Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің Астанада «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясы жанындағы жемқорлықпен күрес жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің алдында есеп беріп қайтқанына көп бола қойған жоқ. Бұл есеп беру – бір жағы Елбасының осы індетке қарсы күресті нығайту туралы ұстанып отырған саясатын іске асыру десек, екінші жағынан «Нұр Отан» партиясының ел ішінде беделін көтеру, ықпалын арттыру үшін жасалып отырған шараның бірі екені даусыз.
Сыбайлас жемқорлық қылмысы туралы тарқатып әңгіме айта қалсақ, алдымен аузымызға мемлекеттік сатып алу, тендер мәселесі ілігеді. Осы тендердің теңгелері талайдың көзін телміртіп, түрмеге тоғытып, түбіне жетті. Оңтүстіктегі құрылыс басқармасының бастығы, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау департаменті бастығының орынбасары, тіпті жақында ғана қолына кісен салынған Отырар ауданы әкімінің орынбасары осы тендерден теңге сауамыз деп, жазықты болғанын екінің бірі біледі. Әрине, параға қол созу, созбау әр шенеуніктің ішкі парасат-пайымы, мәдениетіне байланысты. Қанша жерден материалдық жағдайы жақсы, жалақысы жоғары болса да, пара алып үйреніп қалған адам, ақшаның исін сезгенде байыз тауып отыра алмайды. Осыған орай облыс әкімі А. Мырзахметов мемлекеттік қызметкерлердің жауапкершілігін арттырып, «тендер» дегенді «жеңдер» деп еститін фирмаларды тендер жұмысына екіншің мәрте тұмсық сұға алмайтындай тетіктер жасап жатқанын тілге тиек етті. «Егер де облыс тарпынан белгілі бір аудан үшін тендер өткізетін болса оған міндетті түрде сол аудан әкімінің орынбасары комиссияға кіріп отыр. Оған қосымша сол әкімдіктердегі қызметкерлер тендерлік комиссияның мүшесі болып енеді. Біз оларға ендігі жерде мынадай талаптар қойып отырмыз. «Тендердің билігін, құқығын өздеріңе бердік, комиссия мүшесі ретінде ауданның мүддесін қорға, ауданда осыған лайық мердігерің болса соларды ұсын, бірақ ертеңгі күні іс шатқаяқтап, тендерде мерейі үстем болған фирмалардың тірлігінен шу шығып жатса, ешқандай себеп айтып, ақталма» деген талап қойып отырмыз» деді Асқар Мырзахметов.
Асқар Мырзахметовтің жұмысқа кірісе салып, алғаш батыл түрде қабылдаған шараларының бірі – облыста орын алған субсидияның былық-шылықтарына қатысты шенеуніктерге жаза қолдануы еді. Сол жолы 27 адамды лауазымына қарамастан жұмыстан босатқанын көпшілік әлі ұмытқан жоқ. Алайда сыбайлас жемқорлықты болдырмаудың, былайша айтқанда жемқорлықпен ауырмаудың жолын іздеу бағытында қандай тірліктер атқарылып жатыр? «Бұл салада сыбайлас жемқорлықты болдырмау үшін ендігі жерде бұл жұмыс актілеріне аудан әкімдігін тікелей жауапты етіп отырмыз. Яғни сол ауданда субсиядия берілетін болса, соған тікелей жауап беретін аудан әкімі» деді бұл жөнінде Асқар Исабекұлы. Және бұл қадамдары жеміссіз де емес көрінеді. Егін орағының аяқталуына байланысты облыс әкімшілігінде өткен жиында субсидия мәселесін тағы талқылағанда жыл басындағы заңсыздықтардың біреуі де қайталанбағаны мәлім болған. Яғни, жауапкершілікті бірге көтерген соң заң бұзушылыққа тосқауыл қойылды деген сөз.
Оңтүстікте әкім болған жарты жылдан астам уақыттың ішінде Асқар Исабекұлы сыбайлас жемқорлықтың түп-төркінін, қаржыны ысырапшылық етудің себеп-салдарын әжептеуір-ақ зерттеген екен.
- Біз көктем айларында бюджетті нақтылаған кезде мынадай мәселеге көңіл аударылды, -- деді облыс әкімі. -- Айталық, жаңадан салынатын 317 орындық типтік мектеп. Бір ауданда оның құны 196 миллион теңге болса, өзге ауданда 400 миллион теңге болып отыр. Екі есе қымбат. Айырмасы жоқ бір-бірінен. Осыдан соң талдау жасадық. Сол кезде лицензияның шартына сәйкес көптеген талаптардың орындалмай отырғанына көзіміз жетті. Сөйтіп бюджетті қайта қараудың нәтижесінде 2, 4 миллиард теңгені үнемдедік. Яғни, қаржының басқа мақсатқа бөлініп кетіп бара жатқан жерінен алып қалдық. Оған басқа бірнеше әлеуметтік мәселерді шештік.
Кеңес мүшелерінің алдында облыс басшысы сондай-ақ білім саласын да жіліктеп, бүге-шүгесіне дейін ақтарып тастады. Соңғы заңға енгізілген өзгеріске байланысты мектеп заңды тұлға ретінде мемлекеттік сатып алуды өздері өткізіп отыр. Тендерді өздері өткізгеннен кейін әрине, тексеру де көп болады. «Мәселен, 2008 жылы облыс бойынша мектептерді 2 мыңға жуық рет тексеріпті. Кейбір мектептерді апта сайын тексерген. Бұл мәселені шешу үшін заңға өзгеріс енгізу қажет» деген Асқар Мырзахметов депутаттардың да мойнына жүк артып қойды. Дегенменде нұротандықтар оңтүстіктің әкімін соншама жерден тек сөз сөйлеу үшін шақырмағаны белгілі. Оларды да Оңтүстіктікте қызықтырған мәселелер көп. Айталық кеңестің төрағасы Оралбай Әбдікәрімов «Жемқорлыққа жол жоқ» деген акцияның аясында «Өз табысыңды жарияла» деген шара жүрді. Өзіңіз бастап табыстарыңызды жарияладыңыздар. Алайда бұл шараны 20 шақты қала-аудан әкімдерінің тек үшеуі ғана қолдапты. Олар сізді неге қолдамай қалды?» деген сұрақты қабырғасынан қойды. Әкім бұл сауалға «қазір нақты себебін айту маған қиын. Сұрағыңызбен келісемін. Барған соң осыған байланысты тиісті жұмыс жүргіземіз» дегеннен арыға бармады. Сондай-ақ, «жыл басынан бері сіздердің облыстарыңызда 94 адам сыбайлас жемқорлыққа байланысты қылмыстық жауапкершіліке тартылған. Оның екеуі ауыл әкімі, қалғандары да әкімдік қарамағындағы қызметкерлер. Осыған байланысты бірінші басшылардың жауапкершілігі қалай болып жатыр?» деген сұраққа да жауап өте қысқа болды. Жақында ғана өз еркімен қызметінен босаған Отырар ауданының бұрынғы әкімі Әлімжан Құртаевты атап айтты. «Сіз облыс әкімдігіне тағайындалғалы бері 6 ай ішінде 11 басқарма, департамент басшылары, бөлім меңгерушілері мен әкім орынбасарларын қосқанда тоғыз және алты қала әкімдері ауысқан. Мұны қалай түсіндіресіз?» деген сауалдың астары белгілі. «Мен бұл жөніндегі позициямды ашық айтқанмын. Егер қызметкер жүктелген міндетті атқара білсе сөз жоқ, атқара алмаса, орынды босатсын. Сол үшін оған белгілі мерзім бердік. Тағы бір жәйт. Бұл бір айдың ішінде емес, 5 айда болған жәйт екенін де ескеру керек» деп жауап қатты А. Мырзахметов.
Жалпы алғанда қазаны қайнап жатқан Оңтүстікте халық та көп, мемлекеттік қызметкер де көп, содан барып сыбайлас жемқорлық қылмысы да көп екені белгілі. Жемқорлармен күресті ел болып қолдап жатыр.
Жәнібек Тархан