Мәжілісте өткен Үкімет сағатында жуырда депутат Оразкүл Асанғазы баяндамасын ресми тілде жасап, барлық қағаз-құжатын да сол тілде ұсынған Әділет министрі Берік Имашевтің тілді білмейтінін бетке басып, «екі аяғын бір етікке тыққанын» көпшілік ұмыта қойған жоқ. «Өз ана тіліңді білмеу – ұят және кешірілмейтін жәйт. Және де ұмытпайық: қазақ тілі – үш тілдің бірі емес! Қазақстандықтар үшін ол бірінші, маңызды, негізгі мемлекеттік тіл! Осыны есіңнен шығарма, Берік Мәжитұлы!», -деген болатын депутат министрге қарата. Кейін журналистердің қоршауында қалған министр ана тілін білмеуінің себебін айта келе, енді алты айдың ішінде тілді меңгеруге уәде берген болатын. Алты ай да алыс емес. Министрдің мемлекеттік тілді қаншалықты меңгергеніне тағы бір оралармыз. Дегенмен, айтайын дегеніміз жалғыз министрге қатысты емес, жалпы Қазақстандағы тілді дамыту мәселелері еді.
Апта басында Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитеті төрайымы Дариға Назарбаеваның жетекшілігімен өткен отырыста еліміздегі мемлекеттік тілді дамыту проблемалары қаралды. Жылдар бойы өзектілігін жоғалтпаған бұл мәселе жайында Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Арман Қырықбаев баяндама жасады. Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қазақ тілінде тәрбиелейтін бала-бақшалар саны 2 мың 591-ге жеткен. Бұл 1991 жылмен салыстырғанда 1433-ке көп көрсеткіш. Тәуелсіздік жылдары 900-ге тарта толыққанды қазақ тілді мектептер ашылып, бүгінгі күні олардың саны 3 мың 830-ға жетіпті. 1989-1990 оқу жылдарында қазақ мектептерінде 910 мың оқушы білім алса, қазір олардың саны 1 млн. 600 мыңнан асып отыр. «Бұдан бөлек, республикамызда мемлекеттік тілді меңгерген ересектер саны жылдан жылға көбеюде. Егер 2008 жылы олардың пайыздық үлесі 51-ге тең болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш 70 пайызға жетіп отыр. Яғни, бұл ресми мәліметтерге сәйкес көрсеткіш», - деді А. Қырықбаев.
Мемлекеттік тілді дамыту бағытында күрделі проблемалар да баршылық. Осы орайда вице-министр қордаланған проблемалардың үш негізгі бөлігіне тоқталды. «Бұл біріншіден, қоғамдағы мемлекеттік тілді меңгеру деңгейінің әртектілігі. Екіншіден, елдің қоғамдық-саяси өміріне мемлекеттік тілдің әлі де болса баяу енгізілуі. Үшіншіден, тіл мәдениетінің төмендігі. Осы үш проблеманы жүйелі түрде шешу қажеттіліктері мемлекеттік тілді дамыту саласындағы нақты жұмыстарға негізделген», - дей келе вице-министр мемлекеттік тілді меңгерудің алты деңгейлік еуропалық жүйесіне тоқталды. Бұл жүйенің арқауы үш негізгі– әдіснама, инфрақұрылым және басқару компонентінен тұрады. Әдіснаманы әзірлеу мемлекеттік тілді меңгеру мен оны оқытудың бірыңғай стандарттарын енгізуді көздеп отырса, тіл меңгерудің алты деңгейлік жүйесі еуропалық тәжірибеге негізделген. Мысалы, А1-А2 деңгейлері тілді қарапайым дәрежеде, В1-В2 деңгейлері - өз бетінше сөйлесетіндей дәрежеде меңгеруді және С1-С2 деңгейлері – мемлекеттік тілді іскерлік деңгейде, яғни еркін меңгеруге бағытталған.
Вице-министрдің мәлімдеуінше, өткен жылы үздіксіз білім беру моделі арқылы қазақ тілін оқытуға арналған стандарт-технологиясы, үлгілік оқу-әдістемелік кешені, кілті бар тапсырмаларын әзірлеу бойынша жоба іске асырылған. Интернет арқылы оқыту мүмкіндігі де ерекше ескерілуде екен. «Біз өз жобамызға үлгі ретінде бүкіл әлем бойынша 400-ден аса мектебі және 5 миллионнан астам тыңдаушысы бар әлемдегі ең ірі жеке білім беру компаниясы «Эдикейшн Фёсттің» онлайн мектебін алдық. Қазіргі таңда жобаның техникалық экономикалық негіздемесі әзірленуде. Жоба қолдау тапқан жағдайда оны іске асыру жұмысы келесі жылы басталмақ.
«Мемлекеттік тілді кеңінен қолдануды көпшілікке тарату» атты екінші мақсатты іске асыру үшін мемлекеттік тілді қолданудың абырой-беделін көтеру және оған деген қажеттілік пен сұранысты кеңейту жөніндегі жұмыстарды жүзеге асыру қарастырылған. Алға қойылған міндеттерді орындаудың басты құралы бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс болып табылады. Мұнда мемлекеттік тілдегі отандық контенттің бәсекеге қабілеттілігін көтеру бағытында жоспарлы түрде жұмыстар жүргізілуде», - деді Арман Қырықбаев.
Вице-министр өткен жылдың соңынан бастап эфирге шыққан «Мәдениет» телеарнасындағы мемлекеттік тілдегі бағдарламалар үлесі 80 пайызды құрайтынын атап өтті. Биыл іске қосылған «Балапан» телеарнасының көрсетілімі 5 сағатқа ұлғайтылып, жалпы көрсетілімі 17 сағатты құрапты. Ал «Қазақстан» телеарнасы Елбасы тапсырмасымен 2011 жылдың қазан айынан бастап тек мемлекеттік тілде эфирге шығып келеді. 1 қыркүйектен бастап көрсетілімінің жартысынан көбі мемлекеттік тілде қамтамасыз етілетін ақпарттық «КЗ.24» және ағартушылық «Білім» 2 жаңа телеарна эфирге шыққаны мәлім. «Білім» телеарнасында күніне бернеше рет қазақ тілін үйрететін «Қазақша оңай-Казахский легко» бағдарламасы көрсетілуде. 1 қарашадан бастап «Қазақстан» телеарнасында мемлекеттік тілде сөйлейтін әртүрлі этнос өкілдерінің қатысуымен «Қазақша сөйлейміз» ойын-сауық бағдарламасы эфирге шығарылмақ. Bag.kz агрегатор сайты өзіне барлық қазақтілді 282 бұқаралық ақпарат құралдарын, оның ішінде 14 телеарна, 51 газет, 44 ақпараттық агенттік, 11 радио және 15 журнал, 147 аймақтық басылымның басын біріктіріп отыр. Сондай-ақ, вице-министрдің айтуынша, жергілікті әкімшілікпен бірлесіп аймақтық мерзімді басылымдардың интернет-нұсқасын құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 50 БАҚ-тың онлайн ресурсы құрылған, осы жылдың соңына дейін тағы да 200-ден астам мерзімді басылым интернет жүйесінің қазақстандық сегментіне аударылатын болады.
Қазақ тілін демалу және ойын-сауық саласында қолдануды кеңейту бағытында да бірқатар шаралар қолға алыныпты. Мысалы, қазақ тілінде жаңа фильмдер, әртүрлі әдебиеттер шығарылған. «25 томдық «Әлемдік классика», 15 томдық балалар әдебиеті, бүлдіршіндерге арналған 60 томдық ертегілер және өзге де әдебиеттер оқырманына жол тартты. Яғни, аталған әдебиеттер еліміздегі кітапханалар мен білім беру мекемелеріне таратылды. Осы бағыттағы жұмыстар бұдан әрі де жалғасын табатын болады.
Терминология, ономастика және антропонимика саласындағы жұмысты жақсарту арқылы қазақ тілінің лексикалық қорын одан әрі жетілдіру мен жүйеге келтіру жөніндегі шаралар жүйесін іске асыру көзделуде. Ономастика саласында атау беру жұмыстарының ашықтығын қамтамсыз етуге бағытталған заң жобасымен жұмыс жалғасуда. Бесжылдық мораторий кезінде қордаланған сұрақтарды ескерсек, осы заң жобасының шығуын еліміздің барлық өңірі асыға күтіп отырғаны баршамызға түсінікті. Жалпы, жыл соңына дейін тәуелсіздік алған жылдардан бері Мемлекеттік ономастикалық комиссия шығарған шешімдердің толық жинағы жарыққа шығатын болады», - дейді Арман Қырықбаев. Терминология саласында Мемтерминкомның отырыстарында жаңа терминдерге тұрақты түрде сараптама жасалып, оларды бекітумен қатар, ағымдағы жылы 31-томдық терминологиялық сөздік бойынша ауқымды жұмыс басталған. Соңғы рет осындай басылым 1999–2000 жылдары жарыққа шыққан болатын. Содан бері қазақ терминологиясының базасы біршама кеңейді, қазіргі уақытта 100-ден астам ғалым жаңа терминологиялық басылым шығару бағытында жұмыс жасауда екен. Осы жылы алғашқы 10 томын әзірлеу жұмысы аяқталып, келесі жылы қалған 21 томын шығару жоспарланған. Ал, антропонимика саласында министрлік тарапынан ұлты қазақ азаматтардың аты мен тегін дұрыс жазу ережесінің жобасы әзірленіпті. Қазіргі таңда бұл құжат сараптамалық талқылаудан өтуде. Бұдан басқа, волапюк, яғни қазақ сөздерін латын әрпімен көрсететін арнайы жасанды тіл графикасын бекіту бойынша жұмыстар жүргізілуде екен. Вице-министрдің айтуынша, қазіргі таңда аталған жұмыстар бойынша ғалымдардың пікірі де, көзқарасы да әртүрлі. Сондықтан да, министрлік белсенділік танытқан ғалымдардың басын қосып талқылау жұмыстарын жалғастырмақ. Нәтижесінде азаматтардың құжаттарын рәсімдеу және қазақ есімдерін латынмен жазу мәселесінің шешімін табатын болады.
Сондай-ақ, вице-министр комитет мүшелерінің тақырыпқа қатысты сұрақтарына жауап берді.
Мұрағаттан, 17.10.2012 ж