100-ден аса кәсіпкер меморандумға қол қойды
Қала мен өңір тұрғындарының өмір сапасын арттыруда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру – маңызды әлеуметтік-экономикалық міндеттердің бірі. Азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігі мен бағасының тұрақтылығы тұрғындардың күнделікті өмірінде тікелей әсер ететін фактор болып табылады. Осы бағытта жүргізілетін шаралар халықты әлеуметтік қорғаудың тиімді тетігі болып саналады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне нан, сүт өнімдері, жұмыртқа, күріш, ұн, қарақұмық сияқты негізгі тауарлар кіреді. Бағаның тұрақтылығы бұл өнімдерге деген сұраныстың өзгеруіне қарамастан, оларды әрбір отбасы үшін қолжетімді етуге мүмкіндік береді.
Баға мониторингі – нарықтағы азық-түлік өнімдерінің құнын тұрақты бақылау процесі. Бұл жүйе арқылы нарықтағы бағаның өсуі немесе төмендеуі уақтылы анықталып, қажетті шаралар қабылданады. Мониторингтің негізгі артықшылықтары: әлеуметтік осал топтар үшін азық-түліктің қолжетімділігін сақтау; негізсіз баға өсімінің алдын алу; нарықтағы құбылмалылықты азайту және тұтынушылардың сенімін арттыру. Баға тұрақтылығы мен мониторинг жүйесі тұрғындардың күнделікті бюджетін жоспарлауға мүмкіндік береді. Әсіресе көпбалалы отбасылар, зейнеткерлер және әлеуметтік осал топтар үшін бұл жүйе аса маңызды. Сонымен қатар нарықтағы ашықтық пен баға бақылауы кәсіпкерлер үшін де тиімді: олар тұтынушыларға сенімді қызмет көрсету арқылы өз бизнестерін тұрақтандыра алады.
Еліміздің үшінші мегаполисі Шымкентте те азық-түлік бағасы мамандардың тұрақты бақылауында. Жақында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін 100-ден аса кәсіпкер меморандумға қол қойды. Келісімдер әкімдік пен ірі сауда желілері, базарлар және негізгі азық-түлік өндірушілері арасында түзілді. Осылайша қала билігі бағаның негізсіз өсуіне тосқауыл қоймақ.
Қол қойылған құжаттар негізінде әкімдік кәсіпкерлермен бірге баға мониторингін күшейтеді. Делдалдық тізбектерді қысқарту және нарықтағы ауытқуларды дер кезінде бақылау арқылы әлеуметтік тауарлар бекітілген бағамен ұсынылады.
«Былтырғы тек шектеулі 19 әлеуметтік тауарларға ғана бағаны өсірмеу жұмыстары жүргізілген болса, биыл тізімін ұлғайтып 56 тауарға жеткіздік. Алдағы уақытта халық жиі тұтынатын басқа да тауарларды қосатын боламыз. Солардың барлығына шекті бағасын қоймасақ та, бірақ негізсіз өсуіне тежеу қойып отырмыз»,- дейді Шымкент қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Талғат Мекамбаев.
Келісім аясында кәсіпкерлерге бағаны ұстап тұруға жағдай жасалады. Субсидия шығынды азайтып, әлеуметтік тауарлардың тұрақты жеткізілуіне мүмкіндік береді.
«Әкімдіктің ұсынған меморандумын, бағаларын қолдаймыз. Қазіргі таңда бағаны негізсіз көтеруге біз де қарсымыз. Мемлекеттік қолдаулар мен субсидиялар арқылы қолдау алып жатқаннан кейін бұл кері әсерін тигізбейді»,- дейді кәсіпкер Азамат Қошымов.
Меморандумға 100-ден астам кәсіпкер қатысты. Биылғы тізімге әлеуметтік тауарлардан бөлек қосымша өнімдер де енгізіліп, саны 56-ға жеткен. Бақылау шаралары нәтижесінде өнімдер қолжетімді әрі бағасы тұрақты болады деп күтілуде.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру және баға мониторингі – экономикалық тұрақтылық пен халықтың әл-ауқатын қамтамасыз етудің тиімді құралы. Мемлекеттік органдар мен жергілікті әкімдіктердің бірлескен жұмысы нәтижесінде негізгі азық-түлік өнімдері әрқашан қолжетімді болып, тұрғындардың әлеуметтік қауіпсіздігі күшейеді. Баға тұрақтылығы – қоғамдағы әлеуметтік әділеттіліктің, халықтың тұрмыстық тұрақтылығы мен сенімділіктің айнасы болып саналады.


