«Шымкенттің халқы 706 535-ке жетті! Алайда, жергілікті билік әлі де 145 мың халық санаққа ілікпей қалды деп отыр» (Рейтинг №9, 13.03.2009 жыл). Шымкент қаласындағы санаққа қатысты мәліметті мәлім еткен мақала газетімізде осындай тақырыппен шықты. Онда Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаевтың санақ кезінде орын алған олқылықтарға байланысты айтқандарын келтірген болатынбыз. Ал журналистермен өткізген баспасөз мәслихатында таратылған баспасөз-релизде қалада әлі де 145 мыңға жуық тұрғынның санаққа ілікпей қалғаны көрсетілгенін келтіргенбіз. Осыған орай Оңтүстік Қазақстан облыстық статистика департаменті бастығының орынбасары Ерназар Құлтаев мырза хабарласып, төмендегіні мәлім етті:
- Баспасөз беттерінде жазылғандай (дәлірегі баспасөз-релизінде көрсетілгендей. Рейтинг) науқан кезінде санақ жүргізілген үйлер саны 134 922 емес, 166 128 болды. Санақшылар бұл үйлердің барлығын да аралап шықты. Арман Жетпісбаевтың әрекетіне біз де түсінбедік. Баспасөз мәслихатында айтқандай, азаматтардан арыз-шағымдар наурыздың 2-інен бастап түсе бастапты. Егер шынымен санақтың сапалы жүргізілгенін қалаған басшы болса неліктен бұл жайында арада 9 күн өткеннен кейін көпшіліктің алдында хабарлап отыр. Неге арыз түскен алғашқы күні-ақ бізге хабардар етіп, бірлесіп жұмыс істемеске? Оның өзінде арызданушылар жайлы нақты мәліметті сол күні ала алмай, ертеңіне әрең қолға тиді. Содан кейін барып тексеруге мүмкіндік туды. Санақтың алдын-ала жасалған болжамы бойынша қала халқы 622 мыңға жуықтады. Ал қала әкімі айтып жүрген әлгі тіркелмей қалған адамдар «ауада ілініп» тұрғандар, яғни жоқ адамдар деген сөз. Баспасөз мәслихатында Жетпісбаев айтқандай, қала халқы көп болса бюджеттің артатыны рас. Бірақ, жоқ адамдарды қалай қатарға қосамыз. Бұл мүмкін емес. Бүкілхалықтық санақ ойыншық емес. Ертең мектепке баратын балалар, жұмыс істейтіндер, зейнеткерлер қатары жеке-жеке есептелетін болады. Сонда әлгі «ауадағы» адамдар міндетті түрде мектеппен қамтылмаған балалардың, жұмыссыздардың, зейнеткерлердің қатарын толықтырады. Міне, санақтан қате кетсе, алдымыздан осындай келеңсіздіктің кесе көлденеңдеп шығары сөзсіз. Аталған арыз-шағымдар жоғарғы жаққа жеткеннен кейін облысымызға Агенттік басшысының 1-орынбасары Ю.Шоқаманов мырза келіп, тексеру жүргізді. Тексеру қорытындысын облыс басшылығына хабардар етті. Сол себепті мұнша тұрғынның санаққа ілікпей қалуы мүмкін емес. Егер бірді-екілі адамдар қалып кеткен болса, жеке тұрғыда қосымша тізім ретінде өңдеу толық аяқталғанша қосылатын болады...
Жалпы Жетпісбаевтың жұмысына түсіну қиын. Қалалық әкімшілікте болған жиында таратылған баспасөз-релизін «қайдан шыққанын білмеймін» деп бірден басын алып қашты. Өзін ақтау арқылы жиналған соншама журналисті ақымақ көргісі келгені күлкілі көрінді. Сонда жалған мәлімет жазып, журналистерге тарату кімге керек болды? Әлде Жетпісбаев шынымен мұрын астында не болып жатқанынан мүлдем бейхабар ма? Мүмкін өз арасында арандатушылар бар шығар? Осы әрекеті арқылы Арман Шәріпбайұлы өзіне тікелей бағынышты ішкі саясат бөліміндегілердің немен айналысып жүргенін де білмейтінін байқатып алғандай. Әйтеуір түсініксіз тірліктер көп.