Лентасы желтоқсанда қиылған мектепте әлі күнге сабақ өтпеген

IMG_8543.jpg

Басты міндеті – халыққа қызмет ету емес, басшылыққа жағып, көңілінен шығу деп ұғынатын шенеуніктердің азаймай тұрғанын Ордабасы ауданына қарасты Батыр ата ауылындағы мектептің тағдыры тағы да дәлелдеп берді. Жаңа жыл қарсаңында алаулатып-жалаулатып лентасы қиылған мектепте әлі күнге бала оқымайды. Ал құрылысын жүргізген жұмысшылар  жалақыларын ала алмай жүр.

Құрылысы бітпеген білім  ұяларының лентасын мерзімінен бұрын қию қажеттілік пе, науқаншылық па? Тасқын судың салдарынан қайта салынып жатқан мектеп желтоқсан айында-ақ  есігін айқара ашқанын аудандық білім саласының қызметкерлері мақтанышпен жеткізді. Алайда, онда әлі күнге дейін бірде-бір сабақ өткізілмепті. Себебі неде дейсіз ғой? Айта кетейік. 

Ілияс Есенберлин атындағы мектептің құрылысы  айтылған мерзімде аяқталды. Бұл облыс және аудан басшыларының батыраталықтарға жасаған жаңа жылдық тартуы болатын. Алайда жергілікті жұрттың қуанышы ұзаққа созылмады. Ата-аналар мұның бәрі көзбояушылық екенін енді аңғардық деп отыр.   

- Оқушылар әліге дейін көрші ауылға барып оқып жатыр. Кейде оларды тасымалдайтын көлігіміз болмай қалып, сабағынан қалып та кетеді. Ал, мектеп сол күйінде бітпей, аңғал-саңғал күйінде жатыр, - дейді Батыр ата ауылының тұрғыны Амантай Оңласбеков. 

Оқушылар үшінші тоқсанның сабағын  жаңа мектепте жалғастыруы тиіс еді. Бұл сол кездегі өңір басшысының талабы  болатын. Айтылды. Орындалды. Бірақ  балалар әлі күнге мұнда оқымайды. Науқаншылық қуғандар құрылыстың сапасын   ұмыт қалдырған. Қара суықта қабырғасы қаланып, қақаған қыста әктеп-сырланған мектептің өзге кемшілігін айтпағанда  материалдарының өзі сыр бере бастады. Қазірдің өзінде түкке де жарамсыз екені көрініп қалды. 

- Құрылыстың сапасыз басталғанын біз құрылыс жүріп жатқан кезде-ақ облыстық құрылыс басқармасына, қаржы полициясына хабарладық. 5-6 хатымыз да бар, - деп отыр Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Серік Жұманов.  

300 орындық мектептің жалпы құрылыс құны 408 миллион теңге. Мердігер  мекеме  «Жандос-құрылыс» серіктестігі. Оларға артылған міндет  - мектепті дер кезінде бітіру. Осындай ұранмен құрылысшылар  ақ қар, көк мұзға қарамастан күндіз-түні тынымсыз  еңбек етті. Әйткенмен,  жергілікті жерден тартылған жүзге тарта жұмысшы  желтоқсан мен қаңтар айының еңбек ақысын ала алмай сабылып жүр. Жалақы қарызынан наурызда құтыламыз деген басшылардың уәдесі орындалмақ емес. Жұмысшылар болса босқа сандалумен күндерін өткізіп жүр. 

Ашылмай жатып жарамсызданған мектептің тағдыры жөргекте жатып тұншыққан баламен тағдырлас секілді. Айырмасы - нәресте өлімі өз отбасын қайғыға ораса, мектеп «өлімі» бүкіл ауылдың көптен күткен қуанышын ұрлап отыр. Бұған ешқандай әрекетсіз қарап отырған шенді-шекпенділердің жайбарақаттығы таңқалдырады. Олардың көш басында аудан әкімі Сакен Қаныбеков тұр. Рас, орынбасарының айтуынша тиісті орындарға үшбу хат жолдаған екен. Алайда, аудан халқының тағдырына шынымен алаңдаса, неліктен қолға алған ісін соңына дейін жеткізбеген? Әлде халқының обалынан гөрі құзырлы органдардың қаһарынан көбірек қорықты ма? Егер шынымен осындай болса, өз басын көлегейлеген басшыдан халқы қандай пана күтпек? 

Мектептің лентасы қиылған сәтте аудан әкімі осы келеңсіздіктерді көзі шынымен көрмеді ме, әлде «көрдім деген көп сөз, көрмедім деген бір сөз» қағидасын ұстанды ма екен? Мүмкін қиылған лента сол сәтте көзіне оралып, көр соқырға айналдырған болар? Әншейінде «мектеп жетіспейді» деп жар құлағы жастыққа тимей жүретін облыстық білім басқармасының бастығы Балқия Көмекбаеваның үнсіздігіне жол болсын! Неге тиісті орындардың есігін тоздырып, «ұйқысынан оятпайды». Жоқ әлде облыстың бірінші ұстазы үшін есік тоздыру абыройсыз іс пе? Сапасыздыққа жол бергендердің тиісті жазасын алуына мұрындық болса, өз міндетін мінсіз атқарғаны бір бөлек, ауыл тұрғындарының алғысына бөленері сөзсіз еді. 

Арыстанның ақырғаны аң біткеннің алыбынан бастап інінде жатқан тышқанға дейін тітіркендіреді. Бүгінде қаржы полициясынан қызметтегі адамдар осылайша қорқатын болған. Мұратқали Хайруллин басшылық жасайтын облыстық экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен қарсы күрес басқармасының бұл білім ордасына келгенде әрекетсіздігі түсініксіз. Арнайы арыз түссе де. Аз ғана парамен ұсталғандардың өзін аяусыз жазаға тартып жүрген бұл орган мемлекеттің мол қаражатынан, дәлірегі 408 миллион теңгеден түкке тұрғысыз ғимарат тұрғызған мердігерсымақтардың мешкейлігіне неге тосқауыл қоймаған? Әлде бұл орган пара алып, пара бергендердің ісімен ғана шұғылданады ма? Сауал көп, жауап жоқ. Мүмкін бұл сауалға жоғарыда аты аталып, түсі түстелген лауазым иелері жауап беретін болар. 

Білім ошағының ақпан айында қаңтарылған құрылысына енді ғана «қан жүре» бастады. Алайда, жұмысшылардың айтуынша, басшылық  осы кезге дейін атқарылған жұмысты әрі қарай жалғастыруға басқа жақтан  адам тартуға көшіпті. Ал алашағы барлармен есеп айырысуға құлықсыз көрінеді. Мұнымен қоймай, мердігер компания, яғни «Жандос-құрылыс» ЖШС-ның директоры Талғат Дәрібаев құрылысқа байланысты тірлікте  ешбір ақау жоқ деп ақталып отыр. Жалақыдан да қарыздары жоқ екендіктерін алға тартады. Бірақ, оның сөзінде бір шикіліктің бары жұмысшылар жалақысы журналистік зерттеуден кейін ғана төлене бастағанынан сезіліп қалды.  

Иә, қалай десек те  науқаншылықпен асығыс салынып, бүгінде құрылысы сыр бере бастаған Оңтүстіктегі білім ошақтарының бұл алғашқысы емес. Соңғысы екеніне де сену қиын. 

Айзада Төребекқызы,

«Астана» телеарнасының меншікті тілшісі

Мүмкін сізді қызықтыратын тақырыптар:

  • Іздеу салынады!
  • Жұмыссыз жастардың жайы не болмақ?
  • Елімізде жоғары білімнің бағасы қанша?
  • Жетісайдағы оқиға: Жәбір көрген қыздардың әкесі теріс діни ағымды ұстанған
  • Биыл білім гранттары қалай тағайындалатыны белгілі болды
  • Пікір жазу( 0 Пікір)
       
    Тексеру код: