Ел аузында оңтүстік журналистикасының атасы атанған Байдулла Қонысбековтің 70 жылдық мерейтойына байланысты бұқаралық ақпарат құралдарында абырой-беделі, пайым-парасаты, елге сіңірген еңбегі, қадір-қасиеті, сый-құрметі, тағы басқа да жақсы қырлары жан-жақты айтылып та, жазылып та жатыр. Сондықтан Байекеңнің әзіл-қалжыңға бір бүйрегі бұрып тұратынын ескеріп, өзгелер тоқталмаған тұсына жеңілдеу тақырып болса да қалам тартуды жөн санадық.
«Е, аурусың ба, не?»
Байекең «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың бірінші орынбасары қызметінде жүргенде лездеме сайын тілшілерден жұмысты, тәртіпті талап етіп, сілкілеп-сілкілеп алатын. Артынша ақырын ғана ақылын айтып, көбінесе әңгімесін анекдотпен аяқтап, арадағы ұрыс-керісті лезде ұмыттырып жіберетін де әдеті бар. Былайша айтқанда Байекең жұмбақ адам. Бір қарағанда сұсты көрінгенімен, әңгімелесе қалсаңыз, әзілге жақын, жүрегі нәзік, жаны жаңа туылған сәбидей кіршіксіз таза екеніне көз жеткізесіз.
Редакциядағы қызметкерлер экс-зам редактор Нұрекеңнің алдына еркін кіріп-шыға беретін. Апарған мақаламызды оқып болғанша, Нұрекеңнің үстелінің үстін ақтарып та бітетінбіз. Нұрекеңнің Құдай бере салған кең үстелінде не жоқ дейсіз?! Сурет, мақалалар, газет тігінділері, түрлі-түсті журналдар, папкілер... Мақаланы оқуға бас қойғаннан сол дүниелерді парақтап, ақтарыстырып тұратынбыз. Келе-келе бұл әбден әдетке айналып кеткенін сезбей де қалыппыз ғой.
Байекең орынбасар болған күні мақаламды оқытуға алып кірдім. Нөмірдің мақалаларын осылайша басында тұрып оқытып, алып кететінбіз. Көзілдірігін киіп, ол кісі мақалаға бас қойды. Содан баяғы әдет қойсын ба? Үстел үстіндегі Нұрекеңнің қалған дүниелерді ақтаруға кірісіп кетіппін. Суреттерді көрдім. Қолымды созып, бір-екі мақаланы алып, парақтап, авторлардың не жазғанын байқадым. Одан Байекең отырған үстелден қысылыңқырап өтіп, газет тігінділерін ақтардым. Қайтып бері өтіп, шкафтың есігін ашпаймын ба?! (Соның ішінде не қызық бар десеңізші?!) Қысқасын айтқанда, тым еркінсіп, өзімен-өзі болып кетемін ғой.
Кенет ту сыртымнан Байекең қарап тұрғандай көрінді. Жалт қарадым. Шынында да, ол кісі көзілдірігінің үстінен шұқшиып қарап тұр екен. Көзіміз түсуі мұң екен, «Е, аурусың ба, не?» дегені. Сасып қалдым. «Бір орында тұра алмайсың ба?» дегенді тағы қосып қойды.
Қатты ұялдым. Шкафтың есігін не жабарымды, не жаппасымды білмей әлі тұрмын. Шынымды айтсам, өзімді тура «ауру» секілді сезіндім.
Оралхан ДӘУІТ,
Жамбыл облыстық «Арай» газетінің бас редакторы