Маңдай терінің жемісін көріп отыр

Үшінші мегаполисте кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында өз кәсібін ашқан тұрғындардың қатары көбеюде. Бұл өз кезегінде шаһардың шағын және орта бизнесінің өркендеуіне, кәсіпкерлік субъектілерінің көбеюіне септігін тигізуде.
Қайтарымсыз гранттың иегері атанып, өз кәсібін ашқан азаматтың бірі – шымкенттік Ақылбек Бейсенов. Ол өз бизнес-жобасын комиссияға ұсынып, оң нәтиже алған соң, бірнеше жыл бұрын 583 400 теңге көлемінде мемлекеттен өтеусіз қаржы алып – жиһаз цехін ашқан. Қазіргі таңда өз үйінің ауласында жиһаздың сан түрін жасап жатқан шеберге жүгінушілер көп. Ал өнімдер өз қаламызда дайындалатындықтан тұрғындарға қолжетімді бағада саудалануда. Жоқтан бар жасап, кәсіптің көзін тапып, отбасын асырап отырған азаматтың бұл ісі көпке үлгі.
«Үш жыл осы сала бойынша жалдамалы жұмысшы болып жұмыс істеп жүріп, жиһаз жасаудың қыр-сырын меңгере бастадым. Содан осындай жиһаз жасау цехын үйімнің жанына ашсам деген мақсат пайда болды. Содан мемлекеттің осындай қолдауы бар екенін естітіп, бизнес жоспарымды жасап, грант алуға өтініш бердім. Нәтижесінде грант ұтып алдым. Ол қаражатқа жиһаз жасауға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алдым. Цехты өз үйімнің жертөлесінен аштым. Қазіргі таңда жұмсақ жиһаздар жасаймын. Кейде тапсырысқа қарай ескі жиһаздарды өңдеп беремін. Болашақта кәсібімді кеңейтіп күрделі жиһаздардың түр-түрін жасап, қосымша жұмысшыларды алуды көздеп отырмын. Өз кәсібін бастай алмай жүрген жандарға қорықпаңыздар, еңбек етіңіздер және мемлекеттің қолдауын игі істерге пайдаланыңыздар дегім келеді»,- дейді кәсіпкер.
Кәсіпкердің айтуынша жиһаз деген әрбір отбасының күнделікті тұрмысында аса қажетті зат екендігі белгілі. Сондықтан бұл кәсіп тұрақты табыс көзі бола алады. Ең бастысы тұтынушының талабын түсініп, ыңғайлы әрі берік өнім ұсыну. Жиһаз жасаумен айналысатын адам тек шебер ғана емес, сонымен қатар дизайнер болуы тиіс. Әр үйдің өлшемі мен интерьері әртүрлі болғандықтан, тапсырыспен жасалатын жиһаз ерекше бағаланады. Өз ісін сүйіп істейтін шебер әр бөлшекке мән беріп, ұқыптылықпен жұмыс істейді. Мұндай еңбектің нәтижесі – клиенттің ризашылығы мен сенімі. Табысқа жетудің тағы бір маңызды шарты – заман талабына сай даму. Қазіргі таңда жаңа технологиялар, заманауи құрал-жабдықтар мен экологиялық таза материалдарды қолдану бәсекеге қабілеттілікті арттырады. Сонымен қатар әлеуметтік желілер мен интернет арқылы өз өнімін жарнамалау да табысты еселей түседі. Бұл сала маңдай тер мен шеберлікті қажет ететін, бірақ үлкен мүмкіндіктерге жол ашатын кәсіп. Еңбекқорлық, сапаға деген адалдық және үздіксіз ізденіс арқылы бұл салада тұрақты табысқа ғана емес, елге танымал шебер атануға да болады.


