Оңтүстікте Елбасының өзі ашқан кәсіпорын қазір тоқтап тұр

Screenshot_10.jpg

Бүгінде елімізде қарапайым халық үшін зиянды, есесіне шенеуніктердің шекпенін сақтап қалуға себеп болатын көзбояушылық үрдіс қалыптасқаны жасырын емес. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысы да көпе көрнеу көзбояушылыққа  барудан көш басындағылардың қатарында келеді. Айталық, Елбасымен тікелей байланыс кезінде мәселе қозғалып, кейін Темірландағы ауыз судың азабы толыққанды оң шешімін тапты  деген ақпарат көпшілікті алдап соғу, көзбояушылық болып шықты. Бұл туралы  «Рейтинг» газетінде  жан-жақты журналистік зерттеу жүргізу арқылы «Елбасы да, ел де алданды» атты тақырыппен көлемді сараптамалық  мақала жарық көрген  болатын. Келеңсіздікке жол бергендерге облыс әкімі қатаң шара қолданды. Бәрібір көзбояушылықтың көзі жойылмай тұр. Өйткені...

 Дәл осындай Елбасымен тікелей телебайланыс барысының тағы бірінде  шенеуніктердің «Шымкенттен енді өз аккумуляторымыз шығатын болды» деп, зауыттың іске қосылғанынан бұқаралық ақпарат құралдары  арқылы сүйінші сұрағанын халық ұмыта қойған жоқ. Сол аккумуляторларды республика түгілі облыс, тіпті, Шымкенттің тұрғындары да пайдалана алмай, арманда қалды. Бұл зауытыңыз «байтал түгіл бас қайғы» болып, облыстық әкімдікпен соттасып жүргенін журналистер жарыса жазды. Ал аккумулятор зауыты алдамшы жарнама сияқты жарқ етті де, жоқ болды. Оның сұрауын сұрап, жоқ іздейді деген жергілікті билік Елбасы алдында ұпай жинап «есектері судан өтіп кеткен» соң зауыттың кейінгі тағдырына бас ауыртқан жоқ. Елбасының сапары барысында лентасы қиылған нысанның тағы бірі – Спорт сарайының «тағдыры мың тәлкекке түсіп», талай құрылымдық өзгерістерді бастан өткерді. Ақыр соңында бұл спорт сарайының құрылымдық өзгерістеріне, жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаражат оны салуға кеткен шығыннан да асып кетті. Сонда бұл қандай көзбояушылық? Жә, мұның барлығына болашақта бөлек әңгіме қозғайтын болармыз. Әзірге айтпағымыз «Азия Керамик» ЖШС жайлы болмақ.

Жарнамасы жер жарып, бүкіл қазақстандықтарды керамогранит материалдарымен жарылқап тастайтын болған «Азия Керамик» зауытының лентасын 2010 жылы наурызда  Президент Н.Назарбаев салтанатты жағдайда қиды. Ел экономикасының өркендеуіне елеулі үлес қосатын болды деп шын қуанған Елбасы бұл жаңалыққа жаны жадырап, алғашқы алынған өнімге «Құтты болсын!» деген тілек жазды, зауыттың қадамына сәттілік тіледі. Елбасының қатысуымен ашылған кәсіпорын туралы хабар республикалық ақпарат құралдары арқылы жер-жерге сол күні-ақ тарап үлгерген. Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында іске асырылған зауыттың құрылысы үшін 3 миллиард (кей деректерде 5 550,0 миллион) теңгеден астам қаражат жұмсалғаны, оның  негізгі бөлігі «Қазақстан Даму Банкі» АҚ тарапынан, қалғанын түрік инвесторларының қаржыландырғаны, есесіне зауыт алғашқы жылдары 2,5 миллион, кейін 6 миллион шаршы метрге дейін өнім шығарып, 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтитыны естіген адамды әдемі әсерге бөлегені рас. Ең бастысы, жаңа кәсіпорын ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етеді.   Итальяндық заманауи қондырғы қойылғандықтан, шығарылатын өнімнің сапасы да жоғары, ал бағасы Қытай тауарларынан да арзан болмақ. Жергілікті әкімдік осы мәліметтерді Елбасы келіп-кеткенге дейін қайта-қайта қайталаудан жалықпап еді.  Өкінішке қарай, Елбасы кеткеннен кейін кәсіпорынның тірлігі кері кетті. Ұзамай мүлдем тоқтап тынды. Шымкенттіктер әлі күнге дейін «Азия Керамиктің» емес, Қытайдың сапасыз тауарларын тұтынуға мәжбүр.

Дүркіреп ашылған зауыттың тыныс-тіршілігі не себепті тым ерте тарылып, тоқтап қалғанына журналистік зерттеу жасап көрген едік. Алдымен зауыттың өзіне ат басын бұрдық. Елбасы алдындағы уәде бойынша бүгінде тіршілік қазаны қыж-қыж қайнап жатуы тиіс зауытта өлі тыныштық. Кәсіпорын ауласынан күзет қызметкерлерінен басқа ешкімді көре алмадық. Олар «зауыт істеп жатқан жоқ, тоқтап тұр, басшыларынан да ешкім жоқ» дегеннен басқа ештеңе айта алмады. Әрине, күзетшілерден бұдан өзге жауап күтудің өзі артық еді, өйткені, олардың міндеті нысанды күзету ғана.

Мұнан кейін өндіріс орындарының жұмысын үйлестіріп, олармен тікелей байланыста жұмыс жасайтын облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының орынбасары Жанболат Мелдешовке жолықтық:

- «Азия Керамик» «Қазақстан Даму Банкі» акционрелік қоғамының жобасы. Осы банк қаржы бөліп, жобаны іске асырмақ болды. Өкінішке қарай, ілкімді істі бастаған инвесторлар тірліктерін біркелкі жүргізе алмай, жобаны тоқтатып, тастап кетті. Дәл қазір істеп жатқан жоқ. Бірақ, зауыт толық біткен, жұмысқа дайын. Зауытқа керамикалық өнімдер шығарудан әлемге танымал, дүние жүзінде 11 зауыты бар итальяндық «Керрама Марацци» компаниясы қызығушылық танытып, компания өкілдері кен орнына сапар шегу барысында химиялық талдау жүргізу үшін шикізат үлгісін алды. Еліміздегі зертханаларда жүргізілген талдау қорытындысы бойынша шикізат сапалы деп танылып, талдауды растау үшін 6 тонна шикізатты өз елдеріндегі зертханаға әкетті.  Компания тарапынан оң шешім қабылданған жағдайда осы жылдың соңы немесе келесі жылдың басында зауыт жұмысын бастайды деген болжам бар.

- Біздің білуімізше, зауытты салған инвесторлар түрік фирмасы еді...

- Ол жағын нақты айта алмаймын. Мен жұмысқа жақында келгенмін. Сол себепті қазіргі жағдайын білемін, ал кім бастап, не үшін тастап кеткенін, яғни тарихын зерттеп көрген жоқпын...

Жаңылмасақ, «жақында келдім» деген Жанболат Мелдешовтың осы басқармаға басшылық қызметке келгеніне жарты жылдың жүзі болып қалды. Бұл «жақында келгенге» жатпаса керек-ті. Оның үстіне біршама уақыт басқарма басшысының міндетін атқарды. Жарты жыл ішінде Елбасы лентасын қиса да тоқтап тұрған алып зауыттың тарихын зерттеуге уақыт таппағаны ма, әлде құлық танытпады ма? Сонда оңтүстіктің шенеуніктері кімді алдап отыр?


Сіз не дейсіз?

Шәріпбек Жамалбекұлы, «Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы  Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:

       --Елбасының облысымыздағы сапары кезінде Үдемелі--индустриалық даму бағдарламасы негізінде «Азия Керамик» ЖШС жаңадан  іске қосылған.  Оған қаншама қаржы бөлінген. Алайда ашылған кәсіпорын көп ұзамай жұмыс істеуін тоқтатқанын көпшілікпен бірге  мен де естідім. Анық-қанығына үңілдім. Сөйтсем жел сөз емес, жөн сөз екен. Ол кәсіпорын  дәл қазір де  тоқтап тұр. Мендегі мәлімет бойынша бұл өндіріс орны шығаратын өнімге қажетті бірқатар шикізаттарды Украинадан тасымалдауы тиіс еді. Солармен кезінде келісім-шарт толыққанды түзілмеген. Сол шикіліктің салдарынан жұмыстарын жүргізе алмай отыр.

         Әрине, патшаның алдында «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп мақтанғанға не жетсін. Егер бастау алған істі аяғына дейін жеткізіп, халықтың игілігі жолында аянбай жұмыс істеп жатса, өздері ғана емес, халық та билік өкілдерін басына көтеріп мақтайтынында күмән болмас еді. Бірақ, мақтанғанның жөні осы екен деп, Елбасын да, елді де алдаудың соңы кімді де болса алысқа апармасы анық. Отандық тауарды пайдаланамыз, тұрақты табыс көзі болатын жұмыспен қамтамасыз етеміз деген жалған  мәлімет үшін кім жауап береді?   

Шадияр Молдабек,

«Заң газеті», «Алаш айнасы», «Қазақстан-Заман» газеттерінің меншікті тілшісі.

Мұрағаттан, 23.10.2012 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: