ОҚО-да 9 айда бір үйден 7 мал ұрланған

Screenshot_16.jpg

 «Быламық жейін деген асым ба еді, тоқсан жас көрейін деген жасым ба еді?» деген екен ілгеріде біреу. Сол айтқандай 40 жыл өмірін ұлылықтың ұстыны саналатын ұстаздыққа арнағанда әрдайым балаларға «ұрлық жасамаңдар, біреудің ала жібін аттамаңдар, теріс қадамға бармай әділ болыңдар»деп дәріс оқыған Орынбай қажы Оспанов әбден қартайған шағында әділдік таппай жігері жаншылып, тауы шағылатынын ойлап па? Астанаға арызданса, ол жақтағылар облысқа, одан арыздың тағдырын шешу жергілікті жердегі шен тағып шекпен кигендерге қарай сырғытылып, жазған хаты ары-бері тепкен доп сияқты домалап-домалап өзіне келіп ақыры аяқсыз қалуы қарияны кәдімгідей-ақ қажытып тастапты. Қажымағанда қайтсін? Адал еңбек, маңдай терімен жиған малын біресе тартып әкетіп, біресе атып әкетіп, талан-таражға түсірсе. Есептеп қараңызшы, өсіріп отырған 16 перзентінің қажеттілігіне жарап, қызықшылығына жұмсалудың орнына 5 қара малы, 1 жылқысы, 1 түйесі «екі аяқты қасқырларға» жем болыпты. Көрген жәбір-жапасына көмек сұрап, құзырлы дейтін мекемелердің барлығына қаншама мәрте құлаш-құлаш арыз жазғанымен  жанайқайына байланысты ешкімнің нақты жәрдемі тимеген. Әншейінде ұрандатып сөйлегенде көкіректері көк тірегендей көрінетін «Нұр Отан» партиясы да пәрменсіздік танытыпты. Шындық іздеуден шаршамаған Орынбай қажының ауылдан Алматыға аттанып, «Жас Алаш» газетінің редакциясына шабылғаны шарасыздықтан туған тірлік екені  түсінікті. Басқа барар жері, басар тауы қалмай ендігі үлкен үмітін баспасөзге артқан ол Түркістан қаласының іргесіндегі Қарсақты ауылының  тұрғыны. 

    Шағымданушының сөзіне сүйенсек, айдың–күннің аманында 7 бірдей малынан айырылып отырса, бәріне кінәлі ұлын да ұрлыққа баулыған Елікбай дейтін бір-ақ адам екен(Айыпталушының шын мәнінде қылмысқа қатыстылығын әшкерелейтін айғақтың жоқтығынан есімін өзгертіп алдық.Ғ.Е.). Бұған дейін абақтының «дәмін татып» үлгерген әкелі-балалы екеудің бұл әрекетіне жоқтық, жетіспеушілік емес, екі отбасының арасындағы ушыққан ерегіс, шектен шыққан шекісудің әсері тиіп жатқан сыңайлы.

—Былтырғы 8 наурыздың түнінде Елікбайдың ұлы жылқымды ұрлау үстінде ұсталып қалды. Қылмысын мойындап, түсiнiктеме де жазып бердi. Осыменен қылмыс ашылғандай көрiнген. Бiрақ., көп ұзамай қалалық iшкi iстер басқармасының ұрыны босатып жiбергені біз күтпеген «сюрприз»болды. Сонда ұры қайда кеткен деймісіз? «Миым шайқалды» деген диагнозбен ауруханаға түскен. “Малыңызды ұрлағанына ешқандай айғақ жоқ бола тұра жасамаған қылмысын қорқытып мойындату үшін оны балаларыңызбен жабылып ұрғансыз” деп қала прокуроры да солардың сөзін сөйледі. Жылқының iзiн суретке түсiруге полициядағылар арада 12 күн өткеннен кейiн келсе, қылмысты әшкерелейтін айғақ қайдан табылсын? Сол жолы ұлын айыптағаныма қатты ашынған әкесі Елікбай өзімен ерегіскендіктен өмірімді тозаққа айналдыратынын, нағыз ұрлықтың «көкесі» енді басталатынын мықтап ескертті. Оған қасындағы Әмір есімді сыбайласы да қосылып, қоқан-лоққы көрсетті.  Сыбайластар сөзінде тұрды. Алдымен 4 қара малым өрістен жоғалды. Тағы бір жылқым қорадан қолды болды. 5 бірдей адал малымнан айырылғаныммен  бәрібір полиция тарапынан қылмысты ашуға деген немқұрайдылықты, салғырттықты байқаған соң  ұрылар  бұрынғыдан бетер құтырғаны соншалық, тапа тал түсте өрістегі 4 жасар түйемді қуалап ұстауға ерінгендіктен малдың киесінен де қорықпай қару қолданып, атып әкетулерінен артық қандай асып-тасқандық бар? Таяуда үлкен тас жолдың бойында есегімді сойып, төрт сирағы мен басын әдейі қалдырып кетіпті. Елікбай сияқты ерегіскен адам істемесе еті арам есекті сойып, обалына қалудың өзгелерге қажеті қанша?,- дейді Орынбай қажы Оспанов. 

Әр түрлі деңгейдегі құзырлы мекемелердің, яғни прокуратура мен полициядағылардың құжатына үңілсек,«...жауапқа тартуға жататын адамның анықталмауына байланысты мал ұрлығы бойынша қозғалған қылмыстық іс өндірістен тоқтамға алынған» деп жазылған,бірін-бірі қайталайтын уәждерге қайран қаласыз. Қысқасы алақандай ауылда тоғыз айдың ішінде бір үйден жеті бірдей мал  ұрлығы тіркеліп, бірде-бір қылмыстың ашылмағаны ащы ақиқат болып тұр. Қылмыстық істердің тергеу барысын созбалаңға салғаны үшін Түркістан қалалық ішкі істер басқармасының учаскелік инспекторы Қ.Мырзахановқа облыстық ішкі істер департаментінің бұйрығымен сөгіс жарияланыпты. Міне, бар біткен тірлік осы ғана. Таяуда Орынбай қажы Оспановтың тағы бір қара малы жоғалыпты. Бұл жолы полицияға арызданып,  көмек сұрауды хош көрмепті. Себебі түсінікті. Мал ұрлығының ашылмағанына ашынып мұндай қадамға бара бастаған жалғыз ол емес. Оңтүстікте бүгінде мал ұрлығының  өртке май құйғандай өршіп, қылмыстың ашылмауы ауылдағы ағайынның ашу-ызасын туғызып отыр. «Полицияның пәрменсіздігі салдарынан малды жаппай ұрлаумен шектелмей атып әкетуге дейін көшіп, әбден еркінсіп кеткен «екі аяқты қасқырларды» ашу-ызам шектен шыққан күні өзім барып атудан басқа не амал қалды?» дейді қария қынжылып. Қарсақты ауылына арнайы ат басын бұрғанымызда Орынбай қажы мен Елікбай екеуінің арасындағы ерегістің растығын елден естідік. Алайда екеуі ерегісті екен деп бұлтартпас айғақтар болмаса мал ұрлықтарын Елікбайдың еншісіне жазып қою ақылға қонбайтыны белгілі. Оған қоса облыстық прокуратура  Орынбай қажы Оспановтың арызына «...ұлыңыз Н.Оспановты осы ауыл тұрғыны А. Байкенжеевтің ұрып-соққаны туралы уәжіңіз бойынша бірқатар тексеру амалдары жүргізіліп, қылмыстық іс қозғаудан бас тартуға шешім қабылданған. Сізден және ұлыңыз Н. Оспановтан ешқандай дене жарақаттары анықталмай, А. Байкенжеевтің өзі жеңіл дене жарақатын алған» деп  сот-дәрігерлік сараптамасының қорытындысын ұсынуы адамды әрқилы ойларға еріксіз жетелейді екен. Қалай десек те, Орынбай қажы мен Елікбай екеуінің арасындағы ерегісті тоқтатуға, өзара ынтымаққа келуіне түркістандық беделді ақсақалдар білек түріп, бел шешіп кіріспесе, құқық қорғау органдары бастан жақты айыруға, дәлірегі кімніңкі ақ, кімніңкі қара екенін оларға даусыз дәлелдеп беруге, шын кінәліге қателігін қайталамастай шара қолдануға дәрменсіздік танытып отыр.  Өткен жылы Бәйдібек ауданында бір-бірімен көрші тұратын Ахатаевтар мен Жолтаевтар отбасыларының  арасындағы ерегістің асқынуы мылтық атуға ұласып, екі бірдей арыстай азаматтың өмірі қыршынынан қиылғаны ойландыратын, сабақ алатын-ақ жайт. Бүгінде «ағайынның аты озғанша ауылдастың тайы озсын» деген тілеулестігінен айнымай келген ауылдың психологиясы да өзгере бастағаны өкінішті-ақ.

Ғалымжан Елшібай,

Оңтүстік Қазақстан облысы

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: