ОҚО-да ұстаздар сабақ беріп жүр ме, соттасып жүр ме?

Screenshot_17.jpg

Өкінішке қарай  Оңтүстік Қазақстан облысында соңғы жылдары ұлағаттылықтың ұстыны есептелетін ұстаздар арасында да бір-бірінің үстінен арызданып, әріптестерін сотқа сүйрелеушілер көбейіп кетіпті.

- Үстіміздегі жылдың алғашқы жарты жылдығында еңбек даулары бойынша қаралған 134 азаматтық істің 44-і білім саласының қызметкерлеріне қатысты. Басқаша айтқанда, педагогтар қауымы – мұғалімдер, директорлар бір-бірін сотқа беруден көш бастап отыр. Мұндай келеңсіздік, әсіресе, Шымкент, Түркістан қалалары мен Сайрам, Сарыағаш аудандарында жиі көрініс беруде - дейді облыстық соттың азаматтық істер алқасының төрағасы Бақыт Мәліктегі. – Осы арыздарға қатысты 39 іс шешім шығарумен аяқталып, құқы бұзылған 28 азаматтың талабы қанағаттандырылды. 4 іс бойынша талапкер мен жауапкер жақ өзара бітімге келді.

Облыстық соттың баспасөз хатшысы Мадина Тасқұлованың ұйымдастыруымен таяуда өткізілген баспасөз мәслихатында мұғалімдердің іс-әркеттеріне ерекше ден қойылды. Өйткені, соңғы жылдары мектептер білім ұясынан бұрын арыз ошағы секілденіп барады. Жоғарыда айтылғандар азаматтық істер ғана. Қылмыстық істерге көз жүгіртсеңіз, төбе шашыңыз тік тұрады. Мәселен, Шардара ауданындағы бір орта мектептің директоры Г.Шамшидинова мен бас есепші А.Қожахметова 12 438 460 теңгені, Шымкент қаласындағы бір мектеп директоры О.Близнюк 3 942 136 теңгені жымқырғаны үшін 5-7 жыл аралығында сотты болған. Жалпы алғанда білім беру саласындағы қызметкерлердің өздеріне сеніп тапсырылған мүліктерді иеленуі немесе ысырап етуі бойынша 14 адамға қатысты осынша қылмыстық іс қаралған. 1 адам мүлікті жасырын ұрлауға жол берген.  Үстіміздегі жылдың осы мерзіміне дейін 4 мектеп директоры, 1 мектеп директорының орынбасары, 9 бас есепші мен есепшілер, 1 бала бақша меңгерушісі, 1 аудандық білім беру бөлімінің меңгерушісі және 4 мектеп жұмысшылары сотты болған. Білім саласында бұрын-соңды мұндай келеңсіздік көрініс бермеген болар?!

Иә, тарыдай болып кіретін бүлдіршіндерді таудай етіп шығаратын ұстаздар қауымы арызқойлар көшін бастап келе жатса негізгі міндеттері – білім беру мен тәрбие жұмыстарының қандай дәрежеге төмендейтінін елестете беріңіз. Сонда ұстаздар сабақ берумен айналысады ма, әлде соттасумен бе? Сыбайлас жемқорлығы үшін сотты болған 8 мектеп директорының іс-әрекеттері жастарға қандай үлгі болмақ?  Осы секілді нақты мысалдарды негізге алып, нені ескеріп, нендей шешім қабылдау қажетттігі айтылған ұсынысты  облыстық соттың төрағасы Абай Рахметуллин облыс әкімі Асқар Мырзахметовке жолдапты. Ұсыныстың нақты нәтижесі алдағы 1 ай ішінде айқындалмақшы. Ендеше әліптің артын бағалық.

Шадияр Молдабек,

«Заң», «Алаш айнасы» газеттерінің тілшісі

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: