Шымкент - аты затына сай қала
Шымкент жасыл қала, гүл қала. Бұл теңеу жәйдан-жай айтылмаған. Себебі үшінші мегаполис соңғы жылдары әлеуметтік- экономикалық тұрғысынан серпінді дамып келе жатқан шаһар ғана емес, сонымен қатар атын затына сай шымға көмкерліген мекенге айналып келеді.

Биылғы жылдың өзінде Шымкент қаласында көгалдандыру жұмыстары аясында барлығы 152 мың түп ағаш отырғызылған. Бұл туралы Шымкент қаласының қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының 11 айда атқарған жұмыстар мен жетістіктер және алдағы жоспарлар туралы баяндалған баспасөз брифингінде айтылды.
Ағымдағы жылы қала аумағын көгалдандыру және қолайлы қоғамдық кеңістіктерді қалыптастыру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде: жалпы ұзындығы 54 шақырымды құрайтын 25 көше бойынша 500 мың м2 аумаққа жаңа газон төселіп, заманауи автоматтандырылған суару жүйесі орнатылуда.
– Биыл 14 500-ден астам бұта отырғызылып, жасыл аймақтарды тұрақты суаруды қамтамасыз ету үшін 33 су ұңғымасы бұрғыланды. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында қосымша 18,4 мың шаршы метр аумақта көгалдандыру жұмыстары атқарылды. Көктемгі маусымда қала көшелеріне 1,6 миллион түп қызғалдақ, 58 нысанға 1,1 миллион гүл, ал парктер мен гүлзарларға 150 мыңнан астам біржылдық гүл отырғызылды. Бюджетті тиімді пайдалану мақсатында жылына 1,6 миллион түп гүл өндіретін жылыжай кешені әзірленіп жатыр, – дейді Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы басшысы Оңғар Әбілқайыр.
Басқарма басшысының айтуынша, Абай ауданында бұрынғы қоқыс полигоны аумағында жаңа «Экопарк» салу жұмыстары басталып кеткен. Жоба демеушілер есебінен жүзеге асуда. «Дани нан» компаниясы 5 мың түп ағаш отырғызуды қамтамасыз етсе, «BI GROUP» 9 су ұңғымасын бұрғылап, 13 гектар аумаққа автоматты суару жүйесін орнатуда. Сондай-ақ «DALA FRUIT» компаниясы 1 800 жеміс ағашын егіп, 8 гектар аумаққа тамшылатып суару жүйесін енгізіп жатыр.
2026 жылы қаламыздың экологиялық жағдайын жақсарту және тұрғындарға қолайлы, жасыл орта қалыптастыру мақсатында ауқымды көгалдандыру жұмыстары жүзеге асырылмақ.
Қала аумағында жалпы 86 субұрқақ бар, олардың 41-і қалалық басқарма теңгерімінде. 2024 жылы демеушілер есебінен 18 жаңа субұрқақ салынды, 93 сорғы жаңартылып, барлық субұрқақтар маусымдық тазалаудан өтті және қысқы консервациялау жұмыстары толық аяқталды.
Шымкент қаласы, Абай аумағы аумағына 2025 жылы ескі қоқыс полигоны орнына «Экопарк» салу мақсатында саябақ құрылысы жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары кезінде аталған саябақ аумағына бірқатар көгалдандыру жұмыстары жоспарланған.


