Көрнекі фото
Қылмыстық Атқару жүйесі Комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Басқарма бастығы Бекболат Түзелбаев:
«Сотталған әйелдер саны 3,5 есеге артты, енді әйелдер колониясы ашылу жоспары бар»
Өкінішке қарай, елімізде жазасын өтеушілер қатары жылдан-жылға артып барады. Сол себепті де сотталғандар түзеу мекемелеріне сыймауға айналды. Мұндай көрініс Оңтүстік Қазақстан облысында да байқалуда. Осы, басқа да сауалдар төңірегінде Қылмыстық Атқару жүйесі Комитетінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша Басқарма бастығы, әділет полковнигі Бекболат Түзелбаевпен әңгімелескен едік.
- Бекболат Әлиұлы, дәл қазіргі кезде облыстағы түзеу мекемелерінде қанша қылмыскер жазасын өтеуде?
- Өткен жылдың алғашқы тоқсанындағы қорытынды бойынша сотталғандар саны 3274 болса, биыл 3512-ге жетті. Оның ішінде өкпе құрт ауруымен ауыратындар былтырғы 516-дан 572-ге көбейді. Қазір барлық жерлердегі түзеу мекемелерінде сотталғандар артығымен отыр. Мәселен, 1000 адамдық ИЧ-167/3 мекемесінде 1214 адам отыр.
- Жазасын өтеушілердің жас шамасында өзгерістер байқалады ма?
- Өкінішке қарай, қылмыскерлер жасарып барады. Көпшілігі қалта телефонын ұрлағаны үшін жатыр. Көшеде немесе басқа жерде жас балалар ұялы телефонды ұрлайды, түрлі тәсілмен тартып алады да оларға ұрлық, тонау, қарақшылық секілді ауыр айыптар тағылады. Сонда қараңыз, оның ұрлаған телефонынының орташа бағасы 35 мың теңге делік. Оған 3-5 жыл жаза тағайындалады. Біріншіден, он екіде бір гүлі ашылмаған өрімдей жастардың осы жазасын өтегеннен соң қателігін түсініп, онысын қайталамауға ұмтылса жақсы. Ал керісінше болса, бір адамның тағдырының бүлінгені емес пе? Екіншіден, жалпы режимді түзеу мекемелеріндегі әрбір жазасын өтеуші үшін мемлекет қоржынынан күніне 332,33 теңге қаражат бөлінеді. Демек, 35 мың теңгелік ұялы телефонды ұрлаған бір қылмыскерге жылына 121 300,45, ал 3 жылға 363901,35 теңге шығын жұмсалады екен. Бұл ішетін тамағына ғана. Киетін киімі мен жататын орны үшін тағы қосымша шығындар бар. Сонда бұдан кім ұтып отыр? Абайсызда қадамын шалыс басқан жастар ма, әлде мемлекет пе? Осы тұста заңға өзгертулер енгізу қажеттілігі туындайтын секілді. Телефон ұрлағаны үшін түрмеге тоғыта бергенше ұрлаған телефонының жүз еселенген көлемін төлеуге айыппұл салса дұрыс болар еді. Мәселен, 35 мың теңгенің телефонын ұрлаған адамды түрмеге тыққанша 350 000 теңге айыппұл салған тиімді емес пе? Сонда баланың да тағдыры бүлінбейді, ұрлық та қайталанбауы мүмкін. Дағдарыс кезінде мемлекеттің қаржысы да босқа шығындалмас еді.
- Әйелдер арасындағы қылмыс та өршіп бара жатқанға ұқсайды.
- Биылғы жылы сотталған әйелдер саны өткен жылғыға қарағанда әлдеқайда көп. Мәселен, 2008 жылдың алғашқы үш айында 17 нәзік жанды жазаға тартылса, үстіміздегі жылдың осы мерзімінде қылмыскер деп табылған әйелдердің қатары 60-қа жетті. Айырма жер мен көктей, 3,5 еседен жоғары. Оның себебін саралайтын болсақ, айыпты деп табылған әйелдердің 60 пайызға жуығының жазасы несиемен тікелей байланысты. Несие су тегіндей сезілген кезеңде ойланбастан ала беріп, ақырында алаяқ болып шыға келген. Өзгенің қолымен от көсеген екі ортадағы делдалдардың да кесірі көп. Жұмыртқадан жүн қырыққан ондай пысықайлар ауылдықтардың аңқаулығын жеке басының пайдасына жаратып, олардың қиналып отырған кезеңдерін ұтымды пайдаланған. Өткен жылы жыл бойына 450-500-ге жуық әйел сотты болса, биылғы болжам одан әлдеқайда жоғары. Шамамен 700-800-ге барып қалуы мүмкін. Қоғамда осындай көрініс пайда болғаннан кейін қосымша әйелдер колониясын ашу керектігі заңдылық. Бүгінге дейін республика аумағында Алматы, Қарағанды және Маңғыстауда ғана әйелдер колониясы болса, алдағы уақытта Шымкентте де 450-500 адамға арналған түзеу мекемесінің ашылуы жоспарлануда. Бұрынғы ИЧ-167/2 мекемесі, яғни тергеу изоляторы жаңа ғимаратқа көшуіне байланысты ескісі қазір бос тұр. Сол ғимарат әйелдер колониясы ретінде дайындалып жатыр. Облыс орталығында тігін фабрикасы, «Фосход» фабрикасы бар, солармен келісім-шартқа отырып, қазір 30 шақты тігін машинасы орнатылды. Әйелдер колониясы ашылса, осы шағын цех іске қосылатын болады. Сонда арнайы киім-кешек тігумен қатар өзіміздегі түзеу мекемелеріне қажетті матрац пен төсеніш заттарын өзіміз арзандау бағамен қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Одан басқа да ұсақ-түйек проблемаларды шешуге ыңғайлы болмақ.
- Біздің білуімізше түзеу мекемелеріндегі басты проблемалардың бірі – жазасын өтеушілерді жұмыспен қамту болса керек. Осы мәселеден құтылу мақсатында қандай жұмыстар жүргізілуде?
- Әрине, бір мезетте барлық сотталушыларды жұмыспен қамту қазіргі кезеңде мүмкін болмай отыр. Дегенмен, жылдан жылға жұмыс орындарын көбейтіп жатырмыз. ИЧ-167/3 мекемесінде темір шатырлар (черепица) мен пластикалық есік-терезелер, темір бұйымдарын шығаратын шағын цехтар іске қосылған. Төлеби ауданы аумағындағы ИЧ-167/9 мекемесінде кірпіш, аяқ жол (тротуарная) плитасы шығарылып, тапсырыс бойынша темір бұйымдары жасалуда. Қазір қазақтың 4-5 қанатты киіз үйлерін жасауды қолға алдық. Кәдімгі ұлттық киіз үйді ағаштан сапалы етіп жасап шығарады.
- Сотталғандардың қанша пайызы жұмыспен қамтылған деп айта аласыз?
- Әр мекемедегі жағдай әрқалай. Мәселен, жаңа айтылған ИЧ-167/3 мекемесінде отырғандардың 20, ИЧ-167/9 мекемесіндегілердің 30 пайызға жуығы жұмыспен қамтылған. Әрине, кеңес одағы кезіндегідей 100 пайыз жұмыспен қамту қиын, дегенмен, бос отыратындардың қатарын азайтуға барынша күш-жігерімізді салып жатырмыз. Өкпе-құрт ауруына шалдыққандарға жұмыс істете алмаймыз. Жұмысқа негізінен сотталумен қатар сот үкімімен қарыз деп танылған жазасын өтеушілер тартылуда. Олардың әрқайсысының жеке есеп шоты болады. Жалақылары соған аударылып, мойнындағы қарызы біртіндеп өтеліп отырады. Тағы бір айта кететін мәселе, аталған мекемелерде сотталғандарды түрме ішінде керекті мамандарға даярлайтын кәсіптік техникалық училищелер бар.
- Сотталғандар құқының сақталуы үшін қандай шаралар жасалады?
- Сот үкімімен қылмыскер деп танылса да олардың құқықтарының аяққа тапталмауына жіті көңіл бөлеміз. Өз құқықтарын біліп жүрсін деген мақсатта әр мекеменің кітапханасында «құқық бұрышын» ашып қойғанбыз. Онда қойылған заңдар мен заң түсіндірмелерімен танысу арқылы әрбір жазасын өтеуші өз құқықтарын қорғай алады. Бұдан бөлек қол жетімді жерде облыс прокурорының арнайы жәшігі қойылған. Оны облыс прокурорының өзі ғана аша алады. Қандай да бір заң бұзушылықтар орын алса, арыз-шағымдарын осы жәшікке тастауларына мүмкіндік бар. Облыс прокурорының бұдан басқа да жұмыстары көп қой, дегенмен, осы үш ай ішінде барлық мекемелерді жеке өзі екі рет тексеріп шықты. Ал арнайы прокурорымыз мекемелерді жиі-жиі аралап тұрады. 31-наурыз бен 4-сәуір аралығында Президент жанындағы адам құқын қорғау жөніндегі комиссияның төрағасы Алмас Шакиров бастаған арнайы топ тексеру жүргізді. Комиссия құрамында ЕЫжҮО-ның (ОБСЕ) арнайы адамдары мен республиканың Бас прокуратурасының, Жоғарғы соттың, ҰҚК-нің, ІІМ-нің лауазымды қызметкерлері бар. Әрине, аз-кем кемшіліктер кездесті, дегенмен, жалпы алғанда түзеу мекемелеріндегі қалыптасқан жағдайға жақсы баға беріп кетті. Оның алдында Денсаулық сақтау министрілігнен де арнайы комиссия тексеріп кеткен болатын. Ерекше ескерту болған жоқ. Тамақтарын уақтылы ішеді, тиісті колориясы да сақталып отырады. Киімдері таза, бүтін.
- Әрине, жазасын өтеушілердің де құқығы тапталмауы тиіс. Дегенмен, тәртіптің де қатаң болуы қажет шығар?
