Ибрагим Дәрібаев: «Жұмыс іздеп келіп жұбайыма айналды»

Screenshot_6.jpg

Ибрагим Дәрібаев, «Дәрібаевтар» отбасылық ансамблінің жетекшісі:

Қылшылдап тұрған жас кезім. Cол жылдары бірнеше вокальды-аспапты ансамбльдер құруға ұйытқы болғаныммен бірінен кейін бірі  сәтсіздіктерге ұласып, тарап тынды. «Жығылған күреске тоймасы» белгілі.  Жастық жігерімді жасытпай  тағы да  тәуекелге бел буып Шымкент қаласындағы Фосфоршылар мәдениет үйі аясында «Рауан» атты вокальды-аспапты ансамбльдің негізін қаладым. Жаңа ансамбльге талантты әнші қыз-жігіттерді  іздестіріп жатқанымызды жан-жақтан естігендердің талайы  бақтарын сынап көрді. Соның бірі жұмыс іздеп келіп жұбайыма айналған Әлия еді. 

Қазақтың қарапайым қызы Әлия мені жібектей мінезімен, тұрақтылығымен, әсем дауысымен  бірден баурап алды. Жастықтың жалынымен өліп-өшіп өртеніп кете жаздап ғашық болдым. «София Ротарудың күйеуі ансамбльдің жетекшісі ғой. Маған тұрмысқа шықсаң  Ротаруға ұқсап құдай қосқан жарыңмен бір ансамбльде ән шырқап жүресің»,- деп қалжыңдап, сезімімді білдіріп жүрдім. Өмір болған соң өнерді дамытуда әр алуан қиыншылықтардың кездесетіні заңды. «Рауан» ансамбльінің құрамындағы қыз-жігіттердің көбісі соған төзімділік танытпай уақыт өте келе жан-жаққа шашырап кетті. Сондай сын сағатта  жанымда Әлия ғана тұрақтап қалды. Оған «өмірдің қиыншылықтарын да, қуаныштарын да бірге көрейік» деп сөз салдым. Ағасына жолығып екеуміз өмірлік серік болуға сөз байласқанымызды айтқанда «қазақтың салтымен қызды ұзатайық» деді. Оны күтетін мен бе, қыз ұзату салты ұзақ мерзімге созылып кететіндіктен айлаға көштім. Сөйтіп сол кезеңдерде жігіттердің мерекесі саналатын 23 ақпан күні  (Совет армиясы күні)  сүйген қызымды алып қаштым. «Оңтүстік Қазақстан» газетіндегі журналист Өскенбай Әмзеев ағамыздың «Волгасымен» ауылға келіншек әкелдік, думандатып беташар той жасадық.  Ауылдағы құрдастарымның арасында  алғашқы  болып отау тіктім.  Бұл 1980 жылы КСРО тарихындағы Олимпиада ойындары өткен ерекше  жыл еді. 

Screenshot_5.jpg

  Бертінде ансамбльдің атауын Дәрібаевтар отбасылық  ансамблі деп атадық. Осы атаумен қаншама жылдан бері өнер жолында, қазақтың киелі сахнасында отбасыммен бірге ән шырқап ел құрметіне бөленіп келеміз.  Мұның барлығы әуелі Алла, одан кейін балаларымның анасы, небір қиын-қыстау кезеңдерде маған демеу болған жарым Әлияның  көмегі деп білемін.  Әлия екеуміздің кіршіксіз махабаттымыздың куәгері болсын  деп Исраил Сапарбаев ағамыздың сөзіне жазылған «Мен үшін жаралғаның анық екен» деген  танымал әнім де бар.  

Мұрағаттан, 30.01.2014 ж

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Психологиялық шабуылдардан қалай қорғануға болады?
  • Балаңыз тым ерке болса...
  • Балаңызға мектепте сыныптастары тиісе берсе не істеу керек?
  • Ибрагим Дәрібаев: «Жұмыс іздеп келіп жұбайыма айналды»
  • Ене «кене» ме, әлде келін «келсап» па?
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: