30 қыркүйек күні өткен, депутат Мұхтар Оразалиев төрағалық еткен облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында талқыланған негізгі тақырыптардың бірі – мемлекеттік қаржысын тиімді түрде игеру болды. Соңғы жылдары бірқатар құрылыс нысандарының су, газ және жылу жүйелерінің үстінен салынып кеткен жайттары бірнеше рет қайталанды. Басталып кеткен жобаға қайтадан өзгеріс енгізу, кеткен кемшіліктің орнын толтыру үшін бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап ететіні белгілі. Жердің жағдайын тексермей тендер өткізуді әдетке айналдырғандардың қатарында әсіресе шымкенттік шенеуніктердің орны бөлек. Аталған мәселе бойынша жолданған депутаттық сауалға жауап берген облыс әкімі Асқар Мырзахметов жобалық-сметалық құжаттарды жасау саласында қатаң талап қойылғанын баяндады. Тек соңғы айларда жобалау жұмыстарымен шұғылданып жүрген 217 фирманың лицензиясы кері қайтарылды. Талап жерге ғана емес, жалпы инфрақұрылым бойынша күшейтілді. Жобалау жұмыстарындағы кемшіліктер ауылды жерлерді таза сумен қамтамасыз ету саласында да орын алған.
- Жер асту суларына байланысты қолда бар мәліметтер ескіріп кеткен,- деді Асқар Исабекұлы. – Қазір мердігерлер 30-40 жыл бұрынғы зерттеу қорытындыларын пайдаланып жүр. Сондықтан да, қазба жұмыстарының нәтижесінде судың шықпай қалу фактілері бар. Осы жөнінде біз энергетика және минералды ресурстар министрлігімен арада келісімге келіп, 2010 жылы облыс бойынша жер асты сулары жайлы мәліметтерді жаңарту мақсатында 180 миллион теңге бөлінетін болды. Яғни, жер асты суларының базасы жасалды.
Депутат Асан Заманхан Шымкент қаласындағы «қызыл сызық» мәселесіне тоқталды.
- Жолдың бойындағы ағаш егілетін жерлерге құрылыс жұмыстарын жүргізу қайтадан етек ала бастады. Мәселен, Қонаев гүлзарының бойында 5 қабатты ғимарат салынып жатыр. Ол ешқандай талаптарға сай келмейді. Жанында жеке үйлер орналасқан, екі арада бар-жоғы 6-7 метр ғана бос жер қалып тұр. Осыны қалай тоқтатамыз?
Облыс әкімі өз сөзінде «қызыл сызықта» кез-келген құрылыс жұмысын жүргізуге тыйым салынғанын қадап айтты.
- Мен келгелі бері «қызыл сызықта» құрылыс жұмыстарын жүргізу жайлы бірде-бір шешім шықпаған. Сіз келтірген фактілер бұрын шыққан жобалар шығар. Осы мәселеге байланысты соттың шешімдері шығып қойған. Алайда, мынаған назар аудару керек. Соттың кейбір шешімдерінің орындалмай жатуының себебі – «қызыл сызықтағы» ғимараттарды бұзу үшін қыруар қаржы төлеу керек. Сондықтан, бюджетті шығынға батырып, нысандарды бұзамыз ба, әлде ол мәселені шешудің басқа оңтайлы жолдары бар ма, осыны ойланудамыз. Айталық Абай саябағындағы бұрынғы тойхана бұзылмастан орнына көркемсурет галереясы ашылды. Бұзылуға тиіс ғимарат қазір әлеуметтік маңызға ие болып, халықтың игілігіне қызмет етуде.