Елордадан арнайы қойма ашуды көздеп, өнім көлемін 5-10 тоннаға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Алматыда да фирмалық дүкен аштық. Жалпы, бұл бастамасы ғана деп ойлаймын. Бір американдық азамат жылына орта есеппен 13 келі күркетауық етін жейді. Израильде жан басына шаққанда 17 келі болса, бізде бұл көрсеткіш 300 граммнан аспайды. Ресейдің өзі бір келіге енді жетті. Күркетауық етін осындай көлемде пайдаланып отырған дамыған елдердің тұрғындары ақымақ емес қой.
- Өнімді экспортқа шығаратын ойыңыз бар ма?
- Өніміміз бәсекеге қабілетті. Оның дәлелі - соңғы бір жылда көптеген конкурстарға қатысып, барлығында да жоғары баға алып келеміз. Жуырда ғана Мәскеудегі халықаралық көрмеден оралдық. Бұрынғы атақты ВДНХ, қазір Бүкіл ресейлік көрме орталығында өткен іс-шараға дүниежүзінің көптеген келдерінің компаниялары қатысты. Біз төрт номинация бойынша бағымызды сынадық. Өнімімізді аса жоғары бағалаған ұйымдастырушылар «сіздер алтын медальға лайықсыздар, бірақ алғаш рет қатысып отырғандықтан бірден бас жүлдені бере алмаймыз» деп барлық номинация бойынша күміс медальмен марапаттады. Есесіне өнімімізді Ресейге экспорттауға ұсынды. Қазірдің өзінде олар біздің бір жылда шығаратын 5 мың тонна өнімді толық сатып алуға дайын. Бірақ, мақсатымыз - ең әуелі отандық нарықты қамту. Одан артылғанын ғана экспортқа шығарамыз.
Әрине, тегіміз қазақ болғаннан кейін малдың етінсіз тұра алмаймыз, жылқының етін жеу керек. Бірақ, күнделікті күркетауық етін көп пайдаланудың ағзаға берер пайдасы мол. Тіпті күркетауықтың жылқы етін алмастыра алатындай қабілеті бар. Ол үшін жылқының етіндей тұздап, бесбармақ жасасаңыз керемет дәмді болады. Өте таза, сапалы әрі қолжетімді азық-түлік тауарына айналған күркетауық етіне деген сұраныс елімізде арта беретініне сенімдімін.
Мұрағаттан, 27.10.2011 ж