- Онсыз болмайды. Тәртіпті қатаң бақылаудың нәтижесінде сотталғандардан үш ай көлемінде 278 000 теңге ақша алынды. Өткен жылы осы уақытта алынған ақшаның сомасы 263 400 теңге болған еді. Сол секілді, былтырғы үш айда 99 ұялы телефон тәркіленсе, үстіміздегі жылдың осы мерзімінде тәркіленген телефондар саны 277-ге жетті. Тәртіп бойынша жазасын өтеушілерге өздерімен бірге ақша, қалта телефонын алып жүруге болмайды. Ішкі тәртіпке бағынғысы келмеген 6 сотталушының үстінен қылмыстық іс қозғалып, сот арқылы жазасына жаза жамалды. Былтыр мұндай 3 оқиға орын алған еді.
Үш айда түзеу мекемелерінен 164 адам босатылды. Оның ішінде мерзімінен бұрын 58, мерзімінің аяқталуына байланысты 49, сот залынан 55 азамат босатылса, түзеу мекемесінен қоныс колониясына 29 адам ауыстырылды. Бізден босатылғанымен, арнайы талаптарға бағынбаған 14 адам қайта түзеу мекемелеріне қайтарылды. Мұны қызметкерлердің белсенді жұмысының нәтижесі деп білуге болады. Осыны ескеріп, жақсы нәтиже көрсеткен қызметкерлерге жергілікті әкімшілік арқылы жер учаскелеріне қол жеткізуге мүмкіндік жасап, әлеуметтік мәселелерін шешуге назар аударып отырмыз. Былтырғы жылы 20-30-ға жуық қызметкерлер жер учаскесін алды. Бұл жұмысты алдағы уақытта әлі де жандандыра түсеміз бе деген жоспарымыз бар.
- Облысымызда туберкулезбен ауырғандарды емдейтін аймақтық түзеу мекемесі бар екенін білеміз. Ондағы қалыптасқан жағдай қандай?
- Қазір бұл мекемеде 562 адам жатыр. Мұнда Алматы, Қызылорда және облысымыздағы түзеу мекемелерінен өкпе-құрт ауруымен сырқаттанғандар жатқызылады. Олардың көпшілігі ауыр жағдайда түседі. Сол себепті өлім де орын алып тұрады. Өткен жылы үш айда 6 адам қайтыс болса, биыл осы мезімде 10 адам жан тәсілім етті. Ауруы тіпті асқынып кеткендерді сот арқылы арнайы мекемеге мәжбүрлі түрде ауыстырамыз. Туберкулездің жұғу қаупі жоғары ашық түрі басым болғандықтан, кесел кейде қызметкерлерге де өтіп кетеді. Өткен жылы осындай екі оқиға болды.
Бүгінде құрт ауруымен ауыратындар емделетін мекемеде әрбір жазасын өтеушінің күндік дәрі-дәрмегі мен тамағына 884,49 теңге қаржы қаралған. Туберкулезден бөлек түзеу мекемелерінде 133 ВИЧ инфекциясын жұқтырғандар да отыр. Былтыр бұлардың саны 131 болатын. Алайда, сырқаттар санын арттырып жатқандардың барлығы да сырттан ауырып келгендер. Іште жүріп бірін-біріне жұғу фактісі орын алған жоқ. Егер тергеу изоляторында жатып босанған әйелдердің арасында аты жаман осы аурумен ауыратындар болса, міндетті түрде тиісті мекемелерге хабарланады.
- Түзеу мекемелерінде қызмет ететін ақ халаттыларға қандай да бір жеңілдік қаралған ба?
- Бір ғана артықшылығы, медициналық қызметкердің мұнда қызмет еткен 1 жылдық еңбек өтілі 1,5 жыл болып есептеледі. Әйтпесе, түзеу мекемелеріндегі дәрігерлердің жалақысы өзге медицина мекемелеріндегі әріптестерінен 10-15 мың теңгеге төмен болады. Себебі, бізде түнгі ауысым мен мерекелік күндері еткен еңбектері үшін қосымша ақы есептелмейді. Ал жұмыс болса ауыр. Басқаша айтқанда, атқаратын жұмысы мен еңбек ақысы сәйкес келмейді. Сол себепті де колонияларда дәрігерлер көп тұрақтай бермейді. Бүгінгі таңда мекемелерде 25-ке жуық медицина қызметкерлері жетіспейді.
- Ғимараттарыңыз талапқа сай ма?
- ИЧ 167/3 мекемесі ең әуелі кереует зауыты ретінде салынған. «Жасы» 75-80-дер шамасында. Ленгірдегі ИЧ-167/9 мекемесі бұрын Шахта болған. Ол да «жас емес». Барлық халықаралық талапқа сай, ең соңғы үлгіде арнайы салынған ғимарат ИЧ-167/11, яғни жаңа тергеу изоляторы. Онда барлық жағдай қаралған, ыстық, суық суда қысы-жазы проблема жоқ.
Әңгімелескен Шадияр Мекенбайұлы,
Оңтүстік Қазақстан облысы