Шымкент Қазақстандағы 3-ші қала болады

Screenshot_19.jpg 

«Біз қазақтар, бір болған кезде ешуақытта жеңілген жоқпыз. Біз басқа халықты құшағымызға сыйғыза білдік. Олардың теңдігін сақтадық. Кезінде ренжітті екен деп, біз ешкімді ренжіткен жоқпыз…Бүгін біз «қазақпыз» деп, мақтанышпен айта аламыз».

Апта басында қазақылығының қаймағы бұзылмаған Оңтүстік Қазақстан облысына ресми сапармен келген мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Шымкент қаласындағы Ордабасы алаңында «Жер Ана» Тәуелсіздік монументінің ашылу салтанатында өз сөзін осылайша сабақтады. Оңтүстік жұртшылығына деген ыстық ықыласын Елбасы былай жалғастырды:

--Елдің алығысын алған үш бидің атымен аталатын көшелердің тоғысқан жерінде үлкен тәуелсіздікке арналған мынандай монумент орнатылды. Тәуелсіздік деген әр халық үшін қасиетті ұғым. Біздің тәуелсіздігіме биыл аманшылық болса, 18 жыл  болады. Ел тәуелсіз болу үшін қаншама ата-бабаларымыз қанын, аналарымыз жасын төкті. Жерді сақтап қалу үшін қантөгіс соғыстар  да болды. Сол ата-бабалардың арманы орындалып, біздің буын Қазақстанның тәуелсіздігін көрдік. Тәуелсіздікті нығайту үшін елдің экономикасын түзеп, шекарасын шегелеп, қауіпсіздікті қамтамсыз етіп, халықтың әл-әуқатын көтеріп, мемлекетімізді дүниежүзіне паш ету қажет еді. Ол ешқайсымызға оңайға түскен жоқ.

Бүгін «біз қазақпыз» деп, мақтанышпен айта аламыз. Себебі қазақ деген халықты, Қазақстан деген елді дүниежүзі білді. Әлемдегі 200 мемлекетпен тереземіз тең болды. Бізді сыйлайды, бізді біледі. Ішіміз бүтін, сыртымыз достық пейілдегі мемлекеттер. Ішкі даму, өсу үшін осы қажет еді. Оның бәрінің қалай орындалып жатқанын өздеріңіз білесіздер. Тек қана тәуелсіздік орнатып қоймай, сонымен қатар, дүниежүзін қуантқан оқиға-- атом қару-жарағынан бас тарттық,  1400 шақырымдық шекарамызды түгендеп, құжаттарға қол қойып, Біріккен Ұлттар Ұйымына бекітуге тапсырдық. Қазақстанның дәл ортасынан Астананы салдық. Экономикамызды көтердік. Халықтың мәдени мұрасын жаңғырттық. Халықтың тарихын еске түсіріп,  осы бағытта көп жұмыстар жасадық.

Естеріңізде болса, осыдан 15 жыл бұрын Ордабасыда көрші ағайындарды жинап, үлкен жиын өткіздік. Мінекей, бүгін Ордабасы алаңында тағы бір үлкен қуанышқа келіп отырмыз. Кейінгі кездерде қиыншылықтар аз кездескен жоқ. Кеңес өкіметі күйреп, халық есеңгіреп қалған уақыт та болды. Азиядағы дағдарыстан өттік, қазіргі дүниежүзілік қаржы дағдарысына тап болдық. Бірақ қандай қиындық болса да, халқымыз барлығынан да аман-есен өтіп келе жатыр. Қазақстанның кең байтақ даласында байлық та бар, жер де бар, жұмыс та бар. Біз көп ұлтты халық бола тұра, тұрақты даму жолына түскен мемлекет орнаттық. Бізді әлем елдерінің  сыйлайтыны, құрметтейтіні де содан. Құдай бұйыртса, ендігі жылдан бастап 56 мемлекеттен тұратын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға боламыз. Мұндай дәреже ешқашан қазақтың басында болған емес, қашан болатыны да белгісіз. Бірақ,  ұрпақтарымыз болдырады, соған тырысады деп ойлаймын.

Біз халық ағарту мәселесіне көңіл бөлдік. Мына қиын жағдайға қарамастан, мен  «Жол картасы» деген бағдарламаны жарияладым. Биыл тек қана Оңтүстік Қазақстан облысының өзінде 23 мектеп 2 балабақша пайдалануға берілді. 1100 мектептің барлығы жөндеуден өткізілді. 130 аурухана жөнделіп, 10 аурухана салынды. 900 елді мекен, оның ішінде кішігірім ауылдардың да жолдары, ауыз суы жөнделіп жатыр. Мұндай жағдай ешқашан болған емес. Осының бәрі тәуелсіздіктің арқасы, жүргізіліп жатқан саясаттың арқасы. Қиын кездерде халықтың жағдайы нашарламасын деп, жақсы кездерде қор жинағанның арқасы. Оның барлығы өз жемісін беріп отыр.

Баршаларыңызға мен шын жүрегімнен бақыт, береке тілеймін. Өсіп келе жатқан жас ұрпақтың бақытты болуы үшін біз күні-түні өмір сүріп жатырмыз. Олар бізден де білімді, бізден де білгір, отанын сүйгіш болады, біз орнатқан тәуелсіздікті қорғайды деген сеніммнен жұмыс істеп жатырмыз. Осыған орай, жастарымыз әр уақытта аман болсын! Оқысын, білімді болсын. Мына бәсекелестік заманда ешкімге кіріптар болмасын».

«Жер Ана» ерекше ескерткіш. Тұғыры көкпен таласқан ескіртіштегі ана бейнесі көзге асқақ көрінеді. Ол бір қолымен шеңбер ұстаған. Шеңбер жарық әлем, барлық жақсылықтың көзі, қазақ ұғымындағы бақ-берекенің бастауы—күнге, екіншіден, құт пен берекенің ұйытқысы--шаңыраққа ұқсайды. Ал, шеңберді айнала бейбітшіліктің нышаны—қарлығыштар ұшып жүр. Мүсін авторларының (Бақытжан Әшірбаев, Насыр Рүстемов) көркемдік шешімі көпшіліктің көңілінен шыққан тәрізді. Үш қырлы тұғырға Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің , ал қас бетіне Елбасының ұлғатты сөздері жазылған. Мұндай ғаламат дүниені шымкенттіктерге танымал былғары қолғап шебері Бейбіт Шүменовтің әкесі, белгілі кәсіпкер, «Бекжан» ЖШС-інің директоры Әмірхан Шүменов тарту етті. 48 миллион теңгеге бағаланған құрылыстың барлық шығынын кәсіпкер өзі көтеріп, азаматтықтың ерекше үлгісін көрсетті. Ә.Шүменов бұл игі істі Елбасының өз бастамасымен жарияланған бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі бағдарламасы негізінде жасағанын айтып отыр. 

Абай саябағындағы Хакім Абай мұражайының тұсауын қиған Нұрсұлтан Назарбаев нысандарды аралау кезінде  «Біз Шымкентті 1 миллион тұрғыны бар қалаға айналдыруымыз керек. Миллион тұрғыны бар Қазақстанда 3-4 қала болса, ғылымның, білімнің ордасы осындай қалаларда қалыптасады. Сондықтан ауылдағы халық  қалаға қарай ұмтылуы керек»,--деді. Осылайша мемлекет басшысы осыдан үш жыл бұрынғы сапары кезінде айтқан «Шымкент Қазақстанда Астана мен Алматыдан кейінгі үшінші қала болады» деген сөзін тағы бір нықтап кетті. 

Ғалымжан Қамытбекұлы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: