Қаржы үнемдеу қарапайым қызметкерлерді қинамаса болғаны

v_145009672596-610x350.jpg

Таяуда облыс әкімінің орынбасары Әли Бектаев брифинг өткізіп, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін  дағдарысқа қарсы нақты іс-шаралардың орындалу барысымен таныстырды. Құрылыс нысандарына қатысты жобалық-сметалық құжаттарды қайта қараудың өзінен  2 миллиард теңгенің үнемделгені мәлім болды. Бұдан былай осылайша мән-жайды журналистерге жариялап отыру тұрақты түрде өтетінін жеткізген Әли Әбдікерімұлы  негізгі атқарылатын шараларды тізіп шықты: 

- Құрылысы салынуға тиіс нысандардың жобалық-сметалық құжаттарын жасау барысында кейбір жекеменшік компаниялар шалағайлыққа жол беріп,  белгіленген құрылыстың құнын асыра бағалаған фактілері кездесуде. Соның салдарынан қаржы қажеттіліктен артық жұмсалып, бюджет қосымша шығынға ұшырауда. Бүгінде облыста  жобалық-сметалық құжат жасаумен 150 жекеменшік компания айналысады. Енді осы компаниялардың жұмысын жүйелеп, ретке келтіру қолға алынуда. Нәтижесінде, көлемінен асыра жоспарланған шығындар қысқарып, қаржы үнемделуде. 

Жобалық-сметалық құжаттарды қайта сараптаудың нәтижесінде 2009 жылғы облыстық бюджеттен күрделі жөндеуге жоспарланған қаржыдан денсаулық сақтау саласы бойынша – 169 миллион, білім саласынан – 547 миллион, құрылыс басқармасынан – 113 миллион, энергетика және коммуналдық шаруашылық саласынан – 131 миллион, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі басқармасынан – 1,1 миллиард теңге ықшамдалуда. Құрылысты жобалау мәселелерінде бірқатар жүйелі шаралар енгізілетін болады. Атап айтқанда мемлекеттік сараптама қорытындысына 2 жылдан аса уақыт өткен нысандар бюджеттің инвестициялық жоспар тізіміне енгізілмейтін болады. 

 Бағаны тұрақтандыру және отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында жергілікті кәсіпорындар шығаратын құрылыс материалдарын облыстағы құрылыс нысандарына пайдалануды бақылау облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына жүктеліп, веб-сайтында отандық тауар өндірушілер өнімдерінің тізімі жарияланатын болады. 


Әрбір аудан мен қаладан өндірісті өрістетіп, жұмыссыздықты азайту мақсатында нақты 2-3 бизнес жобаларды жүзеге асыру көзделуде. Мәселен, Түркістан қаласында облыс әкімі көкөніс өндіруді арттырып, оны ұзақ мерзімге сақтау шараларын іске асыруды, Қазығұрт ауданы бойынша келешекте 5 мың гектар суармалы жерлерді іске қосу мақсатында Үлкен Келес магистральды каналынан таратылатын суғару гидранттық жүйесін қалпына келтіруді жергілікті әкімдерге тапсырды. 

Сондай-ақ, Әли  Бектаев облыс әкімінің орынбасарлары жетекшілік ететін 5 салалық топтар құрылғанын жеткізді. Олар: аграрлық сектор, өндіріс, орта және шағын бизнес, коммуналдық шаруашылық, қаржы және банк жүйесі салалары бойынша жұмыс істейтін болыпты. Дұрыс екен. Ендігі мәселе – жаңадан құрылған  топтардың  қаншалықты  мәселе шешіп, іс тындыра алуында. Әр ауданда қолға алынатын бизнес жобаларды жүзеге асыруға қанша уақыт кететіні де әзірше белгісіз. Бұған дейін тәп-тәуір басталып, соңы сыиырқұйымшақталып, ақыры ұмытылып  кеткен  «керемет» жобалардың бірталайын атап берер едік.  Бектаев жариялаған тың жобалардың да осындай тағдыр құшпайтынына сенгіміз-ақ келеді. Жалпы, әлі де ізденер болса, қажетсіз шығындарды табуға болатынын шенеуніктердің іші сезеді. Қаржының үнемделгені жақсы-ау, бірақ шенеуніктер сол үнемделген қаржыны бағынышты адамдарынан, ал олар қарамағындағы қарапайым қызметкерлерінің қалтасынан қинап өндіру белең алып жүрмесе болғаны. 

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: