Бөдене кәсібі өрге сүйрейді

Шымкент тұрғыны Абзал Тұрлыбеков ерекше кәсіппен айналысады. Ол бүгінде сирек кездесетін бөдене шаруашылығын дамытып отыр.
«Үлкен кісілерден бөдененің жұмыртқасы пайдалы дегенді жиі еститінмін. Кәсіп ашуды ойлап жүргенімде осы бөдене асырауды, жұмыртқасын өндіруді неге қолға алмасқа деп кірісіп кеттім. Курсты аяқтап, бизнес жобамды қорғап, грантты ұтып алған соң, бөденелерге арналған торларды сатып алдым. Қазір 150-ден астам бөденем бар. Бөдене жұмыртқасының адам денсаулығына пайдасы көл-көсір. Мәселен сарыауру, астма, бронх демікпесі т.б. Бөдененің жұмыртқасы ғана емес, сонымен қатар еті де пайдалы. Ертеде ата-бабамыз көптенен ауруларға осы бөдененің етін қолданған», – деп бөлісті Абзал Тұрлыбеков.
Кәсіпкер бөденің жұмыртқасына сұраныс жақсы дейді. Бірқатар дүкен мен ресторандарға өткізетін көрінеді.
Ерекше бизнестің иесі өзі секілді жастарға, тұрғындарға кәсіп ашуға демеу болған мемлекеттік бағдарламадарға және бизнесті бастауға бағыт-бағдар берген мамандарға алғысын жеткізді. "Әркім қолынан келетін істі әрі қарай жетілдіріп, отбасын асырап, тіпті ел экономикасының дамуына септігін тигізіп жатса сол бақыт емес пе?" дейді Абзал.
Кәсіпкердің айтуынша, бөдене жұмыртқасы өзінің жоғары құнарлылығымен және адам денсаулығына пайдалы қасиеттерімен ерекшеленеді. Ол дәрумендерге бай, аллергия туғызбайды және балалар мен қарт адамдарға ұсынылады. Осы себепті бөдене өнімдері нарықта жоғары бағаланып, тұрақты сұранысқа ие. Бұл бизнестің тағы бір артықшылығы – бөденені күтіп-баптау көп кеңістікті талап етпейді. Шағын қорада немесе арнайы жабдықталған бөлмеде өсіруге болады. Бөдене тез жетіледі, жұмыртқалауы ерте басталады, бұл кәсіптің өзін-өзі тез ақтауына мүмкіндік береді. Бөдене бизнесінде тазалық пен күтім аса маңызды. Дұрыс азықтандыру, температура мен жарық режимін сақтау өнім сапасына тікелей әсер етеді. Сонымен қатар ветеринарлық талаптарды орындау кәсіптің тұрақты дамуына негіз болады. Бөдене бизнесі – еңбекті, ұқыптылықты және жауапкершілікті талап ететін, бірақ табысы жоғары кәсіп. Дұрыс ұйымдастырылған жағдайда бұл сала ауыл шаруашылығын дамытуға үлес қосып қана қоймай, кәсіпкерге тұрақты табыс әкеледі.


