Аптаның қай күні дүниеге келгеніңізге қарап мінезіңізді таныңыз

Screenshot_5.jpg

Туған күн сайын біз бір жасқа есейе түсеміз, өмірдің аласалау болса да тағы бір асуын артқа тастап, кезекті белестерге қарай беттейміз. Астрологтардың зерттеуінше, әр жылдың адам үшін қалай өтері оның осы жылдағы туған күнінің аптаның қай күніне тура келетініне де байланысты екен. Өйткені, аптаның әр күніне әртүрлі ғаламшар әсер етіп отырады және жылдың қалай қалыптасарын да солардың орналасуына қарай бағдарлауға болады деседі. Онда қолымызға күнтізбені алайық та, туған күніміздің аптаның қай күніне сәйкес келетінін анықтап, әрқайсысымыз үшін жылдың қалай өтетінін болжап көрелік. 


АЙ жылы

Туған күніңіз дүйсенбіге тура келіп тұр ма? Онда сіз үшін 2014 – тек Жылқы жылы ғана емес, сонымен қатар Ай жылы да. Дүйсенбіні Ай өз уысында ұстайды, ал Ай ғаламшарына тән қасиет – ауытқымалы көңіл-күй. Демек, сіз үшін биылғы жыл сезімге, романтикаға және... аздап мұңға толы болады деген сөз. Әсіресе махаббатқа, отбасына, туыстарға қатысты жайттар көбірек көңіл бөлгізеді. Сондай-ақ бұл жылы сіздің беймәлім жайттардың құпиясын ашуға деген құлшынысыңыз артады. Бірақ өзіңізді толғандырған мәселелерді балгерлердің һәм көріпкелдердің көмегімен шешуге ұмтылмаңыз, олар одан сайын қиындатуы мүмкін.

Негізінде бұл жыл сіз үшін тыныш жыл болады, сондықтан, егер жолыңызда кедергілер кездесіп жатса, оған мойымаңыз, оның бәрі – уақытша қиындықтар. Сондай-ақ денсаулығыңызды дұрыс қадағалауға тырысыңыз: бұл жылы туған күні дүйсенбіге сәйкес келгендер бас ауруына, қан қысымының көтерілуіне жиі ұшырайды.


МАРС жылы

Егер биыл туған күніңізді сейсенбіде атап өтуге жазса, онда бұл жылы сіздің жеке басыңыздың басым қасиеттерін даралап көрсетуге мүмкіндік туды деп есептей беріңіз. Сейсенбінің жебеушісі – Марс, ал бұл ғаламшар – күштің, қуаттың, өктем ерік-жігердің қайнары. Яғни, сіз осы жылы өз талантыңызды кеңірек танытып, өмірдегі, қоғамдағы орныңызды бұрынғыдан айқынырақ айшықтай түсесіз. Әрине, ол үшін білекті түріп тастап, белсенді түрде жұмыс істеуге тура келеді. Оның үстіне, Марс –  кешіріңіз, соғыс ғаламшары, демек, табысқа жетер жолда сізді талай тайталас күтіп тұруы да ғажап емес.

Бұл жылы сізге жиі салқын тиіп, тұмауратуыңыз мүмкін, сондықтан күтініп жүргеніңіз дұрыс. Адамдармен қарым-қатынаста қызғаныш пен сатқындықтан сақтаныңыз.Статистика бойынша Марс жылында (түсініктірек айтқанда, туған күні 2014 жылы сейсенбіге тура келгендер арасында) отбасылық жанжалдар жиі болады, кейбірінің соңы тіпті ажырасуға ұласуы да мүмкін екен. Яғни, жыл оңай болмайды. Дегенмен, жоғарыда айтқанымыздай, биыл – бойыңыздағы ерік-жігерді, талантты көрсетер жыл. Егер әлгіндей қиындықтарды жеңуде табандылық танытсаңыз, жыл – сіздікі!


МЕРКУРИЙ жылы

Туған күніңіз сәрсенбіге сәйкес түссе, сізді биыл Меркурий жылы күтеді. Бұл жылы табысқа тек белсенді, пысық, алғыр һәм ақылды адамдар ғана жетеді. Егер бойыңызда әлі де өз мүмкіндігіңізге сенімсіздік байқалса, одан арылуға тырысыңыз. 2014 – әсіресе қаржы-экономика және ғылым салаларында жетістіктерге қол жеткізуге қолайлы жыл. Осы жылы жасалған келісім-шарттар мен іскерлік байланыстар барынша баянды болмақ. Бұл – тіпті оқуға түсемін немесе білімімді жетілдіремін деген жандар үшін де жақсылыққа толы жыл.

Алайда Меркурий жылында (яғни, биыл туған күнін сәрсенбіде атап өтушілер арасында) отау құру аз кездеседі, себебі, оқу-білім, қызмет-мансаппен айналысып жүріп, жеке өмірге уақыт табу да оңай емес. Есесіне, сізді биыл алыс сапарлар, жаңа танысулар және қызықты кездесулер күтеді. Денсаулығыңызға аса алаңдамауыңызға болады. Тек бұл жылдың сізден нағыз белсенділікті талап ететінін есте ұстап, спортпен шұғылдана жүріңіз.


ЮПИТЕР жылы

Туған күніңізді бейсенбіде атап өтпексіз бе? Онда сіз үшін Юпитер жылы басталды. Юпитер – үлкен кеңістіктің һәм ауқымды көкжиектің ғаламшары. Егер биыл жаңа қонысқа көшемін немесе жұмыс ауыстырамын десеңіз, мұның қай-қайсысы да өте сәтті болады. Сондай-ақ ұтымды келісім-шарттарға, пайдалы байланыстарға қол жеткізе аласыз. Көптен бері ойыңызда жүрген, бірақ іске асыруға мүмкіндік таба алмаған жоба-жоспарларыңыз бар ма? 2014 – ол жағынан да қолайлы жыл.

Юпитер жылы отау құрғандар ешқашан ажыраспайды, дегенмен, отбасылық өмірдің керемет бола бермейтінін де ескерген жөн. Үй болған соң, әрине, ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды, ең бастысы – жұбайлардың бір-бірін түсінуге ұмтылуы. Егер төзімділік танытып, өзара сенімді сол қалпында сақтаса, бәрі де ойдағыдай болады. Жүйке жүйесіне де сақ болған жөн, себебі, биыл басқа салада табысқа жеткеніңізбен, үнемі лайықты дәрежеде көңіл бөле алмағандықтан, сізді жеке тіршілік аздап алаңдатуы ғажап емес.



ШОЛПАН жылы

Егер биыл туған күніңіз жұмаға тура  келсе, онда сізді сезім мен сырға толы жыл күтіп тұр деп есептей беріңіз. Алдыңғы орынға бұл жылы жеке өмір шығады. Шолпан – сұлулықтың, нәзіктіктің, махаббаттың, өзара сенім мен үйлесімділіктің символындай ғаламшар. Сондықтан да осы жылы... бала туу көрсеткіші күрт өседі! Шолпан жылы үйленетіндерді (яғни, туған күні жұмаға сәйкес келетіндер арасында) тек шын сүйіспеншілік қана байланыстырады, ал күйіп-жанған құштарлық үнемі берік отбасын құрудың кепілі саналмайтыны бесенеден белгілі. Отау құру, оны сақтау – жауапты міндет, мұндайда алып-ұшқан албырт сезіммен қатар өзара сенім де қажет. Осыны да ойда ұстаған жөн.

Шолпан жылында ғарыштық вибрациялар сізді өзгелерден гөрі өзіңізді көбірек ойлауға жетелейді, сол себепті адамдармен қарым-қатынаста сыпайылық пен мәдениеттіліктің маңызын ұғынғаныңыз мақұл. Денсаулық жағынан биыл( тіпә-тіпә, тіл-көзіміз тасқа!) сіз алаңдар ештеңе жоқ, тек барлық нәрсенің шегін білсеңіз болғаны. Өйткені, Шолпанның сезім мен құштарлықтың ғаламшары екенін ескерттік, демек, бұл жылы сіз барлық қызығушылығыңызды жүзеге асыруға, бәрінің дәмін татып көруге асығуыңыз ғажап емес. Яғни, сезім мен құштарлықты да қажет тұсында тізгіндеп отыруға тырысқан абзал.


САТУРН жылы

Туған күніңіз тура сенбіде болса, онда сізге биыл Сатурнның назары түседі. Сатурн – орнықтылықтың, тұтастықтың және табандылықтың нышанындай ғаламшар. Сондықтан бұл жылы табысқа жеткіңіз келсе, әуелі биыл сізге ең қажеттісі не екенін анықтап алыңыз. Ең маңызды мақсаттарыңызды жүйелеп алған соң барып, іске кірісіңіз. Ұсақ-түйек шаруалармен Сатурнның «миын ашытпаңыз». Жинақы, байсалды және мақсаткер болыңыз. Ұшқалақтық пен ұқыпсыздық бұл жылы кәсібіңізге де, жеке тіршілігіңізге де зиянын тигізуі мүмкін.

Егер басыңыз бос болса, отау құру үшін де тапттырмас уақыт – осы жыл. Әдетте сүрбойдақтар өз жұбын Сатурн жылы (яғни, туған күні сенбіге тура келген жылы) табады. Ең қатаң ғаламшардың жебеуіндегі жылда отбасылық өмір де орнықтылықты, табандылықты, ортақ мақсатқа талпынуды талап етеді. Бұл жылы жас жұбайлардың басын бір-біріне деген сыйластық, бірге ғұмыр кешуге деген ұмтылыс, өзара көмектесуге деген ізгі ниет қосады. Сондықтан да осы жылы көтерілген отаулардың шын мәнінде шаңырағы биік, керегесі бекем болады.

Ал денсаулық мәселесіне келсек, биыл негізгі салмақ сүйекке түседі. Сол себепті сүйектеріңіз бен буындарыңызға, сондай-ақ тістеріңізге ерекше күтіммен қарағаныңыз жөн.


КҮН жылы

Егер биыл туған күніңізді жексенбіде тойласаңыз, онда сіз үшін Күн ғаламшарының жылы басталды деген сөз. Бірден қуантып қояйық: жыл негізінен тыныш өтеді, ойыңызда жүрген жоба-жоспарларыңыздың көпшілігін іске асыруға ыңғайлы болады. Биыл – отбасын құрам деушілерге де өте сәтті жыл. Себебі, Күн жылында құрылатын отаулардың иелерін расында да Құдай қосады деседі.

Сондай-ақ бұл жыл шығармашылық адамдарына, алға үмітпен, сеніммен қарайтын оптимистерге, жалпы ойы нұрлы, ниеті таза жандарға аса қолайлы болмақ. Күн жылында адамдардың өз мүмкіндігіне деген сенімі артады, бойындағы жақсы қасиеттері дамиды. Алайда биылғы жылғы бар жақсылық үйіңізге сау етіп өз келеді деп күту – орынсыз. Айтылған игіліктің бәрі тек өзіңіз білек сыбана еңбектеніп, алға қойған мақсаттарыңызға қалай қол жеткізудің жолын тауып, шындап тер төккенде ғана жүзеге асады.

Күн адамның жүрегі мен қан тамырларына көп әсер етеді, сондықтан бұл жылы ағзаңыздың сол маңызды мүшелерін мұқият күтуді естен шығармағаныңыз жөн.

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Артық салмақтан, семіздіктен қалай құтылауға болады? Диетолог кеңес береді
  • Аптаның қай күні дүниеге келгеніңізге қарап мінезіңізді таныңыз
  • Бақытты болудың сыры...
  • Өлмеген құлға келді жаз...
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: