Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...

Screenshot_8.jpg

Бүгінде қоғамдық санаға әсер-ықпалы орасан зор құралдың бірі – телеарна. Ал осы сананы қалыптастырар «сандықтардың» талайының кілті мемлекетте болмай отыр. Сондықтан да, әлі күнге беті бері бұрылмай жатқан арна қожайындарының арынын іркіп қою үшін мемлекет ойын тізгінін өз қолына алуға тиіс. 

Осыдан екі ай бұрын Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл-Мұхаммед көптің көкейінде жүрген осы мәселені қозғап: «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы заңда нақты норма көзделген, ол кез келген электронды ақпарат құралындағы қазақ тілді контенттің үлесі 50 пайыздан кем болмауға тиіс деп талап етеді. Бұл заңның күшін ешкім де жойған жоқ! Ол меншік түріне қарамастан, барлық БАҚ үшін ортақ. Бұл норманы біздің медиасалада жұмыс істейтіндердің және қадап айтамын – алда да жұмыс жасағысы келетіндердің бәрі еш бұлтартусыз сақтаулары тиіс. Біз оларға әлденеше рет жеңілдік жасадық. Енді барлық заң бұзушыларға қатысты тиісті шаралар қабылданатын болады. Тіпті лицензияны кері қайтарып алуға дейін барамыз», – деген болатын.

Жасыратыны жоқ, еліміздегі телеарналарда қалыптасқан тілдік ахуал дәл қазір сын көтермейтіні ақиқат. Отандық арналарда мемлекеттік тілдегі көрсетілімдердің сәл де болсын көбеюіне қаншама айтыс-тартыстан соң барып әрең қол жеткізгеніміз оқырманның жадында шығар. Оны айтамыз, «Қазақстан» ұлттық арнасының өзін кейінгі жылдары ғана әрең дегенде 100 пайыз қазақша сөйлете алған жоқпыз ба? Басқа арналардың көпшілігіндегі жағдай әлі сол баяғы күйде. «Тіл туралы» заңның тиісті талабына (демек, қазақ тілінің қолданылу аясының кеңеюіне), сондай-ақ «БАҚ туралы» заңға қарсы топтар қарап қалған жоқ, міндеттелген мемлекеттік тілдегі хабарларды өз эфирінің түнгі бөлігіне ысыра салды. Қазақ тілінің жанашырлары қалыптасқан ахуалды қанша реттегісі келгенімен, жеке арналардың тәулік мерзіміне сай түзілген бағдарламалық кестесінің әлі сеңі бұзылар емес.

Рас, жекеменшік БАҚ-қа мемлекет қайтадан билік жүргізе алмайды, өйткені, нарықтық қатынастар заңына томпақ келеді. Алайда, бұл меншік иелерінің тым менменсіп кетуіне де апарып соқпауы қажет. Қажет кезде оларға қай мемлекетте өмір сүріп жатқандарын естеріне түсіріп қойған жөн. Яғни, заңды орындату керек, ал ол үшін талап ету қажет!

Дәл қазір заң талабын «Қазақстан» ұлттық арнасынан (100 пайыз) бөлек тек «Еларна» (71,4 пайыз) және «Хабар» (54,2 пайыз) ғана орындап отыр. Басқа арналардың ешқайсысы бұл көрсеткіштерге жете алмай келеді. Бұған өткен жылдың желтоқсан айындағы көрсетілімдерге сараптама жүргізген осы жолдар авторының көзі толық жетті. Мәселен, «Астана» арнасындағы қазақтілді бағдарламалардың үлес салмағы 48,8  пайыз болса, «СТВ»-да – 43,7 пайыз, «КТК»-да – 29 пайыз, «7 ТВ»-да – 20,6 пайыз, «31 арнада» – 20,2 пайыз, «Таңда» – 19,5 пайыз, «НТК»-да – 17 пайыз, ал «Еуразия» арнасында небәрі 9,3 пайызды құрайды!

Бұл не деген масқара? Бұлардан заң талабын сұрамақ түгілі, министрдің өзі айтқандай, лицензияны бірден кері қайтарып алса да артық болмас еді. Тіпті басқаларына нақты мысал болуы үшін біреуін расында да «құрбандыққа» шалған жөн бе, әлде?..

Мәселен, «Тіл туралы» заңда (18-бап): «Қажеттi тiлдiк ортаны жасау және мемлекеттiк тiлдiң толыққанды қолданылуы мақсатында, олардың меншiк нысанына қарамастан, телерадио арналары арқылы берiлетiн мемлекеттiк тiлдегi хабарлардың көлемi уақыт жағынан басқа тiлдердегi хабарлардың жиынтық көлемiнен кем болмауға тиiс», – делінген. Яғни, заңда қазақша хабарлардың басқа тілдегі бағдарламалардың жалпы көлемінен кем болмауы ғана міндеттелген. Біздің «50х50» деп жүргеніміз – мүлде бекер сөз. Кемінде 50 пайыз болуы керек. Демек, артық болуы, тіпті 60, 70, 80, 90 пайызға жетуі – тіпті де заңсыздық емес!

Сосын, шынын айтайық, жекеменшік арналардың бәрі дерлік мемлекеттік тілдегі хабарларды түнгі уақытқа қояды. Демек, жапалақ, әлде үкі боп кетпесе, сол аз-кем бағдарламаның өзін көріп жатқан жұрт шамалы болса керек. Ақыры мемлекет осы іске бел шешіп кіріскен екен, заң талабын толығымен орындатқаны жөн. Мемлекеттік тілдегі көрсетілімдердің әр арнаның тәулік кестесіндегі орны реттеліп, негізгі бөлігі ел экран алдына жиналатын көрілімді уақытта берілуін қамтамасыз ету қажет.

Мұны «БАҚ туралы» заңның 3-бабының 3-тармағы растайды: «Мемлекеттік тілдегі телевизиялық және радио бағдарламаларының әрқайсысының жергілікті уақыт бойынша нөл сағаттан бастап есептелетін ұзақтығы алты сағат болатын уақыт аралығындағы көлемі басқа тілдердегі хабарлардың жиынтық көлемінен кем болмауға тиіс».

Демек, таңғы 6 мен күндізгі 12, күндізгі 12 мен кешкі 6, кешкі 6 мен түнгі 12, түнгі 12 мен таңғы 6 аралығындағы әрбір сағатта қазақша хабарлар КЕМ ДЕГЕНДЕ 50 пайыз, яғни, 3 сағат болуы талап етіледі. Ал қазір бізде мүлде олай емес. «КТК», «НТК», «7 ТВ», «31 арна», «Таң» секілді арналар азын-аулақ, бірлі-жарым қазақша көрсетілімдерінің өзін (негізінен ойын-сауық, ыржақай дүниелер) таңғы 6-ға, әлде түнгі 3-ке қояды.

Мына сұмдықты қараңыз: жүз пайыз қазақша «Қазақстанды» қоспағанда жоғарыда көрсетілген қалған 10 телеарна жалпы алғанда аптасына 1482 сағат хабар таратады. Оның 1011 сағаты – орыс тілінде болса, тек 471 сағаты (яғни, 32 пайызы ғана) – қазақша екен!

Көрдіңіз бе, біздің ақпараттық телекеңістігіміздің 68 пайызы орыс тілінде игеріліп, бұрынғы метрополияның идеологиясы емін-еркін жүргізіліп жатыр. Оң-солын танып үлгермеген қаншама жас отандасымыз өзге әлемге, бөтен ділге бұрылып барады. Ақпараттық кеңістік деген созыла беретін резеңке емес шығар, оның да шеті-шегі, сұрауы, жауапкершілігі болуы керек емес пе? Министр  М.Құл-Мұхаммед заңды орындамай отырған арна басшыларына 1 желтоқсанға дейін уақыт берген еді. Одан бері де екі айдай мерзім өтті. Демек, билік батыл қадамдарға баруға тиіс.

Сәкен СЫБАНБАЙ,

Мұрағаттан, 30.01.2014 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Әлемдегі ең қымбат картиналар
  • Еліміздегі жекеменшік телеарналардың көпшілігінің қазақшасы 30 пайызға да жетпейді...
  • Сәкен Сыбанбай: «Қолды болған 1000 доллар»
  • Жұмабек Тәшенов пен Ұлықпан Бәшеновтің арасында қандай байланыс бар?
  • Сезімнің оянуына не түрткі?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: