Соңғы жылдары облыста құрылыстың қарқыны қызу жүріп жатыр. Әлеуметтік маңызы бар көптеген мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы нақ осы құрылыспен байланысты екені белгілі. Ал, осы құрылыстардың сапасын тексеріп, кемшіліктердің алдын алып отыру Мемлекеттік-сәулет құрылыс бақылау және лицензиялау департаментінің тікелей міндеті. Алайда, департамент қызметкерлері мемлекет жүктеген міндетті атқаруға соттасудан қолдары босар емес. Егер мердігерлердің жұмысынан мін тауып, солармен соттасып жатса мақұл дер едік-ау. Жоқ, олай емес, құрылысты бақылаушылар шетінен парамен ұсталып, масқара болғанда өздері сотталып жатыр. Тарқатыңқырап айтайық.
Кезінде департаменттің бұрынғы бастығы Сұлтанбек Сүгірбаевқа қатысты біраз орынды әңгіме әңгімелер қозғалды. Ол мекемеге басшылық жасаған тұста бірнеше қызметкері парамен ұсталды. Бірақ Елбасының үлкен мінберлерден айтқан «қарамағындағы қызметкері сыбайластыққа жол берсе, басшысы қызметінен кетеді» деген сөзі де, «Нұр Отан» партиясының жанынан құрылған жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімовтың осы жөніндегі ескертулері де Сұлтекеңді айналып өтіп кетті. Бұл тақырып турасында уақытысында «Рейтинг» газеті де қалам тербеді. Бір топ азаматтардың ой-пікірін де жарияладық. Алайда оған селт еткен Сүгірбаевты, елең еткен басшыны көрмедік. Жайлы орнынан зейнеткерлікке шыққан Сұлтекең түк білмегендей облыстық мәслихаттың депутаты атанды. Жарайды мұның бәрін «өтті-кетті» деп жылы жауып қоя салайық.
Сүгірбаевтан кейін ел арасында ГАСК деп атанып кеткен мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау департаменті қайта құрылып, енді жергілікті әкімдікке емес, Астанаға тікелей бағынатын болды. Құзыреті кеңейді, құрығы ұзарды. Жаңа мекемеге құрылыс саласында біраз жылдан бері тер төгіп келе жатқан Құттыбек Жамашев бастық болып тағайындалды. Бір кездері кеденде жүріп, бөлім бастығына дейін өскен, одан кейін кәсіпкерлік саласында бақ сынаған-- «Қазақ-орыс текстиль альянсы” ЖШС-iнде директор, артынша “Оңтүстiк” арнайы экономикалық аймағы директорының орынбасары болған Құттыбек Жамашев ақыр соңында құтты орны құрылыс саласына келді. Шымкент қалалық құрылыс бөлімінде, облыстық басқармада бірде бастық, бірде орынбасар болып, бір орында тұрақтамаған Қ.Жамашевты «тұзы жеңіл шенеунік еді» деуге де аузымыз бармайды. Басшының бір орында тұрақтап, тындырымды тірлік істеуі іскерлігіне, біліктілігіне байланысты ғой. Ал, Жамашевтің қаншалықты іскер екені жарты жыл өтпей жатып-ақ белгілі болды.
Биыл мамыр айында бірқатар құрылыс компанияларының басшылары Құттыбек Жамашевтің үстінен «Нұр Отан» партиясына арыз түсіріпті. «Тағайындалғанына бір жыл да толмаған Құттекең не бүлдіріп қойыпты?» деп, ел-жұрт та, партия басшылығы да аң-таң болған көрінеді. «Қ.Жамашев жұмысқа келген күннен бастап берген пара ақшасын қайтарып алу үшін ГАСК-ні жекеменшік мекемесіне айналдырып алып, ойына келгенін істеу мақсатында қызметке өзінің құрбылас, отбасылық араласатын, «гәптес» достарын бірден қарамағына қабылдаумен жұмысын бастады» дей келе хатқа қол қоюшылар Қ.Жамашевтың қызметке таңғайындала саласымен департаментке тамыр-таныстарын жұмысқа алғанын, солар арқылы мекеме ішінде ұйымдасқан топтың пайда болғанын тілге тиек еткені қаншалықты шындық екенін анықтау құзырлы органдардың еншісінде. Арызданушылар Қ.Жамашев келгелі департаментте жемқорлық тіптен асқынып, әсіресе, лицензия алудың қиындап кеткенін кесе көлденең тартқан. Дәл осындай хат премьер-министрдің блогында да жарияланды.
Департамент бастығының заңсыздыққа көпе-көреу барғаны рас па, әлде арыздағы көрсетілген жәйттар жала ма? Бұл арыз бойынша нендей шешімнің қабылдағаны бізге белгісіз болып отыр? Бірақ белігісі, көңіліміздегі күмәнді растағандай, арада бір-екі ай өтпей жатып-ақ әлгі арызда есімі келтірілген Т.Базарбаев, онымен бірге департаменттің лицензиялау және аттестаттау бөлімінің басшысы С.Мүсілімов пара алды деген күдікпен ұсталды. Сондай-ақ, пара алуда оларға сыбайлас болған аталған бөлімнің маманы Н.Сәрсенбаев және В. Куликов деген азамат құрықталған. Қаржы полициясының таратқан мәліметі бойынша бұл «криминалды квартет» ақшаны құрылыс-жөндеу жұмыстарына лицензия алуда құжаттарды жедел рәсімдеуі үшін сұраған екен. Облыстық қаржы полициясының дерегі бойынша осы қызметтері үшін күдіктілер әлдебір серіктестің директорынан алдын ала 375 мың теңге көлемінде ақша талап еткен. Мүсілімов пен Базарбаевқа қатысты пара алу бабы бойынша, Сәрсенбеков пен Куликовқа пара алуға сыбайлас болу бабы бойынша қылмыстық істер қозғалып, қазіргі таңда істері сотта қаралуда.
Егер басқа біреу болса, бір емес, үш бірдей қызметкері парамен ұсталғаны үшін аяғын аспаннан келтіріп, тағынан баяғыда-ақ тайдырар ма еді?! Құттыбек Жамашевқа келгенде тиісті орындардың тым құрыса «мынау қалай?» деуге жарамағаны қалай түсінуге болады? Әлде Жамашевтың қолында «қосшысы парамен ұсталса, басшысы қызметінен кетеді» деген қағиданы аттап өтетіндей «көзірі» бар ма?
Айтқандай, Құттыбек Рахматуллаұлы басшылық ететін мекеме қызметкерлерінің әрекеттері қарапайым жұртты да талай әбігерге салғаны туралы кезінде біз ғана емес, республикалық ақпарат құралдары да жан-жақты ақпарат таратқан болатын. Б.Момышұлы көшесінің бойындағы көп қабатты тұрғын үйдің тұрғындары біраз уақыттан бері тура мағынасында күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылды. Айналаның барлығы кафе, шайхана, көңіл көтеретін ойын-сауық орындары. Алайда, «Шалқардың» қожайындары тіптен шектен шығып кетіпті. Онсыз да тар жерде тұрғызылған үш қабатты нысанның алдында көлiк түгiлi, жаяу жүргiншiлерге жол қалмаған.
- Балалар ойнайтын алаң түгілі тротуардан да айырылдық. «Шалқар» шайханасының егесі енді аула алдындағы кішкентай жерді де егеленіп, тағы да құрылыс салғысы келгені қатты ашындырады. Бұл жер осы көпқабатты үйдің тұрғындарының меншігі есептеледі. Құрылыстың жүруіне қарсымыз. Өрт сөндіру сатысын да алып тастап, үшінші қабатқа қойды. Бір жолы онымен шатырға шығамыз деген әрекетіміз бос әурешілік болды. Бұл айқай-шудан арылмаған құрылысқа әу бастан-ақ басшылық жасап жүрген «ГАСК» мекемесі заң бөлімінің бастығы Ғани Шалқаров деген азамат. Нысан оның анасының атына тіркелген, - деген бізге Момышұлы көшесі №3 үйдің тұрғындары.
Дау өршіген кезде департамент бастығы журналистерге Шалқаровтың ақысыз демалысқа шығып кеткенiн сылтауратып, оның шайханасы туралы ешқандай шағымның түспегенін алға тартты. Шикіліктер анықталған жағдайда Шалқаровқа қатысты шара көрілетініне сендірді. Алайда, Шалқаровтың шатақ тірліктері бүгінде ұмыт қалғандай.
Әйтеуір, ел-жұртты зәрезап қылған «Шалқардың» да, қарамағындағы қызметкерлері құрылысты қадағалаудың орнына, өкілеттігін құрылыс компанияларын қанаудың құралына айналдырған Құттыбек Жамашевтың да бәз-баяғыша дәурені жүріп тұр. Қашанға дейін... Оның 3 бірдей қызметкері пара алу фактісімен айыпталып бүгінде істері сотта қаралуда. Ал Жамащев жұмысын істей бере ме? «Қарамағындағы қызметкері сыбайластыққа жол берсе басщысы қызметінен кетеді» деп Елбасының үлкен мінберден қадап айтқан тапсырмасы орындалуы жолында жанталасып жүрген, жанашырлық танытып жүрген «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов жұрттың көңіліндегі осы сүбелі сауалға не жауап қатады екен? Жамашевтің пара құмар кадрлерін тұзаққа түсірген облыстық қаржы полициясы неліктен осыған байланысты қатаң шара қолдануды талап еткен ұсыныс бермеуі түсініксіз. Әліптің артын бағалық.
Шадияр Молдабек,
«Заң газеті», «Алаш айнасы», «Қазақстан-Заман» газеттерінің меншікті тілшісі
Мұрағаттан, 17.10.2012 ж