Жаңа заңнама көпқабатты үйлердегі басқару жүйесін жаңартты

Oinet.kz 01-12-2025 1

Қала тұрғындарының өмір сапасын арттыру, көппәтерлі тұрғын үйлердің қауіпсіз әрі жайлы болуын қамтамасыз ету – тұрғын үй-коммуналдық саладағы басты міндеттердің бірі. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында айтқан болатын. ТҮКШ саласын жаңғырту мақсатындағы нақты қадамдардың бірі саланы реттейтін заң жобасының күшіне енуі болды. Президент «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік және экспорттық-кредиттік агенттіктің қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға шілде айында қол қойған еді. 

image.png

Жаңа заңнамаға сәйкес көппәтерлі тұрғын үйді басқару субъектілері ретінде басқарушы компания  және пәтер иелерінің кооперативі негізінде жүзеге асады. Яғни тұрғындар ортақ үйін өздері басқарады. Шарт жасау жолдары мен жаңа жобадағы жеңілдіктерді  сала мамандары Шымқалада жан-жақты талқыланды.  

Енді қазақстандықтар көппәтерлі тұрғын үйдегі басқару түрін өздері таңдайды. Бұл ретте пәтер иелеріне екі түрлі нұсқа ұсынылады:

1. Мүлік иелері бірлестігі (МИБ) – бұл басқару түрінде бір үйдің тұрғындары ортақ мүлікті күтіп-ұстау мәселелерін шешу үшін белгілі бір адамды төраға етіп сайлайды;

2. Тікелей бірлесіп басқару – бұл жағдайда тұрғындар заңды тұлға сайламай-ақ, үйді басқаруға қатысты шешімдерді өздері қабылдауына болады.

Аталған екі тәсіл де қарапайым серіктестік принципіне ұқсас, бірақ оған қарасты пәтер санына шектеу қойылмайды. 

Мүлік иелерінің бірлестігіне біріккен немесе заңды тұлға құрмай тікелей бірлесіп басқару тәртібінде әрекет ететін үй-жайлардың меншік иелері басқару субъектісін таңдауда және ауыстыруда ерікті. Кондоминиум нысанын басқару субъектілері Қазақстан Республикасының «Кәсіби біліктіліктер туралы» Заңына сәйкес кәсіби біліктілігі танылған құжаты бар қызметкерлері болған жағдайда ғана басқару қызметтерін көрсетеді.

 «Бұрында басқару нысанының 3 формасы болды. Жай серіктестік, тікелей басқару және мүлік иесі бірлестігі. Оларда пәтер саны бойынша шектеу болды. Жаңа өзгерістер бойынша пәтер саны шектеулері алынып тасталынады. Енді тікелей бірлесіп басқару және мүлік иелері бірлестігі»,- дейді Тұрғынүй қатынастарын дамыту мен жаңғыртудың қазақстандық орталығы  АҚ өкілі Асқар Каменов.

Енді  пәтер иелерінің кооперативтері  жеке басқару құрылымы емес, бірнеше тұрғын үйді біріктіріп, ортақ техникалық мәселелерді шешуге негізделген шаруашылық ұйым ретінде жұмыс істейді. ПИК басқарушы компаниялар сияқты тек мердігер ұйым ретінде қызмет ете алады. Бұл ретте тұрғындар ПИК-пен немесе басқарушы компаниямен келісімшарт жасауы тиіс. 

Осылайша, тұрғындар үйді басқаратын компанияны немесе ПИК-ті өздері таңдайды, қажет болған жағдайда оны ауыстыруға құқылы. Мұндай шешім келісімшарт негізінде тұрғындардың жалпы жиналысы арқылы ғана қабылданады. 

Сонымен қатар жаңа заңға сәйкес, бүгінде жұмыс істеп тұрған ПИК пен тұтыну кооперативтері міндетті түрде қайта тіркеуден өтуі тиіс. Егер бұл талап орындалмаса, тұрғын үй инспекциясы оларды сот арқылы мәжбүрлі түрде тарата алады.

Жаңа жобаның тұрғындарға тиімді тұстары көп. Көпқабатты үйді жөндеуге мемлекеттен пайызсыз қаржы алуға болады. Одан бөлек қосымша кіріс көзін реттеп үй қажетіне жұмсауға мүмкіндік бар.

«Мысалы үшін сіздің ортақ мүлкіңізге жататын мүлкіңізді жарнамаға беруге болады. Одан түскен табысты үйдің қажеттілігіне жұмсай аласыз. Сонымен қатар жаңғырту бағдарламаларына қатыса аласыздар»,- дейді қалалық орта сапасы және бақылау басқармасының бөлім басшысы Элмира Хуршидова.

Басқару субъектілері өз қызметін мүлік иелерінің бірлестігімен жасалған шарттың немесе тікелей бірлесіп басқару жағдайында жиналыс хаттамасының негізінде жүзеге асырады. Басқару субъектілері қызметін бастағаны немесе тоқтатқандығы туралы ақпаратты үш жұмыс күні ішінде тұрғын үй инспекциясына жіберуге міндетті, бұл ретте нақты кондоминиум нысанын көрсету қажет.

Заңға енгізілген түзетулерге сәйкес, тұрғын үйді күтіп ұстауға арналған жарнаның үш түрі белгіленді:

1. Тұрғын үйді күтіп-ұстау төлемі – үйдің ауласын тазалау, кішігірім жөндеу жұмыстары, жарықтандыру, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқа да ортақ күнделікті шығындарға жұмсалады. Төлем мөлшері пәтердің немесе белгілі бір нысанның ауданына қарай есептеледі. Ең төменгі тарифтің нақты мөлшері АЕК-пен өлшенеді. Ал автотұрақ пен қойма сияқты нысандардың ақысы бөлек әдіс бойынша есептеледі.

2. Жинақ төлемі – күрделі жөндеуге арналған. Төлемнің ең төменгі мөлшері заңмен белгіленген. Ол – 1 шаршы метрге 0,005 АЕК. Бұл қаражат тек тұрғындар жиналысының шешімімен және тек күрделі жөндеу жұмыстарына ғана жұмсалады.

3. Мақсатты төлем – тұрғындар жиналысының шешімімен қосымша қажеттіліктер үшін жиналады.

Осылайша, еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жүйесін кешенді түрде жаңғырту бойынша нақты қадамдар жасалып жатыр. Азаматтар тарапынан жиі сынға ұшырайтын бұл салаға Президент өзі ерекше мән беріп, жүйедегі кемшіліктерді реттеуге бағытталған заң жобасы күшіне енді. 

Бұл өзгерістердің басты мақсаты – тұрғындармен ашық жұмыс істеу, қаржының тиімді жұмсалуын бақылау және ортақ меншікті сақтауда жауапкершілікті арттыру.

Көппәтерлі тұрғын үйді басқарудың жаңа форматы – тұрғындардың өз үйлеріне деген көзқарасын өзгертіп, ортақ мүлікті тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыратын маңызды қадам. Басқарушы компаниялар мен пәтер иелерінің кооперативтері арқылы басқарудың екі моделі тұрғындарға таңдау мүмкіндігін ұсынып, әр үйдің қажеттілігіне қарай тиімді жолды таңдауға мүмкіндік береді.

Жаңа заңнама ортақ үйді басқару жүйесін айқын, ашық және тұрғындар үшін қолайлы етуді мақсат етеді.

100-ден аса кәсіпкер меморандумға қол қойды
Өндіріс орындары экологиялық талаптарға сай жұмыс істеуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу