Болат Жылқышиев, Сенат депутаты: «Мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік тілді білуді міндеттеу керек»

Screenshot_29.jpg

- «Заң жобасында азаматтарға ешқандай шектеу болмайды деп жазылған екен. Бірақ, тіл мәселесін айтсақ. Кейінгі жылдары мемлекеттік қызметте мемлекеттік тіл болып табылатын қазақ тілінің пайдалану дәрежесі төмендеп кетті. Ашығын айтсақ, үкімет те мемлекеттік тілде аз сөйлейді, тіпті, кейбір министрліктердің жұмысы толық орыс тілінде жүреді. Мемлекеттік қызметке келген әрбір адамның мемлекеттік тілді білуін міндеттейтін уақыт келген жоқ па!? Менің ойымша, уақыт келді. Кейбір комитет отырысын өткізгенде министрлердің орынбасарлары келіп, баяндама жасайды. Бірақ не оқып бергенін өздері де түсінбейді. Заң қабылданатын болған соң, талапты да күшейту керек шығар. Ол проблема болмайды. Себебі, қазір өзге ұлттар да қазақ тілін үйреніп жатыр, ағылшын тілін де үйреніп жатырмыз. Егемендіктің 20 жылы өтті, сол 20 жылда үйренгісі келгендер үйренді, үйренгісі келмегендерге міндеттеу мәселесін заңға енгізу керек дегенге қалай қарайсыз?».  

Сенатта «Мемлекеттік қызмет мәселелері  бойынша» заң жобасының таныстырылымы өтіп жатқанда депутат Болат Жылқышиев шенеуніктерге мемлекеттік тілді үйренуді міндеттеуге байланысты осындай  өткір мәселе көтерді. Сенатордың Бәйменовке арнап айтқан мәлімдемесін қаз-қалпында келтірдік.

Кезінде тірлігі көп, тұрғыны мол, аумағы үлкен Оңтүстік Қазақстан облысын біліктілікпен басқарып ел сүйсінетін талай ауқымды жұмыс атқарған Болат  Әбжапарұлы қазақ тіліне деген жанашырлығын сөзбен емес, іспен дәлелдеген азамат. Оңтүстікті басқарып тұрғанда әдетте жиындарда «бәріне түсінікті болу үшін» деп  орысша сайрай жөнелетін, қазақ тіліне келгенде күрмеліп қалатын талай шенеунік қысқа мерзім ішінде мемлекеттік тілді меңгеріп шықты емес пе? Сөйтсек, мәселе талап қоя білуде екен ғой. Талап бар жерде нәтиже де болатыны белгілі. Алайда, сенатордың бұл орынды ұсынысын мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Әлихан Бәйменов  қолдай қоймады. Әдетте сырт көзге сұмдық ұлтжанды болып көрінуге жанталасып жүретін азаматтың сын сағатта сырғақсып сөйлегені шын мәніндегі бет-бейнесін білдірмей ме?  Талай жыл партияға жетекшілік жасап, өткір мәлімдеме жасаудың, шенеуніктерді сынаудың «хас шебері» атанған Бәйменов ашық сұраққа мардымды жауап қайтаратын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ, Бәйменов мырза сын сағатта бұлтаққа салды. Сенатордың сауалына орай қазақ тілінің халі әлдеқайда жақсарғанына сендіріп бақты. 

- Біріншіден, қазір мемлекеттік қызметшілерді оқыту жүйесінде мемлекеттік тілді оқытуға едәуір қаржы бөлініп, жүйелі жұмыс жүргізілуде. Әрбір мемлекеттік орган жыл сайын өзінің қызметкерлерінің біліктілігін жетілдіруге бағытталған қаржы аясында оларды мемлекеттік тілді үйрену курсына жіберіп отырады. Екіншіден, қазір байқағаным - іс жүргізуде, мемлекеттік органдардың арасында хат алмасу, бір-біріне ақпарат беруде мемлекеттік тілдің қолдану аясы әлдеқайда кеңейген екен», - деп көсілген Әлихан Бәйменов шенеуніктерге  мемлекеттік тілді білуді міндеттеуге қарсылығын байқатты. Агенттік басшысы  тіл мәселесінің үлкен саяси астары бар екені ескертіп, проблемалардың барлығы мемлекеттік және басқа да тілдерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясына топтастырылғанын жеткізді. Түптеп келгенде, Бәйменовтың берген жауабы «мемлекеттік тіл білуді міндеттеу емес, ынталандырумен шектелеміз» дегенге сайды. 

 Мемлекеттік тіл мәселесіне келгенде лауазым иелерінің «әлаулайымы таусылса, халаулайымы тағы бар» ғой. Соған салып, Бәйменов те «мемлекеттік тілді білу талабы келешекте туындайтыны сөзсіз. Көш жүре түзеледі» деп құтылды. 20 жылда егеменді еліміз талай жетістікке жеткенімен, дәл осы мемлекеттік тіл  мәселесіндегі жағдай оңалған жоқ. Жақын арада оңалатын түрі де жоқ. Басқасын былай қойғанда, қазір мемлекеттік тілге миы жетпегендер де министр болып жатыр. Сонда Бәйменов айтқан «келешек» қашан келеді? Көш қашан түзеледі? 

Тіл үшін күрес – тәуелсіздік үшін күрес. Бұған келіссеңіз,  қазақ тілі қоғамның  қай саласында болмасын үстемдік құруы тиіс еді. Дей тұрғанымен, 20 жылдан бері мемлекеттік тіл төңірегіндегі түйткілдің тарқамауы көп жайды аңғартады. Заңда «қазақ тілі мемлекеттік тіл» деп көрсетілгенімен, іс жүзіндегі жағдай мүлдем басқа. Оқта-текте тіл жанашырлары қазақ тілін міндеттеуге қатысты ұсыныстарын білдіріп жатқанымен,  үкіметтегілер көпшіліктің бұл талабын орындауға асығар емес. Бұл жолы да солай болып шықты. 

Мұрағаттан: 15.11.2012


Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • В Туркестане прошел семинар по разъяснению выборного законодательства
  • Украина үшін ұшырылған көгершіндер қарға мен шағаланың шабуылына ұшырады
  • Күйеу бала. Ісі тастай Кеңес Рақышев
  • Димаш Құдайберген Ержан Максимге «Қазақша сөйле» деп ескерту жасады
  • Қытайда 40-қа жуық мемлекет басшылары кездесті
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: