«Өмір аллеясы» үміт пен тұрақтылықтың символы
Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күніне арналған науқан аясында үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ өкілдерінің қатысуымен Шымкент қаласы ЖИТС орталығында «АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге» ұранымен ауқымды іс-шара өтті.

Іс-шараны ашқан ЖИТС орталығының бас дәрігері Б.Сырбек АИТВ-ға қарсы күрестегі қиындықтардан – тиімді өзгерістерге қалай қол жеткізіліп жатқанына тоқталды. Басшы өз сөзінде: «Бүгінде антиретровирустық терапияға қолжетімділіктің артуы АИТВ-мен байланысты сырқаттанушылық пен өлім-жетімді азайтуға әкелді. Антиретровирустық терапияны қабылдау АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға толыққанды сау өмір сүруге және оның сапасын айтарлықтай жақсартуға ықпал етті. Қарастырылып жатқан шаралар жүкті әйелдерде АИТВ-ны дер кезінде анықтауға және көп жағдайда инфекцияның анадан балаға берілуіне жол бермеуге көмектесті. Шымкентте бүгінге дейін АИТВ індетін жұқтырған әйелдерден дені сау 620 сәби дүниеге келген. Сондай-ақ келешек жас ұрпақтардың саулықтарына бағытталған жастар арасында алдын алу шаралары мен жалпы ақпараттандыру жұмыстары күшейтілді» - деді.
Іс-шара барысында Шымкент қаласында АИТВ инфекциясының жағдайы туралы, 1-желтоқсан Дүниежүзілік ЖИТС-пен күрес күні науқан аясында атқарылған іс-шаралар, Жастар денсаулық орталығының мақсаттары мен жетістіктері туралы баяндалды. БАҚ өкілдеріне ЮНЭЙДС-тің терминологиясы бойынша АИТВ туралы әңгімелескенде қолданылатын нұсқаулығы түсіндірілді.
Аталмыш іс-шарада журналистер АИТВ жайында сұрақтардан тұратын тестен өтіп, өздерінің қаншалықты АИТВ инфекциясынан хабардар екенін көрсетті. Журналистер халықтың негізгі топтарын (секс жұмыскерлері, ерлермен жыныстық қатынасқа түсетін ерлер, инемен есірткі тұтынатындар) кемсітетін және қақтығыстарды алдын алуға арналған термин сөздермен таныстырылды.
Іс-шара «Өмір аллеясының» салтанатты ашылуымен жалғасын тапты.
Аллеяның мәрмәр тасының ашылу лентасын Қазақстанның құрметті журналисі, ардагер С. Жексенбаев пен ҮЕҰ «Ай-ана» қоғамдық бірлестігінің координаторы С. Ширяев кесіп, шақырылған қонақтар, серіктестер мен ЖИТС орталығының мамандары 7 қарағай ағашын отырғызды.
«Өмір аллеясының» ашылуы ЖИТС орталығының басшысының ұсынысымен және «Ай-ана» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен, Жаһандық Қордың қаржыландыруымен жүзеге асты.
Бас дәрігердің медициналық көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі орынбасары А.Ж. Медетова: «Біз отырғызған әрбір ағаш – жай ғана көгалдандыру емес. Әсіресе қарағай ағашы ерекше мәнге ие. Қарағай – төзімділіктің, ұзақ өмірдің, өмірдің жалғасуы мен жаңарудың символы. Қыста да жасыл күйінде қалатын бұл ағаш біздің аллеямызға үміт пен тұрақтылықтың мағынасын береді. Ол қиындықтарға қарамастан өмір жалғасатынын, адамның рухы мықты болатынын білдіреді» - деді.
Айта кетейік, Шымкент қаласының ЖИТС орталығында 94 пайыздық статустағы науқастарда вирустық супрессияға қол жеткізілді.


