Серікбай ЕРІМБЕТОВ: «Халықтың мұқтаждығы үшін қаралған қаржыға қол салатындардың қылығына қынжыласың

Screenshot_32.jpg

ОҚО бойынша Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің бастығы:

- «Нұр Отан» ХДП жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов өз мәлімдемесінде Оңтүстік Қазақстан облысы сыбайлас жемқорлық қылмысы жөнінен облыстар арасында алдыңғы қатарда тұр деген болатын. Осыған байланысты Сіз не айтар едіңіз? 

- Әрине, Оңтүстік Қазақстан облысында сыбайластық өршіп тұр, жемқорлық қылмысы жөнінен алдыңғы қатарда деп айту қателік болатын шығар. Дәлірегі, мұны сыбайлас жемқорлықтың көптігі деп емес, құқық қорғау органдары жұмысының пәрменділігінің нәтижесі деп ойлаймын. Салыстырмалы түрде алғанда экономикалық тұрғыдағы сыбайлас жемқорлық қылмыстарын анықтауда Оңтүстік Қазақстан облыстық қаржы полициясының көрсеткіштері Алматы қаласы, Қарағанды облысы секілді үлкен өңірлердегі көрсеткіштермен деңгейлес. Нақты статистикаға жүгінер болсақ, жыл басынан бері департамент қызметкерлерімен 787 қылмыс анықталса, оның 344-і экономикалық, 265-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Ал сыбайлас жемқорлық қылмыстар санатындағылардың саны 208. Оның ішінде пара алу оқиғалары 27 де, пара беру фактісі 3-еу. Қызметтік жалғандық жасау бойынша 47, қызметтік өкілеттікті теріс пайдалану бойынша 20, бөтен мүлікті иемдену және жымқыру деректері бойынша 89 қылмыс анықталған.  Сонымен қатар, бюджеттік қаражатты мақсатсыз пайдаланудың 37, алаяқтықтың 88, жалған кәсіпкерліктің 25, жалған ақша жасаудың 27, банк қаражатын заңсыз пайдаланудың 29, салық төлеуден жалтарудың 15 және заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырудың 154 фактісі анықталды.

«Кәсіпкерлерді қанағысы келгендерге аяушылық болмайды»

- Қарапайым халық қаржы полициясының жұмысын тек қана сыбайлас жемқорлық жағдайлармен, яғни парақорлықпен байланыстырып жатады...

- Мұныңыз рас. Қаржы полициясының бастапқы құрылуының негізгі себептерінің бірі – мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету болған. Қаржы полициясы туралы заңда осылай жазылған. Мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету деген ұғым қылмысты көп аштың ба, аз аштың ба деген мәселемен ғана өлшенбейді. Экономикалық реформалардың, Елбасы бағдарламаларының жүзеге асуына әкімшілік органдар жауапты, ал біздің міндетіміз осы міндеттердің дұрыс жүзеге асуына көмек көрсету. Яғни, мемлекеттік қаражаттың мақсатты, нақты жұмсалуына бақылау жасау деген сөз. Қаражат дұрыс жұмсалмаған жағдайда, ол өтіп кеткеннен соң саныңды соқ, соқпа одан не пайда? Осындай олқылықтарға жол бермеуіміз керек. 

Рас, сыбайлас жемқорлықпен барлық құқық қорғау органдары күресуге міндетті, дегенмен, қаржы полициясы онымен тікелей күресу мақсатында құрылған орган болғандықтан, жауапкершіліг жүгінің негізгі бөлігі бізге тиесілі. 

Қаржы полициясының негізгі міндеттерінің тағы бірі – шағын және орта кәсіпкерлікті қорғау. Кеңес одағы кезінде саудагер атаулы, қазіргі тілмен айтқанда бизнесмендер бізге қылмыскер секілді көрінетін. Қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Елбасы саясатына сәйкес Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігі төрағасының алға қойған мақсаты – бизнесмендерден қылмыс іздеу емес, керісінше оларды қорғау, кәсібінің дұрыс дөңгелеуіне көмек көрсету, келеңсіз факторлардың алдын алып отыруды қамтамасыз ету. Өйткені, шағын және орта бизнес «мемлекет» атты тұтас ағзаның омыртқасы іспетті сала. Бизнес әрі жұмыс күші, әрі салық көзі. 

Азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын сақтау біздің міндеттеріміздің ішіндегі ең қасиетті іспетті. Азаматтарды негізсіз қылмыстық қудалауға салмауымыз керек. Осы тұста айта кетейін, департаменттің тергеу саласы бойынша алдынғы жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда мерзімінен асыра аяқталған қылмыстық істер саны былтырғы 146-дан биыл 99-ға дейін төмендеп отыр. Ал қайта тергеуге қайтарылған істер саны 22-ден 12-ге азайды. Біздің алдағы мақсатымыз осы кемшіліктерді түбегейлі жою. 

- Кәсіпкерлерге кедергі келтірген келеңсіздіктер жайында нақты мысалдар бар ма?

- Кәсіпкерлердің іс-әрекетіне заңсыз араласу деректері бойынша жыл басынан бері 33 қылмыстық іс қозғалып, қылмыскерлер тиісті жауапкершілікке тартылған. Мысалы, жеке кәсіпкерлердің бізге арызданып келуінің нәтижесінде Шымкент қаласы Абай аудандық салық басқармасының бас маманы Э.Орынбаева ұсталды. Ол лауазымды адам бола тұра жеке кәсіпкер Н.Дарибаевтан «БН Лоунджбар» орталығына қатысты салықтық тексеру бойынша әкімшілік жазаға тартпау үшін 100 мың теңгені пара ретінде алған. Нәтижесінде қылмыскер үш жылға бас бостандығынан айырылды. Осы басқарманың тағы бір бас маманы Г.Сағындықова «Югснабсбыт-БМК» ЖШС-нің басшысынан салық тексеру актісінің қорытындысын оңды шешіп беремін деп 35 мың АҚШ долларын (25 мың АҚШ доллары муляж) пара ретінде алу барасында құрыққа ілікті. Ол сот санкциясымен қамауға алынды. Ал Кентау қаласы салық басқармасының  бас маманы Е.Ахметов жеке кәсіпкер жөніндегі куәлікті тездетіп дайындап беру үшін Т.Асанов пен Б.Алсеитовтің әрқайсысынан 30 мың теңгеден 60 мың теңге пара алу барысында қолға түсті. Айта берсек, мұндай мысалдар жеткілікті. Кәсіпкерлерді қанағысы келгендерге аяушылық болмайды. 

- Қарамағыңыздағы қызметкерлердің кәсібилігіне көңіліңіз толады ма? 

- Менің бұл қызметке келгеніме 8 айдың жүзі болыпты. Осы уақыт аралығындағы жұмыс жағдайына талдау жасай отырып байқағаным, қаржы полициясының жедел іздестіру жұмыстарын жандандыру керек екен. Бүгінгі күнге дейін көбінесе қылмыстық істер арыз-шағымдар негізінде ғана қозғалып келген. Наурыз айында, яғни мен жұмысқа алғаш кіріскен уақыттағы статистикаға сүйенсек, қозғалған қылмыстық істердің 88 пайызы арыз-шағымдар бойынша қозғалған. Қызметкерлер де соған дағдыланған. Мұның ең жаман жері, қауіпті тұсы – жас мамандар осыған дағдыланып кетсе, кәсіби деңгейлері тым төмен болып қалуы мүмкін. Журналистердің ең жақсы көретін «шабақтар ұсталып жатыр, шортандар қашан қармаққа түседі» деген сөзі бар, шортандарды ұстау, олардың қылмысын әшкерелеу үшін арызбен жұмыс істеу жеткіліксіз. Оған терең, жедел іздестіру жұмыстары ұйымдастырылуы қажет. Мемлекеттік қаржылардың, әсіресе, тендер арқылы жаратылатын қаражаттардың дұрыс жұмсалмау фактілерін анықтау үшін осындай формада жұмыс істеуіміз қажет. Агенттік төрағасының бұйрығымен мамыр айынан бері бізде жедел тергеу кезекші тобы құрылды. Бұрынғы жүйе бойынша арызбен шұғыл топ қызметкерлері де, тергеушілер де айналыса беретін. Бір сөзбен айтқанда қойыртпақ болып жататын. Соның салдарынан арызды қарау мерзімінің бұзылуы, сапасының төмендеуі, қылмысты жасыру секілді олқылықтар орын алып, азаматтардың наразылығын тудыратын. Оған қарап жатқан ешкім жоқ. Жаңа жүйе бойынша арыз-шағымдарды енді тергеушілер ғана қарайды. Сол себепті де тергеушілердің ролін арттыруға күш салып отырмыз. Бұл жоғарыда айтылған кемшіліктерге тосқауыл болуда. Ал экономикалық қылмыстармен, сыбайлас жемқорлықпен күресумен арнайы басқармалар айналысады. Олар арыз-шағым қараудан босатылды. Міне, «шортандардың» «алтын көрсе періште жолдан таяр» әрекетке бармауды осы басқармалар қамтамасыз етеді. 

   «Қызметкері парамен ұсталса, басшысы орнынан кетуі керек» деген Елбасы тапсырмасы орындалуы тиіс»

- Елбасы қарамағындағы қызметкер парамен ұсталса, басшысы да орнынан  кетуі керектігін бірнеше рет айтты. Дегенмен, біздің облысымызда көптеген қызметкерлер, тіпті, аудан әкімі де парамен ұсталғанымен, бір ғана басшының батыл қадам жасап, жұмыстан өз еркімен кеткені есімізде қалыпты. Сонда Елбасы тапсырмасының ескерусіз қалғаны ма, қалай ойлайсыз?

-  Әрине, мұндай жағдайға баға беру мен үшін этикалық жағынан да, құзыреттілігім жағынан да сәйкес келмейді. Дегенмен, Елбасы тапсырмасы болғасын ол міндетті түрде орындалуы тиіс деп ойлаймын. Өз ішіміздегі жағдайға келер болсам, өзіміз анықтаған, яғни парамен қолға түскен екі қызметкердің тікелей басшылары өз еріктерімен қызметтерінен босатылды. Сондай-ақ, сол саланы бақылауға алған орынбасарыма қызметіне толық сәйкес еместігі жөніндегі шара көрілді. 

Менің пікірімше, Елбасының мұндай тапсырма берудегі түпкі мақсаты біріншіден, басшылардың жауапкершілігін арттыру, олар тарапынан қарамағындағы қызметкерлердің іс-әрекеттеріне бақылауды күшейтуге бағытталған болса, екінші жағынан қатардағы қызметкерге де ой салуы қажет. Ар-ұяты бар азамат «мен қылмыстық әрекеттерге жол берсем, ертең осы әрекетіммен өзге адамдарға да обал жасамаймын ба, олардың да отбасы, бала-шағасы, алға қойған мақсаттары, армандары бар, солардың барлығын бір күнде тас-талқан етпеймін бе» деп ойлануы тиіс. Қазақтың әр мақалы тұнып тұрған философия ғой. Соның бірі «қолыңмен істегенді мойныңмен көтер» деген. Қолыңмен істегенді мойныңмен көтеру қиын, ал біреудің қолымен істегенді мойныңмен көтеру екі есе ауыр ссоғады. Осындай ауыр жағдайға тап болмас үшін басшы азаматтар қарамағындағы қызметкерлерге қатысты алдын-алу шараларына, тәрбие мәселесіне көп көңіл беру керек. Бұл да жемісін береді. Шындап шара көретін болсақ, кез-келген келеңсіздікті тоқтатуға болады.        

- Сыбайлас жемқорлық әрекетті анықтауға көмектескен адамға сыйақы тағайындалатыны белгілі. Біздің облысымызда осы кезге дейін Сіздерге көмек беріп, сыйақы алған азамат болды ма? 

- Ол жөнінде тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргіздік, алайда, әзірге ешқандай нақты факті орын алған жоқ. 

- Көп жағдайда парамен ұсталып, айып тағылған азамат алаяқтықпен сотталып жатады. Мұның себебі неде? Тергеуші органдар қылмысты дұрыс дәрежелемейтін болғаны ма, әлде басқа да себебі бар ма? Мұндай жайт халықтың көкейіне күдікті ой ұялататыны шындық.   

- Агенттігіміздің төрағасы Рашид Түсіпбеков қызметке келген кезде қылмыскерліктің көрсеткішін жасаған кезде жасанды қылмыстар жасауды, яғни  қылмыстың санын көбейтіп, тіркей беру, сол арқылы көзбояушылыққа баруды тоқтату керектігін айтты. Жасыратыны жоқ, мұндай жағдай қаржы полициясының да, басқа да құқық қорғау органдарының әрекетінде кездесіп тұрады. Сападан гөрі санды қудалау жағдайларына жол беріледі. Бұл не деген сөз? Мәселен, парақорлықты анықтасақ, «вот, сен жақсы жұмыс істедің, қызметкерлерің жақсы жұмыс жасайды екен» деген мадақтаулар болады. Жоғары жақтағы басшылардан осы секілді қолдау көру үшін төмендегі қызметкерлер осындай көзбояушылыққа барады. Бірақ, заңның аты заң, ол сенің көзбояушылығыңа көне бермейді. Сотқа барғанда кейбір істердің осылай аяқталатыны сондықтан. 

Бұл бірінші мәселе. Екінші мәселе тағы да қызметкерлердің кәсіби дәрежесінің, білім деңгейінің төмендігіне келіп тіреледі. Бұл жасыратын құпия емес. Тергеушімен салыстырғанда жедел қызметкердің кәсіби шеберлігі деңгейлес болғанымен, заңды білу жағы кемшін соғып жатады. Сол себепті де кейбір жедел қызметкер ұстағанның барлығын пара алу деп есептейді. Ал тергеуші оны бүге-шігесіне дейін зерттеп барып дәрежелейді.  

Сот-тергеу тәжірибесінде кездесіп жататын үшінші жағдай бар. Кейбір мекеме басшылары өзінің қызметкері парақорлық жасағаннан соң түрлі амалдарға барып, кейінгі мерзіммен жұмыстан өз еркімен босатқан етіп көрсетуге тырысады. Мәселен, қызметкер бүгін ұсталса, ол бір жеті бұрын жұмыстан шығып кеткен болып шығады. Ол жұмысында неғып жүр деген сұрақтың туындайтыны заңдылық қой. Оған да жауап дайын: «жұмысындағы қағаздарын тапсыру үшін жүрген ғой», яғни ол пара алған емес, алаяқтық жасаған болып шығады. Әрине, түрлі себепті сылтау ете беруге де болмайды. Бізге қойылар ең басты талап - қызметкерлердің кәсіби, білім деңгейін барынша көтеру. Жаңа құрылымдық өзгерістер қызметкерлер арасында кімнің неге мүмкіндігі жететінін көрсетіп береді деп ойлаймын. Бұл алдағы бір айдың ішінде-ақ белгілі болып қалады.

- Кәсібилігі, біліктілігі сай келмеген қызметкерлердің тағдыры не болмақ?

- Олармен қоштасуға тура келеді. Бұл жөнінде қызметкерлерге әрдайым айтып отырамын. Әркім өзінің шамасы келетін шаруамен айналысқаны дұрыс қой. Құқық қорғау органдарының 2010-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бар. Соның ішінде «құқық қорғау органдарында қызмет ету халықтың ерекше сеніміне ие болу» деп жазылған. Демек, құқық қорғау органдарында әрбір азаматқа, мемлекетке жаны ашитын, шынайы, таза, нағыз кәсіби мамандар жұмыс істеуі керек.

- Сенім дегеннен шығады, халық өзінің сенген органдарына арыз түсіргісі келеді. Сіздерге түсіп жатқан арыздар саны артып отыр ма, әлде кемігені байқалады ма?

- Бұл айтып отырғаныңыз өте орынды мәселе, дұрыс сұрақ. Өзіміздің күнделікті жұмысымызда азаматтардың арыз-шағымдарын қарауға ерекше көңіл бөлеміз. Өйткені, адамдар еріккенінен шағымданбайды. Әрқайсысы өзінің мұқтаждығын жазады, әрқайсысының өзінің айтар бір мұңы, реніші, шағымы бар. Бұл, өзіңіз айтқандай, сенімнен туындайтын нәрсе. Егер де мен арыз қарамасам, екінші бір мемлекеттік орган атүсті қараса, үшінші бір лауазымды адам құлықсыздық танытса, әрине, әрбір адамның көңілінде күдік туады. Билікке, құқық қорғау органдарына деген сенімсіздік, реніш пайда болады. Статистикаға сүйенсек, азаматтар тарапынан түскен арыз-шағымдардың қатары жыл басынан бері 4623-ке жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен жоғары. 

Әр аптаның сенбісі күні арнайы жасалған кесте бойынша басшы азаматтар аудандарға шығып тұрамыз. Ол туралы жергілікті ақпарат құралдары арқылы алдын-ала хабарланады. Ондағы ойымыз түрлі келеңсіздіктердің куәсі болып жүрген адамдарға көмек беру. Кешегі сенбі күні орынбасарым Отыншиев Түркістан қаласына барып келді. Соның өзінде тізімге сегіз адам жазылып, мұқтаждықтарын жеткізуге мүмкіндік алды. Егер біз бармағанда солардың барлығы шалғайдан жол шығынын шығарып келіп, уақытын жоғалтып, әуре болатын еді. Ол бір. Екіншіден, арызданушылардың кейбірінің шағымдары сол жерде-ақ шешілетін жағдайлар аз болмайды.  

- Соңғы уақытта анықталған «үлкен істердің» қатарында қандай оқиғаларды атап айтқан болар едіңіз?

- Жақында Ордабасы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімі бастығы мен «Құрылыс және Бас жоспар» ЖШС директорының үстінен қылмыстық іс қозғалды. Оларға қатысты «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде ауыз сумен қамтамасыз ету жүйелерінің сметалық құжаттарын дайындау жұмыстары бойынша жалған құжат жасап, қазынадан қаралған 13 миллион теңгені жеке бас пайдасына жаратқан деген күдік бар. Сол секілді Сарыағаш ауданы «Емеш-ата» ЖШС, «Рахманберді» ШҚ директорларының іс-әрекеттеріне қатысты да қылмыстық іс қозғалды. Олар 387 бас асыл тұқымды ұсақ мал сатып алғандары жөнінде жалған құжаттар әзірлеп, оны субсидиялауға өткізіп, мемлекеттің 2 767 268 теңгесін заңсыз иемденген.  Осы секілді келеңсіздіктерді көріп отырып, еріксіз қынжыласың, қарның ашады. Адамның ондай әрекеттерге баруға қалай қолы барады? Елбасы күн сайын қаржыны дұрыс пайдалану керектігін айтып жатыр. Жергілікті халық су жоқ деп жылап отыр, бізге көңіл бөлмейді деп Үкіметке ренжиді. Ал Үкіметтің халық мұқтаждығы үшін бөлген сол қаржыны орта жолда оңбаған біреудің қалтасына салып алғанын халық қайдан білсін? Адамда кішкене де болса ұят болуы керек емес пе?

Мұрағаттан: 22.11.2012  


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: