Тығыз араласып тұратын бір досым келіншегінің аман-есен босануын асыға күтіп жүр. Егер ұл туса оны Алтынбек деп атайтынын ата-анасымен келісіп те қойыпты. Осындай ойы барын әйелі жүкті тағы бір танысымнан таяуда естідім. Оның да таңдауы Алтынбек деген есім екен. Екеуінің де ішкі ниеттері, жүрек түкпірлеріндегі арман-тілектері—ортақ. Олар ұлдарының көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, сұңғыла саясаткер, ұлт мақтанышы, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы секілді болуға ұмтылғандарын қалайды. Алла жазса ертеңгі күні Алтынбек деген есімді еншілейтін сәбилер көбейгелі тұр. Өйткені алыстан асқақ көрінетін тау сияқты озбыр саясаттың емшісі --уақыт шіркін жылжыған сайын Алтекеңнің, Алтынбек Сәрсенбайұлының алып тұлғасы елдің көз алдында биіктеп барады.
Ал Ордабасы ауданы Бадам ауылының тұрғыны Оразбай дейтін құдамыздың немересі дәл президент сайлауының тұсында дүниеге келді. Жармахан Тұяқбайды ашық жақтап жүретін құдамыз немересіне Жармахан деп ат қойды. Бұл көлеңкесінен қорқатын биліктегілерге жақпай нәрестенің туу туралы куәлігін бірнеше күн бермей әбден әуре-сарсаңға салғаны әпербақандық қой.
Жалпы, атақ-даңқы дүркіреген адамның атын азан шақырып, өз баласына қоятын дәстүр ырымшыл қазақта баяғыдан-ақ бар. Жарық дүниенің есігін жаңа ашқан пәк періште сол тәу еткен тұлғаға тартса деп Тәңірден тілейді. Соңғы жылдары бұл жақсы дәстүр жаңаша жаңғырып, бақай есеп белең ала бастады. Беделді билікпен өлшейтіндер әлдилеріне әкім-қаралардың атын беруді әдетке айналдырып алды. Мәңгілік мадақталатын тұлғадан атқамінерлерді артық санайтындардың түпкі ойы орындалып та жүр. Кіндік қаны тамбай тұрып аты қып-қызыл саудаға түскен сәбидің ата-анасы қомақты сый-сыяпатқа кенеліп, тіпті баспанаға дейін берілуі осының айғағы. Бірақ әлдиіне аты қойылған әкімқаралардың арасында көп ұзамай-ақ былық-шылыққа белшесінен батқаны анықталғандар аз емес. Абройы айрандай төгіліп, қызметімен қош айтысып қана қоймай бірқатарының үстінен қылмыстық іс қозғалуда. “Жығылғанға жұдырық жұмсағанның” керін келтіріп, олардың кімдер екенін атап айтпасақ та жұрт жақсы біледі. Сонда әлгі сәбилер өскен соң бақай есеппен қойылған есімдерінің қыр-сырын сұраса, әке-шешелері жұрт білетін шындықты қалай жасырмақ?
Ақиқатына жүгінейікші. Балағынан бала саулаған қай қазақ өмірге бақай есеппен сәби әкеліп, қашан атын саудаға салған еді? “Бір қозы артық туса, бір топ жусан артық шығады” деген халық даналығын құрмет тұтқан, қастерлеген қазақ баласының несібесін пешенесіне жазылған тағдырына ғана сеніп тапсырумен шектелді емес пе? Қазір ше?.. Қайсыбір жылы біреудің әйелі үшем туатынын алдын ала медициналық тексеруден өткізу арқылы біліп, бюджеттің есебінен тегін үй алу үшін басындағы баспанасын тездетіп сатып жібергенін естігенбіз. Бұл ақпараттың рас-өтірігіне көз жеткізе алмай жағамызды ұстағанбыз. Бірақ бізге мәлім бір шындық, жаңағы әйел үшем туғаннан кейін әкімдіктегілер сирек кездесетін жағдайды ескерусіз қалдырмады. Оған екі бөлмелі пәтердің кілтін ұсынғанда алудан бас тартып, “ төрт бөлмелісін беріңдер” деп айқай-шу шығарғаны талайды таңдандырды. Әрине бірден өмірге үш сәби әкелу сирек кездесетін жағдай. Сола болай тұра үшем туғанын міндетсініп, тегін үй талап етуді әрбір әйел жасап жатқан жоқ. Шымкент қаласындағы перинаталдық орталықтағы статист-дәрігер Аманкүл Жетібайқызының мәліметіне сүйенсек, соңғы 3 жылда облыс бойынша 13 әйел үшем туыпты. Әкімдіктегілер бұлардың барлығын бірдей жаңа баспанамен жарылқап тастаса әбден жарасады. Мұндай қадамды қос қолды көтеріп, қуана қолдаймыз. Онсыз да байлығы асып-тасып жатқан шенеуніктер қызмет бабын пайдаланып, бюджеттің қаржысына салынған баспаналарды қос-қостан иеленгенше халықтың санын көбейтуге үлес қосқан алтын құрсақ аналарға жақсылық істеген әлдеқайда дұрыс. Біз тек баланы саудаға салуға, бақай есепке қарсымыз.
Жақында үшем туған Толқынай Қыдырбаеваға Шымкент қаласындағы “Нұрсәт” мөлтекауданынан облыс әкімі Нұрғали Әшімовтің араласуымен, кәсіпкер, “Батсу” ЖШС-нің бас директоры Гүлмира Әбішеваның қаржылай қолдауымен 3 бөлмелі пәтер берілді. Пәтердің жиһазы мен жасау-жабдығы қоса тарту етілді. Бас сауғалайтын баспанасы болмай адам төзгісіз азапты күндерді бастан кешірген ананың жанайқайын билік екі жылдан бері елемей келіп, енді құлақ асты. Бұған бұқаралық ақпарат құралдарының үшемнің біреуінің есімі Нұрсұлтан екенін жоғарғы жаққа жеткізгенінің тікелей септігі тиді. Сонда қалай? Сол баланың есімі Нұрсұлтан емес, Ерсұлтан болғанда қабырғасы жарылған қорада өксумен өмірлерін өткізер ме еді. Ойдың қарама-қайшылығын қарасаңызшы.Осыдан кейін баласының есімін биліктің бишігін ұстағандармен байланыстырғандарға қайтіп кінә тағарсың?
Ғалымжан Елшібай,
Оңтүстік Қазақстан облысы