Сыбайлас жемқорлық әлемнің кез келген мемлекетінде кездесетін құбылыс. Кейбіреулердің аузының суы құрып мақтайтын Америка мен Европа елдерінде де парақорлық асқынып тұр. Әрине, біздегідей тал түсте ашықтан-ашық алақан жайып, ақша тілейтін «ГАИ» қызметкерлері мен анықтама беретін мекеме қызметкерлері дамыған елдерде жоқтың қасы. Шенеунік – Америкада да, Қазақстанда да, Африкада да шенеунік болып қала береді. Дамыған елдерде «іштен шыққан жаумен» күресудің түрлі тәсілдерін қолданылғанымен, сыбайлас жемқорлықты ауыздықтай алған ешкім жоқ. Сірә, болмайтын да шығар.
Дегенмен, қол қусырып қарап отыруға да болмайды. Тарихта сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте сәтті аяқталған науқандар да белгілі. Солардың бірі – демократия Отаны атанған Америкадағы «Шейх операциясы». Бұл құпия операцияның американдық қоғамға тигізген әсері Кеннедидің жұмбақ өлімі немесе «Уотергейт» саяси дау-дамайы секілді атышулы оқиғалардан кем болмады.
«Парақорлық эпидемиясы»
Осыдан 30 жыл бұрын Америка қоғамы сыбайлас жемқорлықтың батпағына біржола батып, атқарушы билікті парақорлық ауруы меңдеп кетті. 60-шы жылдарда біршама тәртіп орнағандай көрінгенімен, атышулы «Уотергейт» оқиғасынан соң американдықтар, әсіресе төменгі және орта деңгейдегі шенеуніктер құтырып шыға келді. Президент Ричард Никсонның сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқанының толық дәлелденгені сол-ақ екен, Американы «парақорлық эпидемиясы» жаулап алды. Тіпті бұрын бір тиын болса да пара алмаймыз деп мақтанып жүрген полицейлер жүргізушілерді тоқтатып, ақша талап етуді әдетке айналдырды. Әкімшіліктердегі шенеуніктердің жайы айтпаса да түсінікті.
1975 жылы АҚШ-тың бас прокуроры Эдвард Леви мәлімдеме жасап, «папкі ұстаған ақ жағалы қылмыскерлердің» саны күрт артқанын ескертті. Сол жылы 8000-ға жуық шенеунік сыбайлас жемқорлыққа байланысты сотталса, 1979 жылы пара алғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған мемлекеттік қызметкерлердің саны 80-нан асты. Коррупциялық қылмыстардың бұрын-соңды болып көрмеген деңгейге дейін өсуі биліктің бишігін ұстағандарды үрейлендіріп жіберді. Федералды тергеу басқармасы (ФБР) шұғыл түрде сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға бағытталған құпия операцияларды ойластыруға кірісті.
Алайда, бұл жобаларды іске асыруда бірнеше кедергі кездесті. Американдық саяси өмір – екі партияның ғасырларға созылған бақталастығынан құралады. Республикалықтар мен демократтардың арасындағы талас-тартыс бүгінге дейін жалғасын тауып келеді. Сыбайлас жемқорлық жайлаған кезең билік басында демократтардың тұрған шағымен тұспа-тұс келді. Президент пен конгрессмендердің басым бөлігі демократиялық партия өкілдері болғандықтан, ең маңызды шешім қабылдау ісі солардың құзырында еді. Дегенмен, республикалық партиядағылар бір оқпен екі қоянды атуды ойластырып, астыртын әрекетке кірісті.
«АБДУЛДЫҢ» АЙЛА-ТӘСІЛІ
1978 жылы Американың құқық қорғау саласы толық дерлік республикалықтардың ықпалына өтті. Атап айтқанда, бас прокуратураға Бенджамин Чивилети, Орталық барлау қызметіне (ЦРУ) Джордж Буш, Федералдық тергеу бюросына (ФБР) Уильям Вебстер келді. Бұл үшеу алда келе жатқан президенттік сайлауда республикалық партияның көшбасшысы, үміткер Рональд Рейганның ұпайын түгендеуге білек сыбанып кірісті. ФБР кез-келген құпия операцияны жүзеге асыру үшін Конгресстен рұқсат сұрап отыруға мәжбүр болғандықтан, Вебстер қулыққа барды. Конгрессмендердің назарына сыбайлас жемқорлықты ауыздықтауға бағытталған бірнеше жоба ұсынды.
Айталық, «Brilab» құпия операциясы кәсіподақтар саласын қамтыса, «Double Steel» қалалық деңгейдегі әкімшілік қызметкерлеріне қарсы бағытталды. Сондай-ақ, «Pendorf» арқылы зейнетақы қорларындағы былықтарды анықтау, «іll Wind» жобасының нәтижесінде қорғаныс министрлігіндегі заңсыз қару-жарақ саудасын әшкерелеу көзделді. Осы жобалардың арасында ABSCAM операциясына да рұқсат беріліп кетті. Бір қарағанда алып бара жатқан түгі жоқ. Бұл операцияның құжатта жазылған мақсаты – жоғалған көркем шығармаларды іздеп табу. ФБР-дің өкілдері «біз ұйымдасқан қылмыстық топтардың құрамына агенттерімізді енгізіп, осы арқылы бұрын ұрланып кеткен әйгілі суретшілердің шығармаларын елге қайтарамыз» деп сендірді. Конгресмендер бұған қарсы шықсын ба? Ләм-мим деместен қол қойып, рұқсат берді.
Шын мәнінде ABSCAM жобасының мақсаты мүлдем басқа еді. ABSCAM–ның екінші аты - «Абдул компаниясының айласы немесе «Шейх операциясы». Құпия жобаның негізінде «Абдул энтерпрайзерс» жалған-компаниясы құрылып, оның ойдан құрастырылған басшысы - Камбир Абдулла Рахман Американың азаматтығын алып, осы елде казино бизнесін жүргізгісі келеді. 70-ші жылдарда араб үшін американдық төлқұжат пен казино ашуға лицензия алу – қиынның қиыны еді. Бұл мәселені тек министрліктер, Сенат пен Конгресстегі жоғары лауазымды қызметкерлер ғана шешіп бере алатын. Жұмысты тездету үшін шейх шенеуніктерге көмекшілерін жіберіп, өтінішін жеткізіп жәрдем сұрайды. Өтінімнің ажырамас бөлігі – конвертке салынған ақша. Ал, Шығыстың қонақжайлық дәстүрі бойынша ұсынылған сыйлықтан бас тартуға болмайтыны мәлім.
«Шейх» операциясына» жан-жақты дайындық жүргізілді. Жоба әзірленген уақытта ФБР-дің құрамында түрі арабқа келетін, арабша сөйлейтін агенттер жоқтың қасы еді. Сондықтан, құпия жобаға бұрын сотты болған он шақты араб азаматтарды тарту көзделді. Ондайларды тауып, арнайы оқытып, дайындауға екі жылдай уақыт кетті. «Шейх Абдул Рахманның» сенімді өкілдері жоғары лауазымды шенеуніктерге жолығып, мойнына жүктелген өтініштерін жеткізеді. Екі жақты келіссөздердің барлығы бейнекамераға жазылып жатты...
1980 жылдың ақпан айында, президент сайлауына небәрі 6 ай уақыт қалғанда ФБР-дің басшысы Вебстер ABSCAM антикоррупциялық операцияның қорытындысын жариялады. Америка тарихындағы ең даулы оқиғалардың бірі 2 сенатор, 6 конгрессменнің саяси карьерасына нүкте қойды. Барлығы ел назарында жүрген 17 саясаткер қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Шенеуніктер арабтардан ақша алып жатқан бейнетаспалар журналистердің қолына түсіп, кейбір үзінділер теледидар арқылы көрсетілді. Мәселен, конгресменнің бірі 40 мың доллар көлеміндегі ақша бумаларын қалтасына нығыздап салып, «енді көрінбейтін шығар, ә» деп ыржалақтағанын миллиондаған американдықтар тамашалады. Ұсталған сенатордың бірі «бейнетаспада мен емес, грим жасалған әртіс болуы керек. Ақша алғанымды мойындамаймын» деп байбалам салып, қылмыстық жазадан құтылып кете алды. Дегенмен, оның саяси карьерасы осыменен аяқталды. Бірнеше аптадан соң Сенаттың этика жөніндегі комиссиясы оған өз еркімен қызметтен кетуге кеңес берді.
Атышулы мәлімдеме жасаған прокурор Чивилети «біздің назарымызға бұдан бөлек мыңдаған парақор шенеуніктер ілікті. Олар тез арада қызметінен кетпесе тергеу жұымстарын күшейтіп, әшкерелейміз» деп қорқытты. Алайда, сәтті басталған операцияның арты саяси дау-дамайға ұласты. Алғашында ФБР-дің алға тартқан дәлелдерін үнсіз қабылдаған сенаторлар мен конгресмендер кенет мынаны байқапты: парамен ұсталғандардың барлығы- демократиялық партия өкілдері. Бұл сәтсіздік пе, әлде алдын ала ұйымдастырылған тірлік пе?
«Шейх операциясы» алдына қойған мақсатын толық орындады. Сыбайлас жемқорлық атты асқынып бара жатқан қоғамдық дерт біршама басылды. 1982 жылы АҚШ әділет министрлігі ішкі ресурстарының 23 пайызын парақорлықпен күресуге жұмсауға дайындалды. Алайда, кейін анықталғандай, мұндай шара қабылдаудың ендігі ретте қажеті жоқ еді. «Арабтардың» кесірінен абақтыға жабылған саясаткерлердің тағдырын көрген шенеуніктердің басым бөлігі алдына келушілерден ақша алуды доғарды. Сыбайлас жемқорлық түбірімен жойылмағанымен, қоғамдағы атмосфера біршама тазарды. Бұны бір деңіз.
Екіншіден, ФБР-дің астыртын көздеген саяси мақсаты да жүзеге асты. «Шейх операциясынан» соң моральдық тұрғыда мысы басылған демократтардың жаңа президент Рональд Рейганмен тайталасуға шамасы келмеді. Америка тарихындағы «Рейгономика» атты кезеңге жол осылайша ашылды.