Ұлттық нақыштағы ою-өрнекпен сәндейді

Қажетті бизнес-идеяны таңдау, бизнес-жоспар әзірлеу, салықтарды түсіну, сатуды жолға қою – мұның бәрі кәсіпті енді қолға алған кәсіпкерге қиын шаруа. Кәсіпкерлікке баулитын «Бастау Бизнес» жобасы бизнес бастауға көмектеседі. Аталмыш жоба кәсібін бастаушы азаматтар үшін бизнес жоспарын іске асыруына жасалып жатқан үлкен мүмкіндік.
Аталмыш жоба негізінде кәсібін бастағандардың бірі тігін шебері - Шынар Сарыбаева. Шымкенттік кәсіпкер қазақи нақыштағы құрақ көрпе-төсек, бесік жабдықтарын жасаумен айналысады.
- Өзіме ұнайтын іспен айналысып, қазақтың ұмыт болған ою-өрнектерін заманауи үлгідегі бұйымдар мен киімдерде нақыштап безендіруге тырасамын. Ең бастысы жұмысым тапсырыс берушілердің көңілінен шығады – дейді Шынар Пернебекқызы.
Шебер өзінің кәсібін дамыту мақсатында 3 айлық қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курсын оқып, куәлік алды. Кейін қайтарымсыз мемлекеттік грантқа құжат өткізген. Нәтижесінде тігін шебері өзінің бизнес жобасын сәтті қорғап, "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде грантқа қол жеткізді. Бүгінде қала тұрғыны өз тігін шеберханасын ашып, тапсырысқа заманауи үлгіде түрлі ою-өрнектелген қыз жасауларын, көрпе-төсек жабдықтарын және т.б. тұрмысқа қажетті заттарды жасауды қолға алған.
Кәсіпкердің айтуынша қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен өнері – ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан баға жетпес мұра. Соның ішінде киімдерді қазақы нақыштағы ою-өрнекпен безендіру – ұлттық дәстүрді сақтай отырып, заманауи кәсіп жасауға мүмкіндік беретін ерекше бағыт. Бұл сала рухани құндылық пен табысты еңбекті ұштастырады. Қазіргі таңда ұлттық стильге деген қызығушылық артып келеді. Тек мерекелік шараларда ғана емес, күнделікті киімде де қазақы ою-өрнекпен безендірілген бұйымдар сұранысқа ие. Камзол, көйлек, шапан, футболка, жейде сияқты түрлі киімдерге ұлттық өрнек қосу өнімді ерекше әрі тартымды етеді. Бұл кәсіптің басты артықшылығы – шығармашылық еркіндік. Шебер адам әр оюдың мағынасын түсініп, оны заманауи дизайнмен үйлестіре алады. «Қошқар мүйіз», «түйе табан», «сыңар өкше» секілді ою-өрнектерді дұрыс қолдану киімге ұлттық рух пен көркемдік береді. Мұндай еңбектің нәтижесінде сапалы әрі қайталанбас өнім пайда болады. Сонымен қатар бұл кәсіпті шағын шеберханадан немесе үй жағдайында бастауға болады. Әлеуметтік желілер арқылы өз өнімін таныстырып, онлайн тапсырыс қабылдау табысты арттырудың тиімді жолы. Туристер мен жастар арасында ұлттық нақыштағы киімдерге сұраныс жоғары болуы кәсіптің болашағы зор екенін көрсетеді. Қорытындылай келе, киімдерді қазақы ою-өрнекпен безендіру арқылы кәсіп жасау – ұлттық мәдениетті дәріптейтін әрі тұрақты табыс әкелетін еңбек. Дәстүрге деген құрмет, шығармашылық ізденіс және сапаға адалдық бұл салада үлкен жетістікке жеткізеді.


