Мирас Төлебаев: Қазақстандағы ішкі туризм көлемі 84,4%-ға өсті

Oinet.kz 13-10-2026

Соңғы жеті жылда Қазақстанның ішкі туризмі келушілер саны бойынша 84,4%-ға өсті. Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаевтың айтуынша, 2019 жылы орналастыру орындарының қызметін 4,7 млн ішкі турист пайдаланса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 8,66 млн адамға жетті. 

Screenshot_1.png

Бұл қазақстандықтардың ел ішінде саяхаттауға деген қызығушылығы артып келе жатқанын көрсетеді.

Туристік саланың дамуы ел экономикасына да оң әсер етуде. 2019–2025 жылдары туризм саласына салынған инвестиция көлемі 502 млрд теңгеден 1,26 трлн теңгеге дейін өсті. Ал орналастыру орындары көрсеткен қызметтердің көлемі 121 млрд теңгеден 350,6 млрд теңгеге жетті. Сонымен қатар салада жұмыспен қамтылғандар саны 460 мыңнан 650 мың адамға дейін артты.

Соңғы жылдары Қазақстанда қонақүйлер мен демалыс орындарының саны көбейіп, халықаралық қонақүй желілері мен отандық брендтер нарықтағы орнын нығайтып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елде жалпы саны 4 687 орналастыру нысаны жұмыс істеп, олардың сыйымдылығы 243 мыңға жуық төсек-орынды құрады.

Туристер үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында көлік және туристік инфрақұрылым жаңартылуда. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Кендірлі, Катонқарағай және Зайсан туристік аймақтарында жаңа әуежайлар салынып жатыр. Бұдан бөлек, еліміздегі 124 теміржол вокзалын жаңғырту бағдарламасы жүзеге асырылуда. 2026 жылғы тамыздағы мәлімет бойынша, 72 нысандағы жұмыстар аяқталған.

Туристік бағыттарды дамытуға, кәсіпкерлерді қолдауға және қызмет көрсету сапасын арттыруға да басымдық берілген. Қазіргі уақытта Қазақстанда туристік бизнеске арналған мемлекеттік қолдаудың жеті шарасы қолданылады. Олар туристік нысандар салуға, жол бойындағы сервисті дамытуға және қажетті жабдықтарды сатып алуға жұмсалған шығындардың бір бөлігін өтеуді қамтиды.

Табиғи және мәдени орындарға қызығушылық та артып келеді. 2019 жылы ұлттық табиғи парктерге 1,38 млн адам барса, 2025 жылы келушілер саны 3,6 млн-ға жетті. Бұл туристік бағыттарды дамытумен қатар, табиғатты сақтау, қауіпсіздікті қамтамасыз ету және келушілерге қолайлы жағдай жасаудың маңызын арттырады.

Сонымен қатар Қазақстанда оқиғалық туризм де дамып келеді. Халықаралық концерттер, музыкалық фестивальдар, гастрономиялық мерекелер мен мәдени іс-шаралар шетелдік қонақтарды тартуға және өңірлердің туристік әлеуетін танытуға мүмкіндік береді.

Алдағы мақсат – 2029 жылға қарай орналастыру орындарының қызметтерін пайдаланатын ішкі туристер санын 11 млн адамға жеткізу. Ол үшін инфрақұрылымды жетілдіру, көлік қолжетімділігін арттыру, заманауи сервисті дамыту және білікті мамандар даярлау бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Туризмнің дамуы – жаңа жұмыс орындары, кәсіпкерлікке қосымша мүмкіндіктер және өңірлер экономикасына түсетін табыс. Ең бастысы, азаматтардың Қазақстан бойынша жайлы әрі қауіпсіз саяхаттап, отандық туристік бағыттарды қайта таңдауға деген қызығушылығын арттыру.

Обеспеченные казахстанцы добровольно отказываются от пособий
Предприниматель Руслан Шаекин заявил об отказе своей семьи от социальных выплат
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